Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:10

Назарбаевтың жиені адамдарды рухани оятып, психологиялық дәріс оқыды

Әлиев
Фото: из открытых источников

Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Нұрәлі Әлиев Швейцарияның Давос қаласында өткен психикалық денсаулыққа арналған халықаралық іс-шараға қатысты.

Ол Дүниежүзілік экономикалық форуммен қатар ұйымдастырылған психикалық саулық күнінде спикер ретінде сөз сөйледі.

Нұрәлі Әлиев рухани тәжірибелерді, ғылыми зерттеулер мен заманауи технологияларды біріктіруге бағытталған «Ақыл-ойды емдеу» панеліне қатысты.

Панельге Яванава тайпасының көшбасшысы Бираси Никсиваке, будда ұстазы Друпон Церинг Ринпоче және Колумбия университетінің профессоры Лиза Миллер қатысып, модераторлықты The Founder Spirit подкастының жүргізушісі Дженнифер Ву атқарды.

Әлиев сондай-ақ психикалық денсаулыққа арналған өзге де сессиялар мен сарапшылар кездесулеріне қатысып, «Жарық ұшқыны» атты рухани тәжібе мен технологияны біріктіретін жобасын таныстырды.

Айта кетейік, жақында Алматы облысындағы Үшқоңыр платосында орналасқан, ел ішінде «Назарбаевтың сарайы» атанып кеткен сән-салтанатты резиденциясы осы Әлиевке өткендігі белгілі болды. 

Резиденция 2014 жылы салынған, ал 2016 жылы ресми түрде тіркелген. Сол кезеңде оған асфальт жол тартылып, газ бен электр желісі жеткізілген. Алғашқы жылдары нысан Қайрат Сатыбалдыға жазылған. Кейін, 2022 жылы, Сатыбалды қамауда отырған тұста бұл мүлік ағасына – Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев қарайтын қорға сыйға тартылған.

2023 жылдың сәуірінде резиденция «Елбасы» қорының меншігіне өтті. Бұл кезеңде Сатыбалдыға қатысты бірнеше қылмыстық іс тергеліп жатқан болатын. Дегенмен, антикоррупциялық органдар сол кезде мүліктің берілу заңдылығына қатысты нақты жауап берген жоқ. Кейінірек сарай Назарбаевқа жақын өзге де қорлардың балансына көшкен.

Жиен иелігіндегі компания

2024-2025 жылдары меншік құрылымы тағы өзгеріп, резиденция Нұрәлі Әлиев бақылауындағы Service Engineering Group-тың атына рәсімделді. Бұған дейін компанияның құрылтайшылары қатарында офшорлық және холдингтік құрылымдар болған. Олардың ішінде Нидерландта тіркелген Greatex Capital Holding B.V. де аталады. Forbes Kazakhstan дерегінше, Нұрәлі Әлиев Қазақстандағы активтерін дәл осы холдингтер арқылы басқарып келген.

Нұрәлі Әлиев – Дариха Назарбаеваның ұлы, марқұм Рахат Әлиевтің баласы. Ол әр жылдары «Транстелеком» мен «Нұрбанк» басшылығында қызмет атқарды, сондай-ақ Астана қаласы әкімінің орынбасары болған. 2025 жылы Forbes рейтингі бойынша оның байлығы 289 млн доллар деп бағаланып, елдегі ең ауқатты адамдардың алғашқы қырықтығына енген.