Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:02, 14 Ақпан 2025

Назарбаевтың жиені "Транстелекомды" сатқанға дейін бірнеше млрд дивиденд алған

Нұрәлі Әлиев
Нұрәлі Әлиев. Фото: ашық дереккөз

Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Нұрәлі Әлиев "Транстелеком" АҚ акционерлері мен директорлар кеңесінен кетер алдында қомақты дивидендтер алған.

 Бұл туралы Оrda сайты жазды.

Дариға Назарбаеваның ұлы Нұрәлі Әлиев 12 ақпанда "Транстелекомдағы" үлесін сататынын хабарлады. Сол күні компания 2023 жылға акциялар бойынша дивидендтер төлеу туралы шешім қабылдағанын жариялады. Бұған Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтында жарияланған құжат дәлел.

Дивидендтер 31 қаңтарда төленді, олардың жалпы сомасы алты миллиард теңгені құрады. Іс жүзінде компанияның акцияларына иелік еткен инвесторлар 27 қаңтардағы жағдай бойынша шамамен 4,5 млрд теңге (бір жай акцияға 1 064,19 теңгеден) алған болса, қалғаны кейінірек төленетін болады. Ол кезде Нұрәлі Әлиев Дмитрий Покупателевпен бірге "Юнит Телеком" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы «Транстелеком» компаниясының 75 пайыз акциясына иелік еткен.

Назарбаевтың жиені компаниядағы үлесін алдағы уақытта сататынын жариялағаннан кейін оның орнына директорлар кеңесінің төрағасы қызметіне Дмитрий Покупателев келді. Компанияның топ-менеджментінде де өзгерістер болды. Директорлар кеңесінің қалған екі мүшесінің орнына Jusan Mobile компаниясының үш өкілі тағайындалды.

Jusan Mobile компаниясын Jusan Bank-тің қазіргі иесі Ғалымжан Есенов JV Holding Ltd холдингі арқылы басқарады. Қазақстанның ең бай бизнесмені Вячеслав Ким "Жусан банкін" сатып алу ниетін растағанын ескерсек, Есенов мырза бұл активтің орнына Нұрәлі Әлиевтің "Транстелекомдағы" үлесін сатып алуды жоспарлап отыр деген болжам бар.