Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 09:00

Назаровтарға нан – арзан, ет – су тегін

Назаров
Фото: коллаж kursiv.media

Өткен аптадан бері Қазақстан халқы депутат Ардақ Назаровтың сөзіне қайран қалып жүр. Мәжіліс кулуарында журналистердің сұрағына жауап берген ол өзінің отбасы ай сайын азық-түлікке қанша қаражат жұмсайтынын айтқан. Оның сөзінше, ет ауылдан келеді. «Жақсылап азық-түлік алатын болсақ, ай сайын 30-40-50 мың теңге жұмсаймыз» дейді депутат.

Сол-ақ екен, қарапайым халықтың біразы мұндай қаражат дүкенге бір мәрте кіріп шыққаннан артылмайтынын, 50 мың теңгенің бір айға мүлдем жетпейтінін, депутаттың сөзі қазіргі экономикалық жағдайға қайшы екенін айтып жарысты. Тіпті әлеуметтік желі арқылы депутаттың қандай «диета» ұстайтынын сұрағандар да болды. Бұл ретте «Жас Алашқа» хабарласып күйінгендер де, оның сөзіне күлгендер де болды.

Депутат Ардақ Назаровтан кейін Ұлттық банк төрағасының орынбасары, бұрынғы қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұловтың сөзі елді тіптен таңғалдырды. Елдегі азық-түлік бағасын бақылауда ұстап, инфляцияны тізгіндеп отыруға бірден-бір міндетті Ұлттық банк өкілі Шолпанқұлов мырза Қазақстандағы азық-түлік бағасының қанша тұратынын білмейтін болып шықты. Ол өзінің дүкенге бармайтынын, сондықтан елдегі азық-түлік бағасын білмейтінін, азық-түлік алумен әйелі айналысатынын, оны сатып алуға қанша ақша кететінін білмейтінін айтып, ағынан жарылды.

Сөйтіп бірі парламентте, енді бірі Ұлттық банкте отырып халықтың жайын толғап, экономикалық жағдайымызды, ақша-несие саясатын, инфляцияны, жалпы ахуалды саралап, үкіметке жеткізіп отыруы тиіс екі өкіл іштегі шемен боп қалған біраз шерді қозғап кетті.

Еске салсақ, қайбір жылы Атырау облысының әкімі болған Махамбет Досмұхамбетовтен азық-түлікке қанша ақша жұмсайтыны жөнінде сұрағанда «үйден тамақ ішпеймін» деп шалқамыздан түсірген. Оның ізінше сол кезде Ұлттық экономика министрі болған Әсет Ерғалиев те отбасымен айына тамаққа 50 мың теңге ғана жұмсайтынын айтып, «үнемшіл экономист» атанған. Министр болған тұсында Ерғалиев баға тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде өсіп жатқанын, әлемдік инфляция 33 пайызға жетсе, бұл меже Қазақстанда 8,5 пайыз екенін айтып, ақтала беретін. 2021 жылы экс-министрдің бұл сөзін естіген қазақстандықтардың біразы «министрлер 50 мың теңгені тамаққа жеткізе алатын үнемшіл болса, онда 2 млн теңге айлық алмасын, олардың жалақысын, мемлекеттік шығындарын қысқарту керек» деген де бастама көтерген. Содан бері төрт жыл өтті. Ең қызығы, ол кезде 8,5 пайыз болған инфляция қазір 10,7 пайыз болып тұр. Азық-түліктің қатты қымбаттап кеткенін, тапқан табысының тамақ алудан артылмайтынын айтып жүргендердің қарасы көп.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қазақстандықтардың азық-түлік шығыны өсіп жатыр. Әсіресе 2024 жылы маусым-қыркүйек айларында қазақстандық отбасының азық-түлік өнімдеріне жұмсайтын орташа шығыны 493,6 мың теңгеге жақындаған. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,6 пайызға көп. Ал жалпы тұтыну шығындарының құрылымында азық-түлік себетіне жұмсалған шығыстардың үлесі өте үлкен. Ол деңгей 54 пайыздан астам. Тіпті кейбір аймақтарда тамақ шығыстарының үлесі 63 пайызға жеткен. Нақтырақ айтқанда, Алматы (63,1 пайыз), Түркістан (62,3 пайыз) және Жетісу (61,8 пайыз) облыстарында халық тек азық-түлік үшін жұмыс істеген. Жалақысы жоғары, экономикасы дамыған өңірлер – Атырау (60,5 пайыз) және Маңғыстау (57,8 пайыз ) облыстарында да жағдай мәз емес. Ең төменгі көрсеткіштер Астана қаласында (47 пайыз), Солтүстік Қазақстан (47,3 пайыз) және Қарағанды ​​(48,2 пайыз) облыстарында байқалады. Міне, статистика бюросының есебінше, халық тапқан табысының жартысынан көбін азық-түлікке жұмсайды.

Назаровтың себетіндегі ауылдан келген ет

Ардақ Назаровтың сол мәлімдемесінен кейін «Жас Алаштың» тұрақты оқырманы, зейнеткер Сандуғаш Слямханова редакциямызға хабарласты. 67 жастағы ол өзінің 43 жыл ұстаз болып жұмыс істегендегі зейнетақысы 250 мың теңге екенін, соның өзі не дәрісіне, не азық-түлігіне жетпейтінін айтады:

«Газеттеріңізді үнемі оқып тұрамын. Сол арқылы ойымды айтқым келеді. Депутат Ардақ Назаровтың ай сайын азық-түлікке 30–40 мың теңге жұмсаймыз дегенін естіп таңғалдым. Ол мүмкін емес қой. Мен өзім 250 мың теңге аламын. Жалғыз өзім бір бөлмелі үйде тұрамын. Ұлым қайтыс болған. Енді сол 250 мың теңгені не дәріме, не коммуналдық төлемге жеткізе алмаймын. Бірінші барып азық-түлік аламын. Одан кейін дәріме қаншама қаражат кетеді. Киім-кешек дегенді тіпті алмаймын. І типтегі қант диабеті бар, қан қысымым жоғары, оған алатын дәрім бар. Жүйке-жүйесіне алатын дәрілер бар. Зейнетақымды алғанша қарызға кіріп кетемін. Қазір Алмалы ауданындағы Тұрғын үй коммуналдық мекемесіне 86 мың теңге қарызым бар. Сонда мен жалғыз өзім отырып 250 мың теңгені тамаққа жеткізе алмай отырмын. Той-томалаққа бармаймын, саяхатқа шықпаймын. Ет, балық дегенді алмаймын. Соның өзінде қаражаттан тарығып отырамын. Ардақ Назаров қалай 40 мың теңгені азық-түлікке жеткізеді?! Осыны ұқпай далмын».

Оқырманымыздың сәлемін депутатқа жеткізгіміз келіп, депутаттың өзіне де хабарластық. Бір жағы айтқан сөзін тағы бір нақтылағымыз келген. Бірақ депутатқа қанша мәрте қоңырау шалсақ та, телефонын алмады. Шамасы, осы сөзінен кейін-ақ мазалап жатқандар көп болса керек. Мүмкін, бір айға азық-түлікке шынымен нақты қанша кететінін есептеп жатқан да болар. Бәлкім, елге ақыл айтпаса жүре алмайтын депутат азық-түлікке қалай аз ақша жұмсауға болады деген тақырыпта зерттеу жасап жатқан болар.

Ал «Барометр» талдау орталығының маманы, әлеуметтанушы Меруерт Молдабаеваның сөзіне сүйенсек, депутаттар мен министрлер тұтыну себетінің 1997 жылдан бері жеті есеге өскенін айтады. Алайда Қазақстандағы тұтыну себеті халықты жарылқайтын деңгейде емес.

«Тұтыну себетіне адамға ең қажетті тауарлар мен қызметтер жиынтығы кіреді. Оның тізімінде күнделікті ішіп-жем, дәрі-дәрмек, коммуналдық қызмет құны, көлік және басқа да қыз­мет ақысы есептеледі. Біздегі бұл тұты­ну себеті ең төменгі күнкөріс деңгейімен шамалас. Ең төменгі күнкөрістің деңгейі тапқан табысына байланысты әр өңірде әртүрлі түзіледі. Мәселен, Маңғыстауда 49 400 теңге болса, Алматыда 51 700 теңге деген сияқты. Солай әр қаланың табыс табу деңгейіне байланысты есептеледі. Енді қараңыз, тұтыну себетіндегі азық-түлік тізіміне үңілсек, 35 пайызы ет және балық екенін байқаймыз. Бізде жан басына шаққанда жылына 15 келі сиыр еті есептеледі. Сосын жылына жан басына 20 кг сәбіз, 5 кг қияр, картоп, сүт және сүт өнімдері, жұмыртқа, ас тұзы, жеміс-жидек, т.б. азық-түліктер бар. Олардың әрқайсысын есептесек, әр адамға тәуліктік азық тұтыну нормасы 1 200 килокалорий шығады. Шындығында бұл аз. Қазақстанның азық-түлік себеті мен ең төменгі күнкөріс дең­гейі бойынша көрсеткіші сын кө­термейді. Азаматтарымыздың елеулі бөлігі кедейшілік жағдайда өмір сүріп жатыр. Советтік заманда тұтыну себетіне 239 тауар мен қызмет түрі кіріпті. Мысалы, ол кезде бір адамға күніне 1 литр сүттен есептелген. Ол кездегі стан­дарт­та бір адам күніне жейтін жеміс 300 грамнан кем болмауы тиіс болса, қазір 80 грамм мөлшерінде. Қазіргі өлшеммен қарасақ та Қазақстанның азық-түлік себеті Ресейден екі есе жұпыны. Ресейде тұтыну себетіне тауар мен қызмет түрінің 156 түрі енеді. АҚШ-та 300 тауар мен қызмет түрі құралса, Германияда 475. Өзім білім алған Эстонияның себетіне балабақшадан бастап, қарттар үйіндегі күтім де кіреді. Француздарда сән салонының қызметі, гигиеналық заттар, пәтерақы, мобильді байланысқа дейін, тіпті аққайнарға дейін енеді.

Қазақстанның тұтыну себеті 43 түрлі тізімді құрайды. Азық-түлік, коммуналдық төлем, дәрі-дәрмек. Азық-түліктен ет, балық, ұн, астық дақылдары, көкөніс, жеміс, сүт және сүт өнімдері, жұмыртқа, ас тұзы, ашытқы, шай. Міне, біздің себеттегі бар азық-түлік өнімдері – осы. Себет бойынша біздің азаматтар жылына 3 келі ғана шұжық жеу керек, 3,3 келі жылқы етін тұтынса жетеді. 5 келі құс еті, 15 келі сиыр еті. Ет өнімдерін жылына осынша тұтынсаңыз жеткілікті деп есептейді. Маман ретінде айтарым, мұндай себет ұлт денсаулығын төмендетеді. Депутат Ардақ Назаров 30–40 мың теңгені азық-түлікке жеткіземін дегенше, мәжілісте неге тұтыну себетіндегі тізімді арттырайық, тым құрығанда 100-ге жеткізейік деген бастама көтермейді?!» – дейді әлеуметтанушы Меруерт Молдабаева.

Жасырын аштық пен қамсыздық

С.Ас­­фен­­дияров атындағы ҚазҰМУ нут­рициология мамандығын тәмамдаған нутрициолог маман Қарлығаш Атееваның пікіріне сүйенсек те, елімізде халықтың денсаулығын жақсартуға байланысты жұмыстар жүргізіліп жатқанымен, тамақтану рационы мен азық-түлік бағасы реттелмей отыр.

«Қазір адамдарда «жасырын аш­тық» деп сипатталатын үрдіс жүріп жатыр. Азаматтарда темір тапшылығы ане­миясы, йод тапшылығы, зоб аурулары жиі кездеседі. Бұл «жасырын аштықтың» белгісі. Өйткені қазір жұрттың көбі тамақтан үнемдейді. Дұрыс тамақтанбайды. Мысалы, былтыр Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының ескертуінен кейін әлем­нің біраз елдері қант тұты­нуға шектеу енгізді. Мексика қант қосылған алко­голь­сіз сусын­дарға салықты көбейтті. Қант салығын Италия мен Поль­ша да енгізді. Біздің денсаулық сақтау министрлігі, Ұлттық банк, қаржы министрлігі мен депутаттар осы мәселені қаузап, халықтың дұрыс тамақтануын, елде азық-түлік бағасының шектен тыс қымбаттамауын, зиянды өнімдердің елге келмеуін қарастырудың орнына мәселені жылы жауып қоя салады. 2008 жылдары шенеуніктер нанның бағасы қымбаттаған сәтте «нан жемейміз, оның бағасын білмейміз» деп шығушы еді. Қазір енді азық-түліктің бағасын білмейміз деп шығатын болыпты. Саланы басқарып отырғандар мен елдегі баға саясатын бақылап отырғандар нарықтық бағаны білмесе, онда қымбатшылық қалай төмендейді?! Әркім өз саласын дұрыс басқаруға, зерттеуге, мәселені шешуге барынша тырысуы керек емес пе?» – дейді нутрициолог.

Жалпы, қазір елдегі қымбатшылықты шенеуніктер қанша жасырып-жапқанмен, ол көзге көрініп тұр. Алайда бізде соны қысқа мерзімде шешудің орнына халықтың алдына шығып алып түрлі мәлімдемелер жасап, бағдарламалар, жобалар құрылады. Барлығы жоспарланып, жасалып жатқанымен нақ осы тұтыну себеті, елді дұрыс тамақтандыру, азық-түлік қымбатшылығы шешілмесе ол жобалардың да нәтижесі оң бола қоюы екіталай. Өйткені халқы дұрыс тамақтанбаған елде адам капиталы өспейді. Ал ол капитал өспесе, мемлекеттің бірінші құндылығы адам дамымаса, мемлекет қайдан дамиды?! Мұны есепке алмастан депутаттар мен Ұлттық банк өкілдері теңге құнсызданса да, инфляция шарықтаса да, экономика әлсіресе де, барлығын қалыпты жағдай етіп көрсеткісі келеді.

«Мына адамдар неге өліп жатыр?» деп сұрапты ханның қызы. «Нан жоқ, аштан өліп жатыр» деп жауап беріпті қызметшісі. «Нан жоқ болса неге бауырсақ жемейді?» депті ханның қызы.

...Назаровтың азық-түлік туралы сөзі осы бір тәлпіш қыз мысалын еске түсіре берді.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Тегтер: