Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:23

NCOC-ке тағылған айып негізсіз деп танылды: Қазақстан сотта жеңілді

Қашаған
Фото: БАҚ

Қазақстан Қашаған кен орнын игеріп жатқан шетелдік мұнай компанияларымен сот дауын Астана апелляциялық сотында ұтылды.

Сот шешімі бойынша Қазақстан тарапынан қойылған 4,2 млрд доллар көлеміндегі экологиялық айыппұл күшін жойды.

Бұған дейін Қазақстан билігі кен орнын игеруші NCOC консорциумын шамамен 2,3 трлн теңгеге (2022 жылдың соңындағы бағаммен $5,1 млрд, қазіргі бағаммен $4,2 млрд) айыппұл салмақ болған. Айып экологиялық заңбұзушылықтармен, атап айтқанда күкіртті сақтау және өңдеу жұмыстарының ережелерге сай келмеуімен байланысты деп көрсетілген еді.

Алайда апелляциялық сот NCOC-тің күкіртті басқару тәжірибесін заңды және жауапты деп таныды.

«Апелляциялық соттың шешімін құптаймыз. Ол NCOC-тің күкіртті сақтау бойынша жүргізіп отырған қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасына және халықаралық озық тәжірибелерге сай екенін растады», - делінген консорциум мен оның серіктестерінің мәлімдемесінде.

Каспий теңізіндегі Қашаған кен орны – әлемдегі ең ірі теңіз мұнай жобаларының бірі, жалпы құны 55 миллиард долларды құрайды. Алайда жоба басталғалы бері мерзімдер кешігіп, қаржы артық жұмсалғаны жиі сынға ұшырап келеді.

Қазақстан билігі ұлттық байлықтан түсетін табысты арттыруды көздеп, бірлескен кәсіпорын серіктестеріне 160 миллиард доллардан астам сомаға халықаралық арбитражға шағым түсірген. Бұл соманың басым бөлігі — экологияға келтірілген залал, сондай-ақ мемлекет «жемқорлықпен байланысты» деп таныған кейбір келісімдерден келтірілген шығындарға қатысты болған.

2024 жылдың шілдесінде Жоғарғы сот NCOC пен Атырау облысы экология департаменті арасындағы дауға қатысты шешім шығарып, істі апелляциялық сатыда қайта қарауға жолдаған еді. Енді сол шешім бойынша жаңа құрамдағы сот экологиялық айыппұлдың заңсыз екенін мәлімдеді.

Бұған дейін Eni, Shell, ExxonMobil және TotalEnergies сынды серіктестер Қазақстан үкіметімен ортақ шешімге келу үшін алдағы екі жылда әлеуметтік жобаларға $110 млн инвестиция салуды ұсынған. Бұл қаражат Қашаған табысы есебінен өтелуі мүмкін еді. Сонымен қатар компаниялар сұйытылған көмірсутек газы жеткізілімі мен әлеуметтік қор құруды да ұсынған болатын.

Қашаған кен орнын бірлесіп игеріп жатқан NCOC консорциумына келесі компаниялар кіреді:

  • KMG Kashagan B.V. – 16,877%
  • Shell Kazakhstan Development B.V. – 16,807%
  • Total EP Kazakhstan – 16,807%
  • Agip Caspian Sea B.V. (Eni) – 16,807%
  • ExxonMobil Kazakhstan Inc. – 16,807%
  • CNPC Kazakhstan B.V. – 8,333%
  • Inpex North Caspian Sea Ltd. – 7,563%

Жобаға жалпы инвестициялар көлемі 60 миллиард долларға жуық.

Тегтер: