Не істеу керек?
Еліміздегі лаңкестік оқиғалар орын алған бірнеше күн біздің 30 жылғы егемендік тарихымызға қарамастан, саяси-экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан қаншалықты осал екендігімізді айқын көрсетіп берді.
Осыдан кейін әрбір қазақстандық неге бұлай болды, деп ойланатыны сөзсіз.
Ендеше, келешекте мемлекеттің негізін шайқалтатын, елдің ең қымбатты – тәуелсіздігіне қауіп төндіретін мұндай жағдайды болдырмау үшін не істеу керектігі бәрімізді толғандыруы тиіс. Оған жауап іздеуіміз қажет.
Иә, қаңтар оқиғасынан қандай сабақ алуымыз керек? Оның қайталанбауы үшін не істеуіміз керек? Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы байлықтың тең жартысы елдегі 162 адамның қолына шоғырланғанын, ал халықтың жартысының еңбекақысы 50 мың теңгеден аспайтынын мысалға келтірді. Бүкіл ұлттық байлықтың ат төбеліндей 162 адамның қолына шоғырлануына не себеп болды? Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болғанда халықтың жартысының 50 мың теңгемен (азық-түлік бағасы күнде өсіп жатқан қазіргі жағдайда) күн көріп жатқандығын немен түсіндіруге болады? Мұндай қайыршылық жағдайға қалай келдік?!
Бір қарағанда осыншама территориясы мен қазба байлығы және басқа да материалдық ресурстары бар Қазақстан сияқты елде 19 млн халықты барлық жағынан толық қамтамасыз ете алатындай мүмкіндіктері бар ғой! Ендеше, неге олай емес?!
Қысқаша айтқанда, бұл жағдай – елдің әлеуметтік-экономикалық күш-қуатының ең маңызды көрсеткіші болып табылатын ұлттық байлықтың әділдікпен бөлінбеуі, яғни әділетсіз қоғамда өмір сүріп жатқандығымыздың айқын көрінісі. Сондықтан, ұлттық байлықты әділ бөлудің механизмдерін заңдық тұрғыдан бекіту, экономиканы дамытудағы кемшіліктер мен әлеуметтік саладағы олқылықтарды, сонымен қатар жалпы, қоғам өмірінің барлық саласындағы жүйелік кемшіліктерді жою. Батыл және аяғына дейін жүзеге асырылуы тиіс.
Бірінші басшыда – ақыл мен қайратты өзіне біріктіретін, «халқым», «елім» деп соғатын жүрек болу керек! Кеше ғана, 21 қаңтарда ірі бизнес қауымдастық басшыларымен өткен кездесуде президент Қ.Тоқаев: «Мен үшін мемлекет мүддесі біреумен жақсы қарым-қатынастан жоғары», – деп мәлімдеді. Мұндағы президенттің «мемлекет мүддесі» дегені халықтың мүддесін жоғары қойып отырғандығы айдан анық. Кешегі «Нұр Отан» партиясының съезінде ұйымдық және кадрлық тұрғыдан алғашқы өзгерістер жасалынды. Ұйымның 55 пайызы жаңартылып, қатары жастармен толықты. Бұл бағытта да халықты өзіне тартатын және соның қолдауына ие болу үшін әлі де тиянақты жұмыстар жүргізілуі тиіс.
Бұл саяси-экономикалық және әлеуметтік реформаларды, аяғына дейін батылдықпен жеткізу үшін күресте (тарихтағы ұлы француз революционері Жорж Жак Дантон: «батылдық, батылдық және тағы да батылдық керек» – деп айтқандай), мемлекет басшысының істі аяғына дейін жеткізуге деген әрекеті мен парасаты оған халықтың сенімі мен қолдауы арқасында жеңіске жететіні ақиқат. Сондықтан мұндай, жүрегімен басқаратын, «әрекетшіл-парасатты» басшы өзінің қол астындағы қызметкерлерінің әділдігін, халық үшін беріліп қызмет істейтіндерін бірте-бірте сұрыптап, өз командасын қалыптастыруы қажет. Мемлекеттік басқару органдары мен жергілікті әкімдіктердегі кадрлар ең бірінші – ұлттық сезімі жоғары, жүрегімен елім деп қызмет істейтін адамдардан, әсіресе, жастардан жасақталуы тиіс. Олар жемқорлықпен айналысқан және өзінің пайдасын ғана ойлаған бұрынғы қызметкерлердің қол астында істемеген, таза болуы керек. Ондай жастардың басқару тәжірбиесі аз болса да, еліне адал қызмет етуге ынта-жігерімен, жүрегімен және халықпен бірлесіп қызмет етсе, шаруаны дөңгелетіп алып кететіні сөзсіз.
Біздің қоғамдағы басты жағымсыз құбылыс жемқорлық екені белгілі. Президент жемқорлықтың жүйеге айналғандығын «Қаңтар трагедиясының» басты бір себебі ретінде атады. Сондықтан жекелеген іс-шаралар жемқорлықты түбірімен жоя алмайды. Оны жою үшін кешенді саяси және экономикалық жүйелі реформалар жүргізілуі тиіс. Бір жағынан, оның техникалық базасын жасай отырып (мысалы цифрландыру), екінші жағынан, заңды жетілдіру және дұрыс кадрлық саясатты қолға алу қажет. Әлемде жемқорлықтың тамырына балта шабатын заңдарды жасау тәжірбиесі мол. Біздегі құқықтанушы маман жастардың басын біріктіріп, жемқорлықтың алдын алу керек. Міне, осыған қабілетті жастарды заң шығаратын парламентке өткізген дұрыс. Кадрлық саясатта да шенеуніктердің туысқандары мен бизнес саласындағы тамыр-таныстарын қызметке алуды тыюды қатаң бақылау және ол үшін жазалау шараларын заң жүзінде бекіткен оңды.
Жалпы, жоғарыда айтылған реформаларды мемлекеттің Конституциясына өзгерістер енгізбей, сәтті жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан халықты кеңінен қатыстыра отырып, Ата Заңның толықтырылған және өзгертілген нұсқасын қабылдау қажет. Ата Заңға өзгеріс еңгізу мен саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асырудың тетіктері мен механизмдерін жасау үшін біз шетелде және өзімізде оқыған, өз елінің болашағы үшін жанын аямайтын, алдыңғы қатарлы жастардан әр сала бойынша жұмыс топтарын құруымыз керек. Оларға қаражат және материалдық тұрғыдан барлық жағдайлар жасалуы тиіс. Әлемдік тәжірибе мен ұлттық менталитетті ескере отырып, жұмыс істейтін топтардың қай сала болмасын, негізгі көздейтін мақсаттары: ұлттық байлықтың әділ бөлінуі мен қоғамда ашықтықты қамтамасыз ету, қандай іс болмасын, халықтың толық қатысуын қамту керек. Тек мемлекет тарапынан толық қолдау қажет. Жастарды көшеге шығарудың орнына оларды осындай ел үшін жасампаздық істерге тарту тиімді. Сонда ғана біз қазақ елінің өркениеттілігін, жасампаздығын әлемге паш ете аламыз! Еліміздің өркендеуі мен жасампаздығы басқа елге емес, алдымен өзімізге керек!