Не үшін кешірім сұрады?

«Соғысты насихаттамаймыз, Ресей телеарнасы көрсетілмейді...»
Бүкіл әлем Ресейдің Украинаға соғыс ашуын сынға алып, әр ел өзінің шама-шарқынша, қарсылық танытуда.
Қарағанды өңірінде де соғыс салқынына қатысты наразылыққа өзіндік үн қосқандар да болды. Мәселен, өңірге телекоммуникация қызметін көрсететін «Ремстройсервис» компаниясы 28 ақпанда Ресейлік телеарналарды көрсетуден бас тартты. Бұл ақпарат компания абоненттеріне телеграмм каналы арқылы таратылды. «Біз соғысқа және оны дәріптеуге қарсымыз. Сондықтан барлық ресейлік арналардың орнына уақытша Хабар-24 арнасын қосып қойдық. Түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз», – делінген компания таратқан мәлімдемеде.Алайда бейресми мәліметтер сәйкес, бұл өзгеріске түсіністік танытқысы келмеген тұтынушылардың кейбірі министрлікке шағымданып үлгеріпті. «Азаттық» сайтының хабарлауынша, компания өкілдері «Ресей телеарналарын уақытша өшіргендерін айтып, бұл компания саясаты», деп мәлімдеген. Күні бойы көрші елдің арналарын өшіріп қойған қызмет көрсетуші кешкі уақытта бұл арналарды қайта қосыпты. Сонымен қатар телеграм каналындағы бұрынғы хабарламаны өшіріп, кешкі сағат жетінің кезінде «Ресейлік телеарналар қайта қосылды, уақытша келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз», деген мәліметті жазыпты. Компанияның бұл әрекеті әлеуметтік желіде түрлі пікірлер тудырды: біреулер оны ерлікке балап, құптаса, екінші тарап оларды даттап жатты. Желідегілер «компанияның өз ұстанымынан айнып қалуына жоғарыдағылардың қысымы әсер етті», деп топшылайды. Ал жергілікті билік компанияның соғыс салқынына қосқан әлсіз қарсылығына қатысты жұмған ауыздарын ашқан жоқ.