NEET ұрпақ: саны да сапасы да бәймәлім жастар
2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына арнаған Жолдауында «әр жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі ЖОО-ға түсе алмай қалады.
Жастардың бұл тобы жұмыссыздар және маргиналдардың негізін құрайды. Олар амалының жоқтығынан қылмыстық және экстремистік ағымдардың ықпалына түсуде» деген болатын. Сондықтан Мемлекет басшысы NEET санатындағы жастар санын жылына кем дегенде 1 пайызға азайтып, 2021 жылға 6 пайызға дейін төмендету туралы жоспар міндеттеген еді.
NEET жастар деген кімдер?
NEET термині – ағылшын тіліндегі Not in Education, Employment, or Training (оқымайды, жұмыс істемейді, қайта даярлаудан өтпейді) деген сөздерінің біріккен формасы. Қазақша таңбаласақ оқуға, еңбектенуге, ізденуге құлықсыз және саяси, азаматтық белсенділігі төмен жастар категориясы. Жас шекарасы 15-28 аралығын қамтиды.
Әлемдік Еңбек ұйымы NEET санатындағы жастар үлесінің әрбір мемлекеттегі пайыздық көрсеткішін даярлаған еді. ӘЕҰ әдіснамасы бойынша Қазақстандағы оқымайтын және біліктілігін көтермейтін жастар 10,4 пайызды құраған (2019 ж).
Елімізде 15-28 жас аралығындағы жастардың саны 4 миллионнан асқанын ескерсек, оның оқу мен еңбек үдерісіне тартылмағандар саны 250 мыңнан асып жығылады.
Қазақстандағы NEET үлесінің ең жоғары көрсеткіштері оңтүстік өңірлерде тіркелген. Кейінгі орындарға Қарағанды облысы бойынша – 12,3, Ақтөбе – 8,1, Маңғыстау облысы – 8 пайызбен жайғасқан.
Құлықсыз жастардың көбеюіне не себеп?
Білім алу мен еңбектенуге ынтасыз жастар үлесінің 52 мыңы – үй шаруашылығымен айналысатындар. Оның ішінде жас аналар саны басым. Ал денсаулық жағдайына байланысты жұмыс істемейтіндер 33 мыңды құрайды. NEET жастардың қалған үлесін кімдер толықтырады?
Бұл туралы әлеуметтанушы Мәнсия Сапарғалиқызы былай деп пікір білдірді:
NEET жастар – XX ғасырдың соңына қарай пайда болған мәселе. Бұл мәселені Ұлыбритания алғаш болып көтерген. Енді, NEET жастардың құрамына кімдер кіреді деген сұрақ туындайды? Жапонның нарығымен айналысатын Йоссинори Осуми дейтін ғалым NEET жастарды мынадай категорияларға бөледі:
1.Әлеуметке немесе қоғамға қарсы топ. Бұл топқа өзін еңбек етпесе ғана жайлы сезінетін жастар жатады. Бұл құбылыс Қазақстан жастары арасында жиі кездеседі.
2.Тұйықталған жастар тобы. Бұл топты қоғамнан өз орнын таппаған, адамдармен қарым-қатынасқа түсе алмайтын жастар құрайды.
3.Пассивтік құрам – өзіне деген сенімділік пен мотивациясы жоқ, психологиялық әлсіз адамдар тобы.
Ал біздің елдегі NEET жастарды былай топтастыруға болады:
1.Асырауда отырған балалар. Яғни, білімі бар, бірақ еңбек тәжірибесі жоқ, жұмыс істеуге ынталы емес жастар. Ата-ананың қалтасына сеніп, «дайын асқа – тік қасық» болып отырған балалар жауапкершілікті сезінбегендіктен, қоғамдық өмірге араласудан шектеледі.
2.Жас аналар тобы. Оның ішінде 15-16 жасында ерте тұрмыс құрып, ана атанып жатқандар бар. Олар қоғаммен араласа алмай қалады да, жұмыс пен оқуға деген ынтадан мақұрым қалады.
3.Фрилансерлер тобы. Еркін ақша табуға, жүйесіз жұмыс істеуге, белгілі бір көлеңкелі секторлар арқылы пайда табатын, кездейсоқ табыспен күн көретіндер. Олар регламентпен жұмыс істемейтіндіктен, қоғаммен байланысудан қол үзеді.
4.Ауыл жастары. Яғни, қосалқы шаруашылықта жұмыс істейтіндер, тәжірибесі, біліктілігі жоқ, өзінің ауылынан ұзамаған жастар. Олардың өзінің деңгейінде ғана танымдық процесі бар. Мемлекетте, саясатта, елде не болып жатқандығына қызығушылық білдірмейді.
5.Эгоистік топ. Бұл қатарды оқуға, еңбекке келгенде жанын қинағысы келмейтін жастар толықтырады.
6.Мүмкіндігі шектеулі жандар. Белгілі бір жағдайлармен, денсаулығына байланысты жұмыс істей алмайтындар.
7.Әлеуметтік жағдайы төмен отбасы. Олар білім алғысы келсе де, қалтасы көтермейді. Немесе ата-анасы сырқаттығына байланысты қанша ынтасы болғанымен, ЖОО-да оқи алмайтын жастар.
8.Бейәлеуметтік топ. Ешқандай статусы жоқ құрам. Яғни, темір торға тоғытылған, есірткі, ішімдікке тәуелді, ойынқұмар жастар. Бұндай топтарда жұмыс істеуге, оқуға деген ниетсіздік басым. Себебі, оларды қоғам қабылдауға қауқарлы емес.
NEET жастардың пайда болу себебін объективті, субъективті және жеке тұлғалық тұрғыдан қарастыруға болады. Ең басты әсер ететін фактор – өскен ортасы, отбасы, қоғам, достар, туысқандар. Сонымен қатар көп жағдайда ата-ана балаларын тым сезімталдықпен өсіреді. Баланың өз бетімен қимылдауына мүмкіндік бермейді. Тұрмыстық жағдай болса да бала оны өзі жасаса немесе ата-ана баламен бірге отырып орындаса, бала кез келген нәрсенің қадірін біліп өседі. Және жауапкершілік сезінгеннен кейін қоғамдық өмірге жеңіл жол түзей алады.
Жастардың құлықсыздығымен жұмыс балабақшадан басталады. Ата-ана, мектеп болсын, жоғары оқу орнына түскен кезде де баламен сындарлы жұмыс істеу керек. Баланың еңбекке, оқуға, қоғамға енуге, араласуға деген ынтасын арттыру керек. Мінезінен оқшаулану байқалса, дер кезінде кемшілікпен жұмыс істеген дұрыс. Қазір ата-ананың да уақыты жұмыспен шектелген. Бастысы, бала – тоқ, киімі – бүтін етсем болды дейді. Алайда біраз балаға ашық әңгімелесу жетіспейді.
Жұмыс істеуге деген құштарлық азаюының тағы бір себебі, диплом алған түлектер, көп жағдайда еңбек нарығына керексіз болып қалады. Қазір тек 60 пайыз ғана оқу бітірушілер жұмысқа орналасады. Ал қалғандары мамандық бойынша жұмыс таба алмай сандалады. Сонымен қатар жалақысы қалтасына жұқпайтын жұмыстың әсерінен жастар еңбек етуге ынтасы төмендейді.
Тағы бір мәселе, жыл сайын мектеп бітірген түлектердің қаншамасы университеттерге түсе алмай қалады. Олардың қайда екенінен уәкілетті органдар бейхабар. Солардың бос жүргенін, жұмыс істеп жүргендерін анықтау керек. Сондықтан жастарды қадағалайтын үлкен деректер базасы болуы тиіс, – дейді.
Мемлекеттен не көмек?
Елімізде жас азаматтарды жұмыспен қамтуға бағытталған және білім беру жобаларына тарту мақсатында бірқатар шара қабылданған. 2018 жылы NEET жастарды әлеуметтендіру бойынша Жол картасы жұмысқа қосылды. Жүзеге асырылып жатқан жобалардың маңыздыларын атап өтсек, «Дипломмен ауылға», «Серпін» жобасы, «Баршаға арналған тегін техникалық және кәсіптік білім беру» бағдарламасы, «Жас кәсіпкер», жастар ресурстық орталықтарының қызметі.
Мемлекет талай жұмыстың басын қайырғанмен, неге әлеуметке әлсіз жастардың саны шектелмей тұр? Ғаламторды жиі пайдаланатынына қарамастан, NEET жастардың басты мәселесі – мемлекттік қолдау шаралары туралы ақпаратпен құлақтанбаған. Жоба туралы жаңалықтар жеткілікті насихатталмайды ма, әлде жастардың мәселеге деген салмақсыздығы басым ба? Әйтеуір, құлықсыздықтан құтыла алмай келеміз.
Осы тұста әлеуметтанушы Гүлзинат Мейірбекова былай деп пікір білдірді:
Қалада тіркеуі жоқ, жалдамалы пәтерде күн кешетін, білім алуға мүмкіндігі жоқ жастардың қарасы көп. Жалпы, мемлекет тарапынан жастарға талай бағдарламалар ұсынылып жатыр. Алайда табыс көзі, жалақысы қанағаттандырмайды. Еңбек нарығында кейбір мамандықтарға сұраныстың жоқтығынан, білімді жастар қара жұмысқа жегіліп жатыр. «Жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» демейді ме?! Басты талап – мемлекет тарапынан жастарға үлкен қолдау керек.