Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:49, 07 Ақпан 2023

Немқұрайдылық жақсылыққа апармайды

None
None

     Еліміз тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде бірде-бір сайлау әділ, заңды түрде уақытында өтпеді.

Диктаторлық бір адамға табынған жүйе, халықпен санаспай, ойларына келгенін істеп, кезектен тыс президенттік, сенат, мәжіліс, референдум сайлауларын өткізіп келді. Енді, міне, 19 наурызда тағы да екі ай ішінде кезектен тыс өтетін облыс, аудан мәслихаттарының сайлауы. Сайлау уақыты ең кемінде 6 ай болуы керек еді, алайда қысқа мерзім ішінде, басқарушы билікке қарсы шықпайтын, өздерін мақтап, сөздерін сөйлейтін, халыққа жалған ақпарат беретін, кандидаттарды өткізіп алу биліктегілердің мақсаты екені белгілі. Бұл сайлаудан өз басым ешқандай өзгеріс, жақсылық күтпеймін, болғанмен де өзін-өзі ұсынатын 29 орынға ұлт белсенділерінің өтуін қадағалауымыз қажет. Бұрынғы диктатор басшылардан қалған сөз бар; «Сайлау маңызды емес, санау маңызды» деген. Осы сайлауда әрбір өзін-өзі ұсынушы белсенді азаматтар, өздерінің әрбір сайлау учаскесінде бақылаушылар қойып, сайлау бітіп бюллетеньдер саналып, тігілген кезде қанша кандидат қанша дауыс алды, қаттама толтырылып, сол сайлау учаскесінің мөрі басылған анықтаманы бақылаушы қолына алуы тиіс. Сайлау қорытындысы бір күннен кейін жарияланады, осы уақыт ішінде орталық сайлау комиссиясы, биліктің кандидаттарына дауысты бұрмалап беруі анық, осы кезде хаттамадағы сайлаушылар дауысы мен биліктегілердің берген дауысы сәйкес келе ме, келмей ме?

    Екінші жағдайда сайлауда видеокамераға түсіруге, жеке тұлғаның сенімді өкілі бақылаушысын сайлау учаскесіне жібермей, кіргізбейтін болса, сол ғимараттың алдында Еуропа мемлекеттерінін арнайы келген бақылаушыларға шағымданып, биліктің тосқауыл қойғанын, сайлаудың әділетсіз өтіп жатқанын әшкерелеу керек. Әділетсіз биліктің халықты басқаруына көп уақыт қалған жоқ, олар осылай жалғастыра береміз десе қателеседі. Әділетсіз басшыларға бағынып, демократиялық жолды таңдай алмай отырған біздер – қазақ халқы өзіміз кінәліміз, ащы болса да шындық осы. Ислам дінімізде хадис бар «Халқының ниетіне қарап басшысын береді» деген. Біздер өзіміз қандай болсақ, біздерді басқарып отырған басшыларымыз сондай. Мысал керек пе?

      Қазақстан сияқты Совет одағының шекпенінен шыққан Прибалтиканың үш мемлекетін қараңыз, біздегі сияқты жер асты-үсті қазба байлықтары жоқ ел, бүгінде Еуропа елдерімен теңесті. Медицина, жоғары оқу, баспана тегін, завод, фабрикалар салынған, жұмыссыздық жоқ, айлық жалақылары біздегіден екі-үш есе артық. Неге?

       Халқының көзі ашық, саяси сауатты, бірден жаппай халық болып 1991-1993 жылдары демократиялық жолға түсті.

    Советтік ескі жүйедегі халықты басқарған басшыларды орындарынан кетіріп, жаңа көзқарастағы жастарды билікке сайлады, нәтижесі көз алдымызда.

      Ал бізде ше? 30 жыл бір адамға табыну жағымпаздық, асыра мақтау, өздерінің жеке басының қамын ойлау, әділетсіздік нәтижесінде сыбайлас жемқорлыққа алып келді, халықтың, мемлекет байлығын оңды-солды шашып, әлеуметтік-тұрмыстық жағдай шегіне жетіп төмендеді. Біздің халықтың басы бірігіп, бір адамдай митингіге шығып, билікке қатаң талап қойып, кетуге мәжбүрлеп отырған жоқ. Әрбір қазақ, шіріген жүйенің құлап, елімізде әділеттік орнап, жұмыссыздық жойылып, баспаналы болып, әлеуметтік-тұрмыстық деңгейінің көтеріліп, алдыңғы дамыған мемлекеттердің қатарында болуын қалайды. Алайда осылардың көпшілігі, мына жүйені сасық қулыққа басып, мен емес, басқалар өзгертсе дейді. Тағы да дәлел келтірейін: Грузия мен Қырғызстанды айтпай-ақ Арменияны алайық. Халқы президент Саркисянның басқару жүйесіне қарсы митингке жүз мың адам болып көшеге шықты, іштерінде оқушы ұл-қыздар да бар. Полиция жүз мың адамның ішінде жұтылып кетті. Пашинянды сайлады, Саркисянның парламенті дауысқа салып, Пашинянды алып тастап еді, үш күннен кейін жүз мың адам қайта көтеріліп сайлатты. Міне, халықтың күші бірлікте деген – осы.

      Ал бізде ше? Екі жүз адам шығады, шағын адамдарды полицейлер ұстап әкетіп қамайды, бірін-бірі қорғау жоқ, бірізділік, береке жоқ, халқымыз әлі ұйқыда, ең басты қауіп сол – отыз бен қырық жастағы азаматтармен талай жерде сөйлескенде айтатындары бірдемесі болар, біздің қолдан не келеді дейсің, немқұрайдылық басым. Сана өзгермей, нәтиже болмайды. Сондықтан белсенді азаматтар, үгіт-насихатпен жатпай-тұрмай жұмыс жасап, халықтың көзін ашу керек. Демократиялық әділетті Қазақстанды – Америка не Еуропа мемлекеттері бізге орнатып бермейді.

Тегтер: