Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:15, 06 Қазан 2025

Непал мен Үндістандағы нөсер мен көшкін 60-тан астам адамның өмірін қиды

1
Фото: AP

Гималай тауларының баурайында соққан қатты нөсер мен тасқын Непал мен Үндістанда ондаған адамның өмірін жалмады. Табиғи апаттар салдарынан елді мекендер су астында қалып, жолдар мен үйлер қирады.

Непалдағы жағдай

Непалдың Төтенше жағдайларды басқару ұлттық департаментінің өкілі Шанти Махаттың 5 қазан, жексенбі күні AFP агенттігіне хабарлауынша, елдің бірнеше аймағында болған көшкін мен тасқын салдарынан кемінде 43 адам қаза тапқан, тағы 5 адам хабар-ошарсыз кеткен.

Қайғылы жағдайдың көбі елдің шығысындағы Илам ауданында тіркелген – мұнда 37 адамның сүйегі табылған.

Reuters агенттігінің мәліметінше, жалпы алғанда Непалда 47 адам қаза тапқан.

Көшкіндер бірнеше таулы ауылдарды түгел шайып кеткен. Жолдардың бұзылуына байланысты құтқарушылар апат аймақтарына жаяу жетуге мәжбүр болған. Кейбір аудандарға тікұшақтар мен моторлы қайықтар жіберілген.

Үндістандағы апат

Көрші Үндістанның Батыс Бенгалия штатындағы Даржилинг ауданында да жағдай ауыр. Мұнда да толассыз нөсер мен көшкін үйлер мен инфрақұрылымға  залал келтірген.

Үндістан парламентінің жоғары палатасының депутаты Харш Вардхан Шрингланың айтуынша, Даржилинг ауданында 20-дан астам адам көз жұмған.

Премьер-министр Нарендра Моди қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтып, әлеуметтік желіде мәлімдеме жасады.

3 қазан күні Гималай аймағында муссон жаңбыры жауған. Екі күн өткен соң ғана құтқару топтары жолы қиратылған, қатынасы қиын таулы аймақтардағы ауылдарға жеткен.

Көшкіндер автожолдарды жауып, кейбір әуе рейстерін тоқтатуға мәжбүр етті. Дариялар да жағалауынан асып, су тасқынына айналған. Су басқан аумақтардың арасында тіпті Непал астанасы Катманду да бар.

Құтқарушылар тікұшақтар мен моторлы қайықтарды пайдаланып, зардап шеккен аймақтарға азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізіп жатыр.

Алайда көптеген ауылдарға жол әлі де жабық, электр қуаты мен байланыс үзілген.

Мамандардың айтуынша, Гималай аймағында мұндай көшкін мен тасқын қаупі қазан айының ортасына дейін сақталуы мүмкін.

Тегтер: