Непалда тұңғыш рет әйел адам үкімет басына келді

Непалдың бұрынғы Жоғарғы сот төрайымы Сушила Карки уақытша үкімет басшысы болып тағайындалды.
Непал президенті Рам Чандра Паудел 73 жастағы Сушила Каркиді 12 қыркүйек, жұма күні премьер-министрдің міндетін атқарушы етіп бекітті. Ол – ел тарихындағы тұңғыш әйел премьер-министр.
Каркидің кандидатурасын әлеуметтік желілерге қойылған шектеулерге қарсы жаппай наразылық шерулерін ұйымдастырған қозғалыс жетекшілері ұсынған. Енді ол 2026 жылдың наурыз айында өтуі мүмкін келесі парламент сайлауына дейін үкіметке жетекшілік етеді.
Сушила Карки Непалда жемқорлыққа қарсы күресімен танымал. Бұған дейін ол Жоғарғы соттың төрайымы қызметін атқарған.
9 қыркүйекте ел үкіметі қоғам наразылығына түрткі болған әлеуметтік желілерге тыйымды алып тастады. Дегенмен жағдай шиеленісіп, премьер-министр Шарма Оли, ішкі істер министрі және тағы екі министр отставкаға кетті.