Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:41

Непалдың экс-премьері қамауға алынды

Кхадга Прасад Шарма Оли
Фото: Azadinform.az

Непалдың бұрынғы премьер-министрі Кхадга Прасад Шарма Оли 2025 жылы өткен жаппай наразылықтарды күшпен басуға қатысы бар деген күдікпен қамауға алынды.

Бұл наразылықтар «Z буынының митингілері» деп аталып, әлеуметтік желілерге қойылған шектеулерден кейін басталған. Сонымен қатар елдегі сыбайлас жемқорлық пен ауыр экономикалық жағдай халықтың ашу-ызасын күшейткен. Қыркүйек айындағы тәртіпсіздіктер кезінде 70-тен астам адам қаза тауып, олардың көпшілігі полиция оғынан көз жұмған.

Экс-премьермен бірге елдің бұрынғы ішкі істер министрі Рамеш Лекхак та ұсталды.

Айта кетейік, бұған бір күн қалғанда Непалдың жаңа премьер-министрі — рэпер ретінде танылған Бален Шах ант берген еді.

Полиция өкілінің Agence France-Presse агенттігіне айтуынша, күдіктілер таңертең ұсталып, тергеу заң аясында жалғасып жатыр.

Ал Reuters агенттігінің мәліметінше, Шарма Оли өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып отыр. Оның адвокаттары бұл кезеңде қамауға алу негізсіз екенін мәлімдеген.

Непалдың жаңа ішкі істер министрі Судан Гурунг бұл қамауларды қолдап, «Ешкім заңнан жоғары емес. Бұл – кек алу емес, әділдіктің басталуы» деп мәлімдеді.