Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:20, 24 Желтоқсан 2021

Несие алғанда ұтылмау мүмкін бе?

None
None

«Менің өмірім несиемен байланысты. Ақша керек болса, дереу банкке жүгіріп, несиеқұмар боп алдым», – деп әңгімесін бастаған Ақтілек несиені көпшілік жүз мың алып, екі жүз мың етіп қайтару деп түсінетінін жеткізді.

Алайда жолын білсең, ұтылмауға болатын көрінеді. Төменде Ақтілек сынды несиеқұмар жандардың қолданып көрген және естіп, оқып білген лайфках  түрлерін ұсынамыз.

– Бір күні маған тез арада 50 мың теңге керек болды. Досымнан сұрап едім, «ертең берем» деді. Ал менде күтетін уақыт жоқ. Дереу үйдің жанындағы банкке барып, несие алдым. Бір айға жеткізбей төлеп тастадым. Қарызым 50 800 (елу мың сегіз жүз теңге) болыпты. Егер біреуден алсам, ары-бері таксиге бұдан да көп шығынданатын едім, – дейді Ақтілек.

Бірақ бұл жерде ескере кететін бірнеше жайт бар. Яғни кейбір банктерде мерзімінен бұрын өтегені үшін айыппұл төлеуіңіз мүмкін. Оны банк сіз барлық соманы ертерек қайтарып берсеңіз, жоғалтатын пайыздарының орнын жабу үшін шығарған. Кей банктерде мерзімінен бұрын өтеуге негізінен 6-12 айға мораторий жариялайды (несие алған сәттен бастап). Егер несиені мерзімінен бұрын жапқыңыз келсе, банкке арнайы өтініш жазып, алдын ала ескерту керек. Сонда банк сізге қалған соманың мерзімінен бұрын өтелетін нақты есебін ұсына алады. Мұндай жағдайда ешқандай комиссия бойынша төлемдерді қайтарып алу мүмкін болмайды.

Жүктемені азайту. Бұл әдісті көбіне миллионнан көп қаржы көлемінде несие алған жандар қолданады. Тіпті мамандардың өзі де оңтайлы әдіс екенін айтады. Мысалы, қала тұрғыны Меруерт Қыңырбекова 2019 жылы банктен 27 пайыздық мөлшерлемеде несие алған. Ал 2020 жылы басқа банк мөлшерлемесі 20 пайыздық несие желісін шығарған.

– Мен азырақ пайызбен қарыз алдым. Осы сомамен пайызы көбірек несиені мерзімінен бұрын жауып тастадым. Сосын басқа банкке несие төлеуді жалғастырып келемін. Әрине, оның талаптары әлдеқайда жақсы. 7 пайыздың өзі қалтамызға кәдімгідей жеңілдік болды, – деген Меруерттің сөзінің жаны бар. Бұл әдіс, банк тілімен айтқанда, қайта қаржыландыру (рефинансирование) деп аталады.

Нарықтық заман. Барлық жерде бәсекелестік. Банктер де бұл категорияда. Логикаға салып көрелік. Мәселен, банктер пайызы азырақ несие желілерін қалыптастыра отырып, бәсекелестерінің клиенттерін қуана-қуана қабылдап алады дедік. Мұнда клиенттің яки сіздің жақсы несие тарихыңыз және тұрақты табысыңыз да маңызды рөл ойнайды. Қайта қаржыландыруға  мүмкіндік беретін басты фактор да сол. Ниеті – қаржыдан қысылу емес, қарыз жүктемесін түсіріп, ақша үнемдеу.

Мамандардың айтуынша, қайта несие рәсімдеудің өзінде банк таңдағанда абай болу қажет. Кейбірі өзінің құрығына түсіріп, мойныңызға қамыт іліп тастауы мүмкін. Ақша үнемдегеннің орнына «минусқа» кіріп кетесіз. Ең алдымен қосымша қызметтерден аулақ болып, келісімшартқа қол қоймас бұрын мұқият оқыңыз. Әсіресе ұсақ қаріппен жазылғанды. Өйткені көзге көрер-көрінбес дүниеде ең қажетті, опық жейтін нәрсе жазылады. Екіншіден, өзіңіз төлейтін пайыздардың есептік құнын бағалаңыз. Бұл соманы төлемдер кестесінде жазады. Егер аннуитет жүйесі таңдалса, төмен мөлшерлеме мен ай сайынғы жарнаға қарамастан, жаңа банкіңізде бұрынғыдан гөрі көбірек төлейтініңізді байқауға болады. Жаңа банк сізге ұзақ мерзімге қарыз ұсынса ғана маңызға ие болады.

Осы туралы заңгер, бұрынғы банк қызметкері Данияр Түймебаев: «Төлемнің аннуитет түрінде қазақстандықтар белгілі бір мерзімге несие рәсімдеп, ай сайын бірдей сомадағы ақшаны құйып отырады. Ол сома еш жағдайда өзгермейді. Ол тек банк келісімімен жүзеге асырылады. Яғни қарыз алушы бюджетін жоспарлап, нақты сомасын ғана кредитіне төлейді. Сондай-ақ төлемнің бұл түрінде борышкерлер мен банк арасында түсініспеушіліктер болмайды. Себебі барлығы бастапқыда жасалған келісімшартта нақты көрсетіледі», – деп пікірін білдірді.

Бірақ заңгердің сөзіне сүйенсек, кредитті аннуитет төлеммен жүргізгенде ай сайынғы әрбір сомада қарыздың өзі мен оның пайызы қосылып тұрады. Осылайша бастапқыда кредиттің тек пайызы төленеді де, соңына қарай ғана қарыздың өзі өтеледі. Сондықтан өте сақ болған абзал.

Реструктуризация немесеборыштың құрылымын қайта қарау әдісін де пайдалануға болады. Реструктуризация – өзіңіздің сол баяғы ескі банкіңізде несиенің шарттарын өзгерту. Егер сіз бір талаптармен несие алып, ал кейін біраз уақыттан соң банк несие желісінің шарттарын түзетсеңіз, бұл тиімді әдіс саналады. Ондайда банкке борыштың құрылымын қайта қарауға өтініш беру керек. Бұл банктер тарапынан көбіне қолдау табады. Себебі олар келіспесе, сіздің басқа банкке кетіп қалатыныңызды түсінеді.

Банк мына жолдарға келісуі мүмкін: қайта қаржыландыру жасау. Мұндайда бірінші несиеңіз сол бір банктен алынған екінші несие есебінен жабылады. Борыштың құрылымын қайта қарау, талаптарды өзгерту – бұл ең тиімді нұсқа, өйткені қайта қаржыландыру кезінде сіз жаңа несие аласыз, оның комиссияларын төлейсіз, онда мерзімінен бұрын қайтарғаны үшін айыппұлдар болуы мүмкін. Бұл да шығын. Ал құрылымын қайта қараса, сіз бұрынғыша өз несиеңізді төлейсіз, бірақ тиімді шарттармен. Борыштың құрылымын қайта қарау талаптарымен танысып жатқанда жіті болып, қосымша қызметтер жөніндегі үгіттерге ермеңіз, ондай қызметтер де ақша жейді. Жалпы, пайыздар, комиссиялар мен сақтандыру – банктің сізге өз ақшасын пайдалануға бере тұрғаны үшін алатын төлемі. Басқаша айтқанда, несие бойынша артық төлем.

Кейде несие алатын банкті несие пайызына ғана қарап таңдау тиімсіз. Сондықтан мұқият назар аудару керек ең маңызды көрсеткіш – артық төлем. Оны өздігінен есептеудің қажеті жоқ, банктен төлемдердің болжамды кестесін сұрау жеткілікті. Себебі кесте бойынша артық төлем сомасын шығару оңай. Алдымен барлық төлемді есептеп, одан алынған немесе алынатын несие сомасын азайту керек.

Есіңізде болсын, несие алу кезіндегі нақты төлем кестесі алдын ала кеңес беру кезіндегі кестеден өзгеше болуы мүмкін. Сондықтан несие шартына қол қоймас бұрын, төлемдердің соңғы кестесін бастапқы кестемен де, басқа банктердің ұсыныстарымен де салыстырып көрген дұрыс. Егер несие шарттары мен төлем кестесі бастапқы нұсқадан өзгеше болса, тұрып, кетіп қалудан тайынбаңыз. Сондай-ақ әдетте банктің қарыз алушыға қоятын талаптары неғұрлым аз болса, артық төлемі соғұрлым көп болатынын да ескеріңіз.

Қаржылық жағынан сауатты болып, банк қызметкеріне несие шарттары бойынша көп сұрақ қоя алсаңыз (пайыздық мөлшерлеме, комиссиялар, мерзімінен бұрын өтеу мүмкіндігі және ол үшін төлем, төлем әдістері), өзіңізді алдауға жол бермейтініңіз анық. Несие алуда қарыз алу мерзімінің де өзіндік орны бар. Өйткені кейде ұзартылған төлемдер қарыз алушы үшін тым қымбатқа шығуы мүмкін.  

Экономика ғылымының кандидаты Юрий Юденков жылжымайтын мүлікке несиені 15 жылдан асырмау керегін айтады. Өйткені 15 жылдан асса, артық төлем әлдеқайда артатын көрінеді. Сондай-ақ маман көлікке үш жылдан артық несие алудың қажеті жоқ деп есептейді. Себебі бес жылдан соң көлік ескіріп, жиі сына бастайды. Яғни «жаңасын сатып алу қажеттігі туындағанда ескісінің несиесі әлі жабылмаған болады» дейді кандидат. Ал үш жылдан кейін көлікті ақылға қонымды бағаға ауыстыруға болады.

Тұтынушылық несиелерді алуға келер болсақ, қаржы кеңесшісі Бота Жұманованың айтуынша, барлық тұтынушылық несиелерді ең көбі алты айға дейін алу керек және несиені артық төлемсіз рәсімдей алатын ұсыныстарды пайдалануға болады.

Айта кетерлігі, ел тұрғындарының банк алдындағы қарызы 5 триллион теңгеден асады. Кейінгі бір жылда тұтынушылық несиенің көлемі 18 пайызға өскен. Сарапшылар мұны инфляцияның өсуі және тауардың қымбаттауымен байланыстырады. Осы тұрғыда тәуелсіз сарапшы Нұржан Биякаев: «Бірде-бір банк қарызды мерзімінен бұрын қайтаруға өздігімен шектеу қоя алмайды. Елде несиені толық жабу жүйесін реттейтін арнайы заң бар. Заңның 34-бабының 7-тармағында егер қарыз алушы қаржыны кәсіп ашу мақсатында алмаса, 14 тәуліктен кейін толық қайтаруға құқылы екені айтылған. Сәйкесінше, үстемеақы тек сол күндер үшін ғана есептелуі тиіс», – деді.

Несиені 14 тәуліктен кейін толық қайтаруға құқылысыз тұтынушылық несие негізінен арнайы бір мақсатқа берілмейді. Қаржы ұйымдары қарыз берген жеке тұлғадан ақшаны қайда, қалай жарататынын сұрамайды. Сондықтан оның кәсіп ашуға жұмсалғаны қағаз жүзінде көрсетілмеген. Яғни кез келген адам несиені мерзімінен бұрын жабуға мүмкіндігі болса, келісімшарт жасалған күннен 14 тәулік өткеннен кейін сол күндер үшін есептелген үстемені қосып қана қайтаруға құқылы. Бірақ осы жерде ескере кететін бір жайт бар.

«Банк және банк қызметі туралы» заңында «Бір жылға берілген қарызды алты ай өтпей жапсаңыз, қаржы ұйымы үстемеақыны толық бір жылға алуға құқылы» екені айтылған. «Егер қарызды үш жылға рәсімдеп, бір жылдан кейін толық қайтарғыңыз келсе, бұл заң сізге шек қоймайды. Қаржы ұйымдарының сізден үш жылға есептелген үстемеақыны талап етуге құқығы жоқ. Несиені жапқанда үстемеақы сол күнге дейін ғана есептелуі тиіс», – деді Нұржан Биякаев.

Айта кетерлігі, реструктуризация әдісі көбіне-көп сомалы несиенің пайызын жеңілдетіп, төлем жылын азайтқанда тиімді. Аталмыш лайфкахты қолданған Марат есімді кейіпкеріміз: «Қолымда пәтер аламын деп жинаған 3 миллионға жуық қаражат болды. Баспананың бағасы да түскеннің орнына көтеріле берді. Содан не керек, Forte Bank-тен 3 миллионға несие рәсімдедім. Пайыздың үстемесі – 20 пайыздан жоғары. Ай сайынғы төлем 60 мың теңгенің айналасына шықты. Әуелі ай сайын 100 мың шамасында ақша құйып отырайын деген шешімге келген едім. Бірақ интернет арқылы форумдарды оқи отырып, оның тиімсіз болатынына көзім жетті. Өйткені үстінен артық төлеген 40 мың теңгем тек келесі айдың төлемі ретінде жеке шотымда жата береді екен. Одан кейін сол 40 мыңды депозитке жинадым. Малды бордақылап сатумен де айналыстым. Сөйтіп, 3-4 айдың ішінде 800 мың теңге жиналды. Банкке барып, шамамен 10 мың теңге төлеп, келісімшартты бұздырттым», – деген ол реструктуризация әдісіне жүгінген.

Нақтыласақ, Марат 800 мыңды бірден барып құя салмаған. Егер олай жасаса, ақшасы күйіп кетер еді. Келісімшартты бұзып, несиенің пайыздық үстемесін емес, негізгі төлемді жапқан. Пайыздық үстемесі сол қалпы қалғанымен, төлем жылы азайған. Нәтижесінде ай сайын сол 60 мыңды төлесе де, 3-4 жылы екі жылға қысқарды. Бұл дегеніміз – алған қаражаттың үстінен 1х1 қылып қайтармайсыз. Аз да болсын ақша үнемдедіңіз.

P.S. Қорыта айтқанда, несиені оңтайлы алудың ең тиімді жолы – бұл қамытты мойынға ілмеу. Десе де, көбінің ақшадан қысылғандықтан, осындай қадамға баратыны белгілі. Біз ұсынған лайфкахтар кәдеңізге жарасын. Ең бастысы – ай сайынғы қаражатыңызды ұқсатып, «минустан» «плюсқа» шығу.

Вырезка №1

БІЛЕ ЖҮРІҢІЗ:

        Анниутет – француз тілінен аударғанда «жылдық» деген мағынаны білдіреді. Яғни бірнеше жылға бөліп төлейтін қаржыңыз біркелкі болады. Мысалы, екі жылға несие рәсімдесеңіз, ай сайын бірдей көлемде 30 мыңнан төлейсіз. Тиімсіз тұсы – алғашқы айларында негізгі қаржыны емес, банктің пайызын төлеуде.

        Дифференциал – түсінікті тілмен айтқанда, анниутетке қарама-қарсы ұғым. Бастапқыда бірнеше ай бойы қарыздың қомақты сомасын төлеп отыру керек болады. Сондықтан да көбі шамасына қарайлап, төлемнің аннуитет түрін таңдайды екен. Дифференциал төлем жүйесінде берешек ай сайын азая береді. Ең басты артықшылығы – мұнда қарыз алған адам бастапқыда таза қарызды төлеп, артынша қарыздың пайыздарын өтейді. Яғни ол уақытқа дейін банк қарызы да біраз азайып қалады. Тиімсіз тұсы – көпшіліктің қалтасы көтере бермейтіні.

        Реструктуризация – банктен шарттарын өзгертуге өтініш. Яғни келісімшарт қайта жасалады. Ондағы несие мерзімі мен пайызы өзгертіледі. Бұл жерде келісімшартты бұзғаны үшін қаржы төлейсіз. Әр банктікі әртүрлі екенін ұмытпаған абзал.

        Қайта қаржыландыру (рефинансирование) – бұл тазалық сияқты. Әрине, қаржылық жағынан алып қарағанда. Бірнеше ұсақ несиені бір жүйеге келтіріп, біріктіре аласыз. Пайыздық үстемесі әртүрлі болғанда тиімді. Яғни пайызы ортақ болады. Одан бөлек, басқа банктен оңтайлы, өзіңізге қолайлы шарттармен несие ала отырып, пайызы жоғары несиеңізді жаба аласыз.

Вырезка №2

       Қай мемлекеттің болсын банк жүйесі өзара бәсекелестік танытады. Клиентті өз қақпанына түсіріп, мойнына «несие» атты қамыт ілу мақсатында түрлі айлаларға барады. Мысалы, АҚШ-та кредит картасын рәсімдегенде түрлі бонустар ұсынады: карта ашып, үш ай ішінде 3000 доллар жұмсап, 500 долларын қайта алу деген сыңайлы. Одан бөлек, басқа банктегі несиесін нөл пайыздық немесе жеңілдетілген пайыздық үстемеақымен қайта қаржыландыруға болады. 1-50 мың доллар аралығындағы тұрмыстық несиені 6-8 пайызбен бес жылға дейін рәсімдеуге болады. Несиені рәсімдеуге қажетті жылдық табыс мөлшері 10 мың доллар шамасында болуы тиіс.

         Ақша санауға шебер деген немістердің өзі несие қамытын мойнына алуға қымсынбайды. Германияның банк саласы мамандары ассоциациясының мәліметінше, мемлекетте тұрмыстық несие рәсімдеу жылдан-жылға танымалдылыққа ие бола бастады. Германияда тұрмыстық несиенің орташа мөлшерлемесі 1-5 жыл аралығы мен 4,8 пайызды құраса, бес жылдан асса 7 пайызға тең. Creditreform несие тарихы экономикалық бюросының есептеуінше, жеті жылдың қорытындысы бойынша 7 миллионға жуық неміс өздерінің қаржылық міндеттемелері бойынша төлем қабілетсіздігінің шегіне жетті. Қарыздың жалпы көлемі шамамен 210 миллион евроны құрады. Біріншіден, олар жалдау ақысын, ипотеканы төлемеумен, сондай-ақ ағымдағы несие шотының артық шығынымен байланысты, ол үшін мөлшерлеме жылдық 10-12 пайызға дейін көтерілді.

Қытайда тұрмыстық несиенің мөлшерлемесі 3-4 пайызды құрайды. Оған қоса, банктер клиенттердің төлем қабілеттілігін бағалауға келгенде адалдық танытады. Былтыр қытай халқының елдің номиналды ЖІӨ-нің 55,8 пайызын құрады. CEIC экономикалық деректердің статистикалық базасының баяндамасында бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 3,7 пайызға артық.

Вырезка №3

          АҚШ. Америкалықтар үшін несиенің әдетке айналғаны соншалық –  олар қорықпай кредиттік карталар рәсімдейді. Несие картасының саны әр америкалықта 10-нан асуы мүмкін. Өз кезегінде қазақстандықтарда керісінше. Несие картасын екінің бірі ғана аштырады. Бұл АҚШ халқының қағаз ақшадан гөрі электронды төлемге көшкенін көрсетеді. Сондай-ақ көбінің несие тарихы таза болғандығына байланысты банктер де оларға кредитті үсті-үстіне бере береді.

       Швеция. Бұл мемлекеттің банктерінде ипотекалық несиелендіруі көпшілікті қызықтырады. Өйткені Швецияда 70 жасқа дейін ипотекалық несие рәсімдей алады. Егер несиені төлеуші қайтыс болған жағдайда қарызы туған-туысына беріледі.

       Франция. Бұл мемлекетте несие рәсімдеуге өте қатаң қарайды. Мысалы, 350 евро қаражат қажет болды. Ақшаны оңай әрі төлемді 5-10 айда төлеуді ұсынуы мүмкін. Францияның кішкентай қалашығында несие алдыңыз делік. Рәсімдеген несиеге байланысты төлем айларын ұсынады. Бірінші айында қарыз алушы бір цент те төлемейді. Келесі айдан бастап несиесін төлей бастайды. Мысалы, 6 қарашада несие алса, төлеуші 6 желтоқсан күні 70 евро көлемінде бірінші төлем жасауы тиіс.

        Израиль. Бұл мемлекетте пайыздық мөлшерлемесіз несие алу мүмкіндігіне ие адамдар тізімі жасалған. Өйткені Израильде жекеменшік мүлікті сатып алуға арналған несиенің пайыздық үстемесі 80 пайызды құрайды. Яғни алатын мүлікжайдың бағасымен пара-пар.
      Қытай. Қытайдың несие рәсімдеуге қатысты өз заңдары бар. Мемлекет халқы жылдап ақша жинағанды жөн көреді. Өйткені қиындатылған несие жүйесіне жолағысы келмейді. Соған байланысты бүгінде банктер талаптарын қайта қарастырып, қажетті құжаттар санын азайтқан. Десе де, бұл әрекет те еш нәтиже бермеді. Себебі қытайлықтар ақша жинап, қажетті заттарын өз қаражаттарына алғанды дұрыс санайды.
       Жапония. Мұнда несие мүлдем қажет емес. Өйткені жапондықтарда қаржы үнемдеудің өз жүйесі бар. Мамандардың есептеуінше, бір адамға 120 мың доллардан келеді екен. Бұл дегеніміз аз қаржы емес.
     Болгария. Кредит жүйесі дағдарысқа байланысты құлдырауға ұшыраған. Оған қоса, несиені уақытында төлемеген қарызданушылардың пайызы да өскен. Қазіргі уақытта банктер жобаларға ғана несие рәсімдеуге көшкен.
      Германия. Неміс банктері баспана алуға жақсы мүмкіндіктер қарастырған. Мысалы, 15 жылға жыл сайынғы пайыздық мөлшерлемесі 4,15 пайызбен несие рәсімделеді.
Тегтер: