Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:15, 12 Қыркүйек 2024

Несиелік рақымшылық әлеуметтік масылдықты қалыптастырады

несие
Фото: из открытых источников

Біреудің есебінен өмір сүру, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп күн көру, қиындыққа төзімсіздік таныту, жеңіл табыс табуға ұмтылу сынды жағымсыз мінездер, әсіресе нарық заңдылықтарына негізделген қоғамда айқын байқалып қалады.

Жалпы алғанда адамның еңбекке деген қабілет қарымы, ынта-жігері жайдан-жай қалыптаспайтыны тағы белгілі. Еңбекке деген сұраныстың жоқтығы, адамның өзіне деген сенімсіздігі көп жағдайда «масылдық психологиясын» туындатуы да мүмкін. Жұрты жаппай масылдыққа бой ұрған ел жарқын болашағының негізін өзі қалай алмай, өзгеге жем болары анық. 

Осыдан бірер жыл бұрын мемлекет біраз азаматтың банктен алған несиесін кешірген еді. Алайда 2019 жылы сол кредиті кешірілгендердің басым көпшілігі қаржылық ұйымдардан қайтадан ақша алған. Кейбірі алған несиесін уақытында төлемей, проблемалық борышкерге айналған. Олардың арасында тұрмыстық қажеттілікті өтеуге емес, дарақылық үшін қарызға қымбат техникалық заттар алып, дүркіретіп той жасағандары да бар. Ал мұның сыртына мемлекет беретін әртүрлі жеңілдіктер мен үкіметтің беретін ай сайынғы көмегін алудың сан түрлі айласын жасап жүргендердің қарасы да көбейіп барады. Әлеуметтік инфантилизм, масылдық елдегі патерналистік көңіл күйдің артуына әсерін тигізеді. Қазақстанның қазіргі даму мүмкіндіктері кең арнаға түсіп отырғанда, біздің азаматтарымыздың кежегесі кейін тартып, масылдық психологиясынан, әлеуметтік инфантилизм секілді дерттен арыла алмай келе жатқандығының себебі неде? Бұл туралы әлеуметтанушы Гүлстан Елубай пікір білдірді.

«Несиелік рақымшылық, несиені толыққанды жойып беру сияқты бір жолғы акциялардың қайталана беруі дұрыс емес деп есептеймін. Өйткені осы бір акцияларды тағы да қайталай беретін болсақ, бірінші кезекте әлеуметтік масылдықтың қалыптасуына жол береміз. Қарапайым тілде айтсақ, паразиттік өмір салтын ұстанып, басқа адамдардың ресурстары есебінен өмір сүретіндер легі пайда болады. Әлеуметтік инфантилизм мен масылдықтың қанымызға сіңіп, бойымызға дендеп еніп алуының бір себебі – бір қоғамнан екінші қоғамдық жүйеге, кешегі кеңестік жүйенің шекпенінен шығып, тәуелсіз ел ретінде өмір сүре бастауымыздың өзі түптеп келгенде адам бойындағы «түсініксіз қасиеттердің» пайда болып, туындауына алып келді. Масылдық – бірінші адамның, екінші – қоғамның деградацияға ұшырауына түрткі болады. Уақытша орын алған әлеуметтік-экономикалық қиындықтардың өзі отандастарымыздың санасын жүз сексен градусқа өзгертіп жібергенін қалай жоққа шығара аламыз. Оның үстіне, бүкіләлемдік дағдарыс әлеуметтік масылдықты өршітіп жіберді. Өтпелі кезеңнің қиын жерлері де осы болуы мүмкін – шынайы еңбек етуге тиіс адам әлденеше себептерді сылтау етіп, жұмыстың жоқтығын айтып, кінәні өзінен емес, өзгеден көруге бейімделіп алушылық та осындай әдеттердің көбеюіне негіз болып отыр», – дейді.

Бүгінде мемлекет мүмкіндігі жоқ жандарға әртүрлі әлеуметтік төлем мен жәрдемақыларды тағайындап, жұмыссыздықпен күрес те жүргізіп келеді. Сондай-ақ білімі жоқ адамдардың кәсіптік оқуына жіті көңіл бөлініп, шағын және орта бизнес өкілдеріне жасалатын жағдай да молайды. Бірнеше жылдан бері жастардың ел игілігіне жұмыс істеуіне жол ашылып, шетелде оқуына қомақты қаражат бөлініп жатыр. Шыны керек, жұрт үшін жасалатын мұндай жан-жақты көмек бүгінде экономикасы көш ілгері кеткен елдерде де аз. Солай бола тұра кейінгі жылдары жұмысқа қабілетті адамдар мен келешегі бар мамандықтың иелері де мемлекет беретін игілікті пайдаланып қалудан кет әрі емес екенін көріп жүрміз.

Мысалы, Түркістан қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Эльмира Тұңғышбайқызы өңірдегі жағдай туралы айтып берді.

«Кәсіби дағдылардың төмен деңгейі, білім беру жүйесінің кемшіліктері және еңбек нарығында қажетті білім мен дағдыларды алудағы қиындықтар масылдықтың қалыптасуына себеп болып отыр. Жұмыссыздықтың жоғары деңгейі адамдарды сыртқы көмекке жүгінуге мәжбүр етеді, бұл өз кезегінде патерналистік көңіл күй мен масылдықтың артуына әкеледі. Әлеуметтік және мәдени факторлар да патерналистік көңіл күйдің қалыптасуына әсер етеді. Кейбір қауымдастықтарда өз мәселелерін шешу үшін үкіметке немесе сыртқы күштерге сену қалыпты жағдай болып саналады.

Түркістан облысында кәсіпкерлік және жұмысқа орналасу бағдарламаларын дамыту арқылы патерналистік көңіл күй мен масылдықты төмендету мақсатында бірқатар шаралар қабылдануда. Мемлекет пен жергілікті әкімшіліктер тұрғындардың кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға, шағын және орта бизнесті қолдауға, жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған бағдарламалар әзірлеуде. Бұл шаралар адамдардың өзін-өзі қамтамасыз етуге және экономикалық белсенділікке тартылуына ықпал етеді. Биыл Түркістан облысында аз қамтылған азаматтар үлесі 42,4%-ға төмендеген. Түркістан облысында 2024 жылы 216,9 мың адам атаулы әлеуметтік көмекпен толық қамтылмақ және ол үшін бюджеттен 12,2 млрд теңге қаржы қарастырылған. Аталған жұмыстар бойынша 2024 жылдың 1 мамырында 12,9 мың отбасыға 2637,4 млн теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Ал аз қамтылған азаматтардың үлесі облыс халқының 3,6% -ын құрап отыр. Сондай-ақ бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 42,4%-ға төмендеген. Облыс көлемінде 2023 жылғы көрсеткіш бойынша кедейлік деңгейі 6,3%-ды құрайды. Айта кетейік, биылғы жылы АӘК тағайындау жұмыстары белгіленген межеге сәйкес, 83 939 адамнан асырмау артығымен орындалған», – дейді маман.

Әрине, адамдарды масылдықтан арылту үшін мемлекет тарабынан да жан-жақты жұмыстар атқарылу тиіс. Сондай-ақ азаматтар да «мемлекет асырайды» деп қимылсыз жатып алмай, әрекет етуі тиіс.

Сәруар БАҚБЕРГЕН

Түркістан облысы

Тегтер: