Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ: Қолдауы жоқ спортшы жеңіске жете алмайды

Он бір олимпиаданың куәгері болған Несіп Жүнісбайұлын танымайтындар кемде-кем шығар.
Олимпиаданың алғашқы үш күнін қорытындылай отырып, біз спорт журналисі, жазушы, спорт шебері, жоғары ұлттық дәрежедегі төреші, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нес-ағамен хабарласып, өз ойын сұраған едік.
– Несіп аға, бүгінде әлем көз тіккен олимпиаданың үшінші күні де артта қалды. Қазақстан қоржынында әзірге үш қола медаль бар. Бұл біз үшін жетістік пе, әлде спортшылардың деңгейі төмендеп бара жатыр ма?
– Мен ғұмырымда 10 ересектер және бір жасөспірімдер олимпиадасына куә болдым. Әрине, көргенім көп, жазғаным да аз емес. Бірақ Токиода өтетін жазғы олимпиадалық ойындар басқа бірде-бір олимпиадаға ұқсамайды. Оның себебін өздеріңіз де көріп отырсыздар. Біріншіден, жазғы олимпиада көпшілікке ерекше қуаныш сыйлап, жанкүйерлерді тағатсыздандырып, орнында отырғызбайтын ғаламат жарыстардың бірі болатын. Уақытынан бір жыл кейін өтіп отырған Токио олимпиадасы адамдарға, жанкүйерлерге шын мәнінде қуаныштан гөрі сәл болса да, қорқыныш, үрей әкелгені жасырын емес. Оның басты себебі – әлемді буып тұрған індет.
– Алайда қиын кезеңге қарамастан, олимпиада басталып кетті ғой...
– Жапония бір жылға кешіктіріп болса да, олимпиаданы өткізуге бел буғанымен, Токио халқының 70-80 пайызы бұл доданың өтуіне қарсы. Ашылу салтанатында да халық наразылық акциясын жасағанын өздеріңіз жаздыңыздар. Өйткені олар жарыстан кейінгі елінің болашағын ойлайды. Күн сайын олимпиадада індетпен ауырып жатқан спортшылар бар екенін естіп жатырмыз. Сонда 16 күн ішінде әлемнің түкпір-түкпірінен келген 11 мыңнан астам спортшы мидай араласқан соң не қалады?
– Алғашқы сұраққа толық жауап ала алмадық. Спортшылардың олимпиадада жеткен жетістігін бағамдап берсеңіз.
– Жоғарыдағы айтқан мәселелерді ескерер болсақ, әзірге қорқатын еш нәрсе жоқ. Спортшыларымыздың нәтижесіне көз салған кезде «бұған не болды» деп сұрақ қоятын, көңілі толмай жататын жанкүйерлер көп. Олардың басым бөлігі – жарысты тек теледидардан көріп, радиодан тыңдап жүрген жанкүйерлер. Ал істің мәніне барып, болып жатқан барлық оқиғаны зерттеп, ғылыми тұрғыдан қарай алатын жанкүйерлер, менің ойымша, көп емес. Әрине, себеп айтумен іс бітпейтінін білеміз. Жарыс болған соң, жеңіліс пен жеңіс қатар жүретіні тағы бар. Сондықтан осы олимпиадаға Қазақстаннан аттанған 100-ге тарта спортшының аяқ алысы бүгінде жаман емес деп ойлаймын.
– Жүлде алған спортшыларымыздың нәтижесі көңілден шыға ма?
– Дзюдодан Рио олимпиадасында күміс медаль алған Елдос Сметовтің тарихи жеңісін 2016 жылы көзіммен көріп, қуандым. Елдос осы жолы да алтынға лайық балуан еді. Әйткенмен Токио төрінде қола жүлде алып берген оған ешқандай өкпе жоқ. Бастысы, олимпиада медалін тағып, ел қоржынына медаль салды. Ауыр атлеттер Игорь Сон мен Зүлфия Чиншанло да жарады. Игорь ұлты өзге болғанымен, өз елімізде туған бала. Зүлфия да бөтен емес. Қаншама қиындықты бастан өткерсе де, осындай биік тұғырға қайта шығып отыр. Сондықтан бұларға тек алғыс айтуымыз керек.
– Енді кімдерге сенім артамыз?
– Бізде үміт артар спортшылар көп емес. Дегенмен сеніп отырған саңлақтарымыз бар. Әрине, бірінші кезекте Қамшыбек Қоңқабаев, Бекзат Нұрдәулетов бастаған боксшыларымыз тұрады. Өйткені тәуелсіздік алғаннан бері қатысқан барлық олимпиададан олар алтын жүлдесіз оралып көрген емес. Сол дәстүр биыл да сақталып, Олимп төрінде көк туымызды жоғары көтерсе екен дейміз. Жүзуден Рио-де-Жанейро олимпиадасының жеңімпазы Дмитрий Баландинді фавориттер қатарына қосуға болады.
Тағы бір көп адам біле бермейтін спортшымыз бар. Спорттық гимнастикадан Милад Карими деген ұлты басқа болғанымен, өз елімізде туған азамат. Милад олимпиаданың алғашқы іріктеу сайыстарында спорттық гимнастиканың үш түрінен финалдық кезеңге шықты. Осы бала жеңімпаз болуға тиіс спортшының бірі. Сол азаматымызға қамқорлық жасап, арқадан қағып, бар мүмкіндігімізді аямасақ, Токиодан жүлде алып келетіндердің бірі.
Төртінші олимпиадасына қатысып отырған Ольга Рыпакова секілді жеңіл атлетімізді төбемізге көтеруіміз керек. Ашылу салтанатында ұлттық киімімізді киіп, әлемге өз брендімізді паш еткен Ольга бұған дейінгі бірде-бір олимпиададан жүлдесіз оралған жоқ. Ол, сөзсіз, аты алтын әріппен жазылатын спортшылардың қатарына кіреді. Басқа да спортшылардан үміт мол. Кіл мықтылар жиналатын спортшылардың арасынан суырылып шығу оңай емес. Дегенмен өрендеріміз өздеріне лайық өнерлерін көрсетіп, бұрын жеткен биік белестерден сәл де болса нәтижесін жақсартса деген арман бар.
Қолдауы жоқ спортшы жеңіске жете алмайды. Оны жақсы білесіздер. Осы Токио олимпиадасына дайындық барысында Ұлттық олимпиадалық комитет маңдай терін төкті-ақ. Өйткені жан-жақта орын алған қиын жағдайға қарамастан, спортшыларды дайындау, оларға оқу-жаттығу жиындарын өткізу, өздеріне лайықты спортшылармен кездесетін жарыстарға жіберу керек болды. Тіпті арнайы киім дайындатып, спортшыларға барлық қажетті құралдарын берудің өзі үлкен күш-жігерді талап ететіні сөзсіз. Сондықтан да Ұлттық олимпиадалық комитеттің төккен тері далаға кетпесе екен деп, үйде тақымымызды қысып отырған жайымыз бар.
Ең бастысы, үмітсіз емеспіз. Жоғарыда айтқан, қос қолдың саусағымен санайтындай спортшылардың өзін топ басына қойғанда, Қазақстан бұрынғы өзі жеткен биіктерге шыға алады. Әмсе, сол биіктерден еңсеміз түспей, жарыстың ашылу салтанатында желбіреп шыққан көк туымыз елге қайтарда да желбіреп қайтсын деген тілек білдіремін.