Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ, Сейдахмет Бердіқұлов атындағы журналистика сыйлығының лауреаты: БӘЙТЕРЕКТІҢ БҰТАҒЫМЫН
— Бүгінгі буын Сейдахмет Бердіқұловты спорт журналисі ретінде ғана біледі. Ал сіз білетін Сейдағаңның ер-жігітке тән басқа қандай қырлары бар?
Мысалы, қандай редактор болды, кісілігі мен ірілігі, азаматтығы мен ұстанымы туралы айтып берсеңіз.
— Шынымен де «Сейдахмет Бердіқұловты бүгінгі буын біле ме, жоқ па?» деген сұраққа мен де тосылып қаламын. Сейдағаңның жазуы бөлек еді, бір сөзі бір сөзін қуалап кете беретін. Сейдахмет туабітті редактор еді. Оның санасында идея деген асып-төгіліп жататын. Бердіқұлов редактор болып тұрған жылдары қандай ғажайып газет шығарды. Қаншама мықты журналистерді тәрбиелеп қатарға қосты. Сейдағаңның алдын көрген жүзден астам журналист осы күні мықты редактор, сауатты журналист, үлкен басшы болып отыр. «Лениншіл жаста» 12 бөлім болды, Сейдағаң бөлімдер арасында газет шығарудан жарыс өткізетін. Табиғатындағы спортшылық қасиетінің газет бетіндегі көрінісін солай жасайтын. Газеттің әрбір нөмірін бір тақырыпқа арнайтынбыз. Сол жылдары «Лениншіл жастың» тиражы 300 мыңға жетті. Ондай таралым басқа газеттерде болмаған. Бердіқұловтың редакторлықтағы керемет бір қолтаңбасы – тақырып қойғыштығы. Материалыңды оқып шығып, солақай қолымен сарт еткізіп бір сүйкей салады. Тақырып мөлдіреп түсе қалатын.
— Спорт туралы жазатын журналистер қазір көп шығар, Сейдағаңдардың тұсында болмады ғой. Сейдағаң мұндай жаңа жанрға қалам тартуды кімнен үйренді, кімдерді ұстаз тұтты, қалай меңгерді?
— Ол кісі 1970 жылдары Англия мен Мексикада өткен футболдан әлем чемпионатында СССР саяхатшылар тобының құрамында барып, теңбіл доптың тойын өз көзімен көріп келген адам. Келе салып «Жұмыр жерде теңбіл доп» деген кітап жазды. Спортқа деген құштарлығы ауылда оянған. Жамбыл ауданының Қарақыстақ деген ауылында өскен бала ғой. Ешкі жүнінен киіздоп жасап, соны теуіп өскен қарасирақ. Волейболды да жақсы көрді жарықтық. Редакцияға үстел теннис қойдырып, жұмыстан кейін ойнайтынбыз.
Иә, спорт туралы әдебиеттер көп болған жоқ ол кезде. Қалмұхан Исабаевтың «Қажымұхан» сияқты бірлі-жарым кітаптары болмаса, спорт әдебиетінен кенде болдық. Соның орнын толтыруға ең бірінші қолына қалам алып кіріскен – С.Бердіқұлов. Ол кісінің қаламынан туған «Мұңайып оянған қала», «Аспаннан шұға жауған күн» сияқты кітаптары талантты спорт жазушысы екенін дәлелдейді. Бердіқұловтың алдында қазақ журналистикасында спорт тақырыбын жазатын ұстаз болмаса да, спортқа деген құмарлық пен дарынының арқасында Сейдахмет өз мектебін қалыптастырған аңыз адам.
— Сейдахмет Бердіқұлов «Лениншіл жасқа» редактор болып келгеннен кейін, жалпы қазақ газеттерінде жаңашылық пайда болды деп айтылады. Қазақ газеттеріне Бердіқұлов әкелген жаңашылықты таратып айтып беріңізші.
— Бірінші беттің үстіне сол нөмірдің ең негізгі айшықты тақырыбын шығаратын айғайлатып тұрып. Ол да өзінше форма. Газет безендіру жұмысы үшін Сейдағаң хатшылық бөлімде бес адамға дейін ұстады. Бүгінгідей компьютер жоқ. Қағазға сызады, өшіргішпен өшіреді. Қолмен сызған макетті баспаханаға апарады. Ол жақта да машақат. Қорғасынмен құяды, әріптерді теріп орналастырады дегендей… Осындай қиындықтарына қарамай, Сейдахмет аға газеттің безендірілуіне ерекше көңіл бөлетін. Ол кезде қазіргідей түрлі-түсті газет шығару деген мүмкіндік болған жоқ. Бірақ әріптердің формасын ойнатып беріп, газеттің суретшісіне суретін салғызып тұрып, әртүрлі дизайнерлік әдістерге баратын. Тақырыпқа көлеңке түсіру, сұрғылт, кейде бозғылт түспен беру сияқты шығармашылық шешімдерге көбірек мән беретін. Ол жағынан идея құйылып жататын.
Бердіқұлов облыстарда бір-бір тілші ұстады. Бұл жағынан мықты журналистерді таңдады. Мысалы, қазақ әдебиетінің шоқтығы биік тұлғалары Ақселеу Сейдімбек, Фариза Оңғарсынова, Жомарт Әбдіхалықов секілді мықты-мықты азаматтар өңірлердегі «Лениншіл жастың» өз тілшісі қызметін атқарды.
Бүгінгі күні қазақ әдебиетінің алтын діңгектері болып отырған ақын-жазушылар ең бірінші «Ленишіл жасқа» шығуға тырысатын. Бұл газетке шығу – жазушы біткеннің арманы еді. Өйткені Сейдағаң мықты газет жасады, халық күн сайын асыға күтетін басылымға айналдырды. Төртінші бетін тұтастай спортқа арнадық. «Сейсенбілік спорт беті», «Сол саңлақтар қайда екен?», «Спорт күнделігі» деп аталатын. Спорт жаңалықтарын тұрақты беруді Бердіқұлов Мәскеу олимпиадасынан кейін қолға алды. Шынымды айтсам, үлкен өмірге де, спорт журналистикасына да жолдама берген – Сейдахмет Бердіқұлов. Сондықтан да 90 жылы аталып өтіп жатқан ұстазыма күн сайын басымды иемін! Қазақ спорт журналистикасының тойы күзге қарай мемлекеттік деңгейде атап өтілуі керек. Тиісті басшыларға, министрлерге хат жаздым, уәделерін алып отырмын. Той құтты болсын!