Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:55

Нетаньяху АҚШ-қа шұғыл аттанды: күн тәртібінде – «Иран мәселесі»

Биньямин Нетаньяху
Биньямин Нетаньяху. Фото: Sean Gallup / Getty Images

10 ақпанда Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Вашингтонға шұғыл сапармен аттанды.

Бұл туралы ақпарат АҚШ арнайы өкілдерінің Оманда Иран сыртқы істер министрімен ядролық келісім бойынша келіссөз өткізгенінен бір күн өткен соң жария болды.

Бастапқыда Нетаньяху 18 ақпанда Ақ үйде Дональд Трамппен кездесуді жоспарлаған. Алайда Ақ үйдегі дереккөздердің Axios басылымына айтуынша, Израиль премьері сапарын бір аптаға ертерек өткізіп, келесі сәрсенбіде кездесуді сұраған.

Сапар мерзімінің өзгеруі Нетаньяхуға 19 ақпанда өтуі тиіс болған Газа мәселесіне арналған Тыныштық кеңесі жетекшілерінің жиынына қатыспауға да мүмкіндік береді. Бұл жиын Израильдің ішкі саяси алаңында қызу пікірталас тудыруы ықтимал еді.

Израиль Трамптың шешіміне ықпал еткісі келеді

Трамп жұма күні Оманда АҚШ пен Иран арасында «өте жақсы келіссөздер» өткенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Иранның ядролық келісімге қатысты ұстанымы өткен жылмен салыстырғанда «неғұрлым қолайлы» бола түскен.

Axios дерегіне сүйенсек, Израиль Вашингтонның Иранға қатысты шешіміне ықпал етуді көздейді. Нетаньяхудың пікірінше, кез келген жаңа келісім Иранның баллистикалық зымырандарына шектеу қоюды және Тегеранның аймақтағы одақтастарына қолдауын тоқтатуды қамтуы тиіс.

Келіссөздер аясында Трамптың арнайы өкілдері Джаред Кушнер мен Стив Уиткофф осы аптада Араб теңізінде орналасқан USS Abraham Lincoln әуе тасымалдаушы кемесіне бармақ. Бұл кеме АҚШ-тың Иранға қарсы ықтимал әскери сценарийіндегі негізгі соққы күші саналады. Оған АҚШ Орталық қолбасшылығының басшысы адмирал Брэд Купер де барады.

Трамп Батыс жағалауды аннексиялауға қарсы

Сонымен қатар Трамп Израильдің басып алынған Батыс жағалауда аннексияға жақын қадамдарын қолдамайтынын айтты.

Ақ үй өкілдері де Израиль қауіпсіздік кабинетінің шешіміне алаңдаушылық білдіріп, оның салдары зерттеліп жатқанын жеткізді. «Тыныш Батыс жағалау – Израиль қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және аймақта бейбітшілікке қол жеткізу жөніндегі әкімшіліктің мақсаттарына сай келеді», – деді Ақ үй өкілі.

Израильдің жоспары қандай?

8 ақпанда Израиль Қауіпсіздік кабинеті мақұлдаған шаралар Батыс жағалаудағы бақылауды айтарлықтай кеңейтуді көздейді. Бұл қадамдар Осло келісіміне қайшы келеді.

Жаңа саясат еврей қоныстанушыларына Батыс жағалауда жер сатып алуды жеңілдетеді, сондай-ақ Палестина әкімшілігі юрисдикциясындағы аумақтарда Израиль полициясының үйлерді бұзуын оңайлатады. Сарапшылардың пікірінше, мұндай шешімдер болашақ Палестина мемлекетінің құрылу перспективаларын әлсіретуі мүмкін.

Бұған дейін, желтоқсанда өткен кездесуде Трамп пен оның өкілдері Жаред Кушнер және Стив Уиткофф Нетаньяхудан Батыс жағалаудағы жағдайды ушықтырмауды сұраған болатын.

Нетаньяхудың Вашингтон сапары барысында бұл мәселе ресми түрде көтеріле ме – әзірге белгісіз. Бірақ аймақтағы геосаяси ахуал күрделене түскен шақта бұл кездесу Таяу Шығыстағы қауіпсіздік архитектурасына тікелей әсер етуі ықтимал.