Нетаньяху: Газа секторында Палестина мемлекеті құрылмайды
Биньямин Нетаньяху Израиль Газа секторында Палестина мемлекетін құруға жол бермейтінін мәлімдеді.
Оның айтуынша, өңір толық демилитаризацияланбайынша, ал радикалды ХАМАС толық қарусыздандырылмайынша, Газаны қалпына келтіру басталмайды.
Нетаньяху Израиль Иордан өзенінен Жерорта теңізіне дейінгі бүкіл аумаққа, соның ішінде Газа секторына да бақылауды сақтап қалу ниетінде екенін атап өтті.
«Демилитаризацияға дейін Газаны қайта қалпына келтіреміз деген пікірлерді естіп жүрмін — бұл болмайды. Түркия мен Катар әскерін Газаға орналастырамыз деген әңгіме де шындыққа жанаспайды. Газада Палестина мемлекетін құруға жол беріледі деген сөз де болған емес және болмайды», - деп келтіреді Нетаньяхудың сөзін The Times of Israel.
Премьер-министрдің айтуынша, 26 қаңтарда соңғы кепілге алынған – 24 жастағы Ран Гвилидің мәйіт қалдықтары қайтарылғаннан кейін Израильдің негізгі басымдығы ХАМАС қару-жарағын жою мен Ғазаны демилитаризациялау болып отыр. Бұл жұмыс жауынгерлер қазған туннельдерді жоюды да қамтиды.
«Аталған жұмыстар қарапайым жолмен де, күрделі жолмен де іске асады, бірақ қандай жағдайда да орындалады», - деді ол.
Таяу Шығыстағы ахуал 2023 жылғы 7 қазанда күрт ушықты. ЕО мен АҚШ террористік ұйым деп таныған ХАМАС Израильге жаппай шабуыл жасап, шамамен 1200 адам қаза тапты, 250-ге жуық адам кепілге алынып, Газаға әкетілді. Кепілдегілердің бір бөлігі айырбас арқылы немесе босатылды, бір бөлігі қаза тапты.
Жауап ретінде Израиль ХАМАС-қа қарсы соғыс жариялады. Газа секторындағы құрлық операциялары мен әуе соққылары салдарынан 71 мыңнан астам палестиналық қаза тауып, шамамен 170 мың адам жараланғаны хабарланды.
2025 жылдың қазанында Израиль үкіметі мен ХАМАС АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі ұсынған бейбіт жоспар аясында оқ атуды тоқтатуға келісті. Келісімнің орындалуына АҚШ, Түркия, Қатар және Мысыр кепіл болды. Алғашқы кезеңде ХАМАС тірі қалған израильдік кепілдегілерді қайтарды, ал Израиль түрмелерінен палестиналық тұтқындар босатылды.
Қаңтардың ортасында Ақ үй Трамптың Газадағы әскери іс-қимылды аяқтау жоспарының екінші кезеңі басталғанын хабарлады. Жоспарға сәйкес, «Бейбітшілік кеңесі» және оған есеп беретін Ұлттық комитет құрылып, бұл құрылымдар өңірді Палестина ұлттық әкімшілігі басқаруды қабылдауға дайын болғанға дейін уақытша басқарады.