Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:47, 28 Наурыз 2025

Нетаньяху Газаны толық басып алу туралы мәлімдеме жасады

Биньямин Нетаньяху
Биньямин Нетаньяху. Фото: Sean Gallup / Getty Images

Исраил егер палестиналықтар Тел-Авивтің шарттарын орындамаса, бүкіл Газаны аннексиялайтынын ескертті.

Исраил премьер-министрі Биньямин Нетаньяху егер ХАМАС тұтқында отырған израиль азаматтарын босатпаса, Газаны толықтай басып алатыны туралы қатаң мәлімдеме жасады. Бұл ескерту Израильдің екі аптаға созылған әуе шабуылдарынан кейін айтылды. Тек кейінгі бірнеше күннің ішінде ғана 800-ден астам палестиналық қаза тапты.

Нетаньяху мәлімдемесінде ХАМАС кепілдегі азаматтарды босатуды кешіктірген сайын, Израильдің әскери әрекеттері күшейе түсетінін атап өтті. Ол басып алу және басқа да қатаң шаралар қолданылатынын мәлімдеді.

Алайда, іс жүзінде Израиль бейбіт келіссөздерден бас тартып, соғысты тоқтату туралы кез келген ұсынысты қабылдамай отыр. Тель-Авив жүргізіп отырған әскери агрессия мен палестиналықтарға көрсетіліп жатқан қысым ультраоңшыл саяси топтардың талаптарына сәйкес келеді.

Бұған дейін Израильдің қорғаныс министрі Йоав Галант та Газаны толық бақылауға алу жоспары бар екенін мәлімдеген болатын.

Қазіргі уақытта Израиль шабуылдарын азайту немесе Газаға гуманитарлық көмек жіберу мақсатында шекара өткелдерін ашу ниетін білдірмей отыр.

Ғазадағы гуманитарлық дағдарыс

Газадағы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 18 наурыздан бері Израильдің жаңа шабуылдары салдарынан 830 палестиналық қаза тапқан, 1787 адам жараланған. Құрбандардың басым бөлігі – әйелдер мен балалар.

БҰҰ-ның мәліметі бойынша, Израильдің шабуылдары мен эвакуация бұйрықтары салдарынан тағы 124 мың палестиналық үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған.

2023 жылдың қазан айынан бері Газада жалғасып жатқан әскери әрекеттерде 50 мыңнан астам палестиналық көз жұмды, олардың көпшілігі әйелдер мен балалар. Жараланғандардың саны 113 мыңнан асты.

Оқ атуды тоқтату келіссөздері тығырыққа тірелді

Газада құрбандар саны артып жатқанда, Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты тоқтату жөніндегі келіссөздер тоқтап қалды. АҚШ, Катар және Мысыр делдал ретінде қатысқан келіссөздердің бірінші кезеңі 1 наурызда аяқталған болатын, алайда екінші кезең басталмады.

ХАМАС Израильді бейбіт келіссөздерді әдейі бұзды деп айыптап отыр. Бұл келіссөздер палестиналық анклавтағы соғысты толығымен тоқтатуға бағытталған еді. Алайда, Израиль әскери операцияларын жалғастыруға мүдделі екенін көрсетті.

Газадағы соңғы оқиғалар

Кейінгі тәулікте Израильдің әскери ұшақтары Газадағы бірнеше аймаққа әуеден соққы жасады. Бұл шабуылдардан ондаған адам қаза тауып, жараланғандар саны күрт артты. Израиль әскері солтүстік және орталық Газа секторларында жерүсті операцияларын кеңейтіп, палестиналық топтармен қақтығысты жалғастырып жатыр.

Халықаралық қауымдастық тарапынан Израильге қысым күшейіп келеді. БҰҰ мен басқа да ұйымдар Израильден соғысты тоқтатуды талап етсе де, Тель-Авив әскери әрекеттерін жалғастыруда. Бұл аймақтағы гуманитарлық жағдайдың одан әрі ушығуына әкелуі мүмкін.