Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:28

Нетаньяху Ливанмен тікелей келіссөз бастайды

Биньямин Нетаньяху
Биньямин Нетаньяху. Фото: Sean Gallup / Getty Images

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Ливанның орталық билігімен тікелей келіссөздер бастау туралы тапсырма берді.

 Бұл туралы BBC жазды.

— Ливан тарапынан тікелей келіссөздерді бастау туралы бірнеше өтініш түскенін ескере отырып, мен кеше үкіметке Ливанмен тікелей келіссөздерді мүмкіндігінше тезірек бастауды тапсырдым, — деді Израиль премьер-министрі.

Нетаньяхудың айтуынша, келіссөздердің негізгі тақырыптары «Хезболланы» қарусыздандыру және Израиль мен Ливан арасында бейбіт қатынас орнату болмақ.

— Израиль Ливан премьер-министрінің Бейрутты демилитаризациялау жөніндегі бүгінгі үндеуін құптайды, — деп қосты ол.

BBC мәліметінше, Ливан президенті Жозеф Аун кеңсесі CNN телеарнасына Нетаньяхудың мәлімдемесіне қатысты түсініктеме бермейтінін хабарлаған.

Айта кетейік, Израильдің Ливандағы «Хезболлаға» қарсы операциясы – тараптар арасындағы бітім шарттарын түсіндірудегі басты қайшылықтардың бірі.

Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Саид Хатибзаде бұған дейін BBC-ге берген сұхбатында 8 сәуір, сәрсенбі күні Израильдің Ливанға жасаған әуе соққылары АҚШ пен Иран арасындағы бітімді өрескел бұзу екенін мәлімдеген. Ол Израильді Ливанда «жаппай қырғын жасады» деп айыптады. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 203 адам қаза тапқан.

Хатибзаде сондай-ақ АҚШ «агрессиясын» тоқтатса, Ормуз бұғазы қайта ашылатынын айтты.

Бұған дейін Израиль Иранға соққыларды тоқтатқанымен, Ливандағы операцияларын жалғастырғаны хабарланған. Кейін 9 сәуір күні Ливанда Бейрут және басқа қалаларға жасалған израильдік бомбалаулар салдарынан 250-ден астам адамның қаза болуына байланысты ұлттық аза тұту жарияланғаны белгілі болды.