Нетаньяху тағы да Палестина мемлекетінің құрылуына қарсы шықты
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Палестина мемлекеттілігіне қатысты өз ұстанымының өзгермегенін қайта мәлімдеді.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху 16 қараша күні өткен үкімет отырысында Палестина мемлекетінің құрылуына қарсы екенін тағы бір рет айтты. Ол бұл мәлімдемесін ультраоңшыл министрлер тарапынан нақты ұстаным білдіру туралы шақыруларға жауап ретінде жасады.
Бұған дейін ультраоңшыл партиялардың министрлері Бецалель Смотрич пен Итамар Бен-Гвир АҚШ президенті Дональд Трамптың бейбітшілік жоспарын қолдайтын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі жобасында Палестина мемлекетінің құрылуы «жолы» туралы тұжырым пайда болған соң, премьер-министрден бұл идеяны ашық түрде жоққа шығаруды талап еткен еді. Егер Нетаньяху нақты әрекет жасамаса, Бен-Гвир үкімет коалициясынан шығатынын ескерткен.
Биньямин Нетаньяху қыркүйек айында Ақ үйге сапары барысында Трамп жоспарын қолдауға келіскен болатын. Осыдан кейін ол Палестина мемлекетінің құрылуы туралы нақты пікір білдірмей келген.
22 қыркүйекте Франция президенті Эммануэль Макрон БҰҰ Бас Ассамблеясының ашылуында тәуелсіз Палестина мемлекетін мойындағанын жариялады. Бір күн бұрын Ұлыбритания, Канада, Аустралия және Португалия да дәл осындай мәлімдеме жасаған. Жалпы алғанда, 22 қыркүйектегі жағдай бойынша БҰҰ-ның 153 мүше мемлекеті мен Ватикан Палестинаның тәуелсіздігін мойындаған.
Германия сыртқы істер министрі Йоханн Вадефуль елінің екі мемлекетті шешімі бойынша келіссөздер аяқталмайынша Палестинаның тәуелсіздігін мойындау ниеті жоқ екенін айтты. Сонымен қатар, ол мұндай келіссөздер «қазір басталуы керек» деп мәлімдеп, бұл Израиль мен Палестина халқына «бейбіт өмір сүруге, қауіпсіздікке ие болуға мүмкіндік беруі тиіс» екенін атап өтті.