Нетаньяху Трамптан Иранға шабуыл жасамауды сұраған – БАҚ
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху АҚШ президенті Доналд Трампқа Иранға қарсы шабуыл жасамауды ұсынған болуы мүмкін.
Бұл туралы Axios порталы америкалық және израильдік ресми тұлғаларға сілтеме жасап хабарлады.
Басылымның мәліметінше, екі ел басшылары 14 қаңтар күні, АҚШ Иранға соққы беруі мүмкін деген күні, телефон арқылы сөйлескен. Сол әңгіме барысында Нетаньяху Трампқа Израильдің Иран тарапынан болуы ықтимал жауап соққыларынан қорғануға толық дайын еместігін айтқан. Сонымен қатар, аймақта Иран зымырандарын ұстап қалу үшін Израильге көмектесетін АҚШ күштері жеткіліксіз екенін ескерткен.
Нетаньяху АҚШ-тың Иранға қатысты қазіргі жоспары жеткілікті деңгейде әсерлі емес және күтілетін нәтижеге әкелмейді деген пікір білдірген. Бұл туралы басылым Израиль премьер-министрінің көмекшісінің сөзін келтіреді.
Axios хабарлауынша, Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман да Трамптың Иранға шабуыл жасауына қарсы шыққан.
«Аймақта әскери техниканың жеткіліксіздігі, Израиль мен Сауд Арабиясының ескертулері, сондай-ақ АҚШ кеңесшілерінің алаңдаушылығы және ирандықтармен бейресми арналар арқылы жүргізілген құпия келіссөздер Трамптың шабуылдан бас тарту туралы шешім қабылдауына әсер етті», – деп жазады басылым.
Бұған дейін Доналд Трамп Иранда өтіп жатқан наразылық акциялары аясында елге қарсы күш қолдану мүмкіндігін жоққа шығармаған еді.