Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:55

Нетаньяху Трампты Нобель сыйлығына ұсынды

Нетаньяху
Фото: БАҚ

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху АҚШ президенті Дональд Трампты Нобельдің бейбітшілік сыйлығына ұсынды. 

Дүйсенбі күні Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Ақ үйге барып, АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесті. Бұл олардың Трамп Иранның ядролық нысандарына соққы беруді бұйырғаннан кейінгі алғашқы бетпе-бет кездесуі болды. 23 маусымда Трамп Израиль мен Иранның атысты тоқтату туралы келісімге келгенін мәлімдеді. Бұл 12 күнге созылған өзара шабуылдарға нүкте қойды. Сол кезде АҚШ президенті бұл бітім Иран мен Израиль арасындағы «мәңгілік» болады деп сенім білдірген.

Кешкі ас басталар алдында журналистер АҚШ президентінен Газа секторындағы атысты тоқтату жөніндегі келіссөздердің барысы туралы сұрады. Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығыс 22 айдан бері жалғасып келеді.

«Мен қандай да бір кідіріс бар деп ойламаймын. Барлығы жақсы жүріп жатыр. Екі тарап та кездескісі келеді, атысты тоқтатқысы келеді», - деді Трамп.

Нетаньяху да өз кезегінде Израиль Газа секторын толықтай палестиналық әкімшілікке бермейтінін, бұл аймаққа бақылауды сақтап қалатынын айтты.

«Кейбіреулер бұл палестиналық толыққанды мемлекет емес деп айтуы мүмкін, бірақ біз үшін бұл маңызды емес», - деді ол.

6 шілде күні Трамп Израиль мен ХАМАС арасындағы келісімге жақын күндері қол жеткізу мүмкіндігі бар екенін айтқан болатын. Ақ үйдің баспасөз хатшысы Каролин Ливиттің айтуынша, Трамп үшін Таяу Шығыстағы басты басымдық – Газа секторындағы соғысты тоқтату және барлық израильдік тұтқынды елге қайтару.

«Мен сізге Нобель комитетіне жолдаған хатымды табыстағым келеді. Бұл хат сізді Бейбітшілік сыйлығына ұсынады. Сіз бұл марапатқа әбден лайықсыз және оны алуыңыз керек», - деді Израиль премьер-министрі.

Ол сондай-ақ АҚШ басшысының жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті, әсіресе Таяу Шығыста орнату жолындағы еңбегін жоғары бағалайтынын атап өтті. Трамп бұл ұсыныс туралы алғаш рет естіп отырғанын айтып, алғысын білдірді. Жиын барысында Нетаньяху Нобель комитетіне жолданған ресми ұсыным хатының көшірмесін АҚШ президентіне табыс етті.

Айта кетейік, 13 маусымда Израиль «Халық арыстандай» атты әскери операциясын бастап, Иранның ядролық нысандарына соққы жасады. 12 күнге созылған өзара зымыран шабуылдарынан кейін, 24 маусымда Иран мен Израиль атысты тоқтату туралы келісімге келді. Әскери операция кезінде Израиль Иранның ең ірі ядролық және қорғаныс объектілерін нысанаға алды. 22 маусымда АҚШ Израильге қолдау білдіріп, Исфахан, Натанз және Фордо қалаларындағы ядролық инфрақұрылымдарға соққы жасады.

The Guardian басылымының жазуынша, Трамп Нетаньяхудан Израиль мен ХАМАС арасындағы 21 айға созылған Газа секторындағы соғысты тоқтату туралы бітімге келуді талап етуі мүмкін.

Бұған дейін де Дональд Трампты Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсыну ұсыныстары болған. Мысалы, республикашыл конгрессмен Бадди Картер Нобель комитетіне жолдаған хатында Трамптың әлемдегі ең ірі терроризмді қолдаушы мемлекеттердің бірі – Иранның жойқын қаруға қол жеткізуіне жол бермегенін, бұл бағытта тарихи және ерекше рөл атқарғанын айтқан.

2024 жылдың қаңтарында республикашыл партия өкілі, өкілдер палатасының мүшесі Клаудия Тенни Трампты «Авраам келісімдері» бойынша бейбітшілікке қосқан үлесі үшін Нобель сыйлығына ұсынды. Бұл келісімдер 2020 жылдың қыркүйегінде Трамптың бірінші президенттік мерзімі кезінде Вашингтонда Израиль мен Бахрейн және Біріккен Араб Әмірліктері арасында АҚШ-тың араағайындығымен жасалған болатын. Бұл мәміле Авраам пайғамбардың атымен аталып, ислам, христиан және иудаизм секілді авраамдық діндер өкілдерін байланыстырады.

Сонымен қатар 2024 жылдың маусымында Пәкістан үкіметі де Трамптың бейбітшілік саласындағы еңбегін атап өтіп, оны Нобель сыйлығына ұсынды. Олар Трамптың Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленісті дипломатиялық жолмен шешуге қосқан үлесін жоғары бағалап, оны «аса көреген саясаткер» деп атады.

Өз кезегінде Трамп бұл сыйлыққа лайық екенін бірнеше рет мәлімдеген, бірақ оған бұл марапатты береді деп сенбейтінін де жасырмаған.