Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 15:51

“Неуловимый Ермек”: Тұрсыновтың елге оралуын заңгер сынға алды

Тұрсынов
Фото: zhasalash.kz

Екі ай бұрын Қазақстаннан кетіп, көпшілікті таңғалдырған режиссер Ермек Тұрсынов елге қайта оралатынын мәлімдеді. 

Алайда бұл шешімі қоғамда біраз ой туғызды. Атап айтқанда, заңгер Ержан Есімханов режиссердің әрекетін қатты сынға алды. Ол бұл жағдайды ешкімге керек емес болған соң ұстатпайтын "Неуловимый Джо" туралы анекдотпен салыстырды.

— Тұрсынов мамырда елден кеткенін салтанатты түрде мәлімдеді. Себеп ретінде – шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік жоқ екенін айтты. Бұл біраз адамның таңданысын туғызды, себебі режиссердің соңғы жылдардағы фильмдерінің басым бөлігі мемлекет қаржысына түсірілген. Яғни, бір қолымен ақша беріп, екінші қолымен шектеу қойғандай, - деді Есімханов.

Ол Тұрсыновтың елден кету себебін тек қысыммен емес, «мәдени деградациямен» байланыстырғанын да еске салды. Бұл ойларын ол Ольга Бузованың Қонаевтағы концертімен негіздеуге тырысты. Бірақ Есімхановтың айтуынша, бір ғана әншінің бір казинодағы кешін күллі ұлттың құлдырауымен байланыстыру қисынсыз.

— Сонда бұл елден кетудің себебі — елдің «мәдени түрде құлдырауы» ма? Енді екі ай өткен соң қайта келу себебі не? Осы екі айда біз қайта өрлеп кеттік пе? Егер солай болса, маған да айтыңыздар, жақсы жаңалықтарды сағынып қалыппын, - деп мысқылдайды заңгер.

Есімханов Тұрсыновтың соңғы он жылда қоғамға әсер еткен бірде-бір фильм түсірмегенін атап өтті. «Келін» мен «Шал» — жақсы туындылар. Ал үшінші фильмі «Кенже» — асығыс жасалған әрі мағынасыз жұмыс болғанын айтты.

- Ал жас режиссерлер үндемей жүріп-ақ, керемет фильмдер түсіріп жүр. Оларға Бузова да, «деградация» да кедергі болған жоқ. Таңғаларлық, иә? - деп түйіндеді ол.

Еске салсақ, Тұрсынов елден кетуінің себебі ретінде шығармашылыққа қысым жасалғанын айтқан еді. Алайда заңгердің айтуынша, режиссердің туындыларының көпшілігі мемлекет қаржысына түсірілген. Бұл жағдайда "мемлекет қаржыландырады, бірақ шығармашылығыма кедергі келтіреді деген уәж — қисынсыз" дейді ол.

Елге қайта оралған Тұрсынов бұл сындарға қалай жауап беретіні әзірге белгісіз.