Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:43, 26 Тамыз 2021

Невада-Семей қозғалысына 30 жыл

None
None

Алматыда Семей полигонының жабылуына 30 жыл толуына орай арнайы шара өтті. Қазақ даласына үлкен қасірет әкелген сынақ алаңының жабылуына  «Невада–Семей» қозғалысының қосқан үлесі зор!

Ол КСРО мен Қазақстандағы алғашқы экологиялық қозғалыс болатын.

Атап өтер жайт, осыдан отыз жыл бұрын халықтың күшімен алғаш рет ядролық полигон жабылды және тұңғыш рет еліміз өз еркімен ядролық қарулардан бас тартты. Осының нәтижесінде әлемде де бірнеше полигон жабылды.Осы орайда тоқтала кетсек, 1949–1989 жылдарда Семей полигонында 470-тей  ядролық жарылыс жасалған. Оның  90-ы әуеде, 26-сы жер үстінде және 26-сы жер астында жүргізілген. Семей полигоны жабылғанымен оның зардабы толық жойылған жоқ. Әлі күнге сынақ алаңына жақын елдімекендерде тұрып жатқан тұрғындардың денсаулығы алаңдатып отырғаны жасырын емес. Ядролық сынақтың әсерінен ауру болған балалар қасіреті де аз болмады. Дегенмен Семей полигонының жабылуы жалпы қазақстандықтарға ғана емес, бүкіл адамзат үшін маңызды оқиғаға айналды. Қазақстаннан үлгі алып Семейден кейін Невада, Новая Земля, Лобнор, Муруроа қалаларындағы полигондар жабылды.

Семей полигонының жабылуына атсалысқан «Семей-Неведа» қозғалысының бастауында Қазақстанның халық жазушысы, ақын Олжас Сүлейменовтің тұрғаны мәлім. Атаулы күнге орай ақын Олжас Омарұлы «Негізі Семей ядролық полигонын жабу шешімін халық қабылдады. Қазақстанның халқы өз жері мен өз өмірін қорғау үшін бас көтерді. Полигонға жақын орналасқан облыстардағы екі миллионнан астам қазақстандық біздің 1989 жылы 28 ақпанда бастаған «Полигон жабылсын!» атты жанайқайымызға қолдау білдірді. Бұл күн қозғалыс ардагерлерінің ғана есінде. Ең алғаш полигондағы жарылыс 1949 жылдың 28 тамызында басталды. 1989 жылдың 28 ақпанында біздің қозғалыс пайда болды. Ең соңғы жарылыс 1989 жылдың 19 қазанында жерді күңіренткен еді. 1991 жылы 29 тамызда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық полигоны мәңгілікке жабылды. Көбінесе, осы маңызды күн ғана жиі айтылады. Негізі, жоғарыдағы барлық маңызды күндер туралы жастар біліп жүруі керек. Бұл ісімізбен мақтануға, жастарды тәрбиелеуге, қоғамдық сананы жаңғыртуға болады, бірақ біз жар сала бермейміз. Мектеп оқулықтарына енгізуге сұранып тұрған фактілер жоқ емес. Сонда ғана жер бетіндегі 5 полигонның бірін Қазақстан халқы жойғанын бәрі білетін болады» дейді. Расында да ядролық сынақтардан ең көп зиян көрген ел Қазақстанның бейбіт бастамалары қарудан ада әлем құру жолындағы күрестің жарқын үлгісі болып қала береді.

Алашорданың астанасы, Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов сынды абыройлы азаматтардың қасиетті өлкесі атанған Семей жері ХХ ғасырда жан түршігерлік сынаққа ұшырап, КСРО-ның негізгі ядролық полигонына айналса, одан бергі отыз жылда сынақ зардабын жою жұмыстары әлі жүргізіліп келеді. Бүгінгі күні ядролық қаруға қарсы бастамаларды ілгерілету және халықаралық қауіпсіздікті нығайту жұмыстары мемлекетімізідң басты ұстанымына айналған. Адамзатты ядролық қарудан азат етуге және жаппай қырып-жоятын қаруды таратпауға бағытталған Қазақстанның саясатын халықаралық қоғамдастық мойындады. Сондықтан БҰҰ Бас ассамблеясы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күрес күні деп жариялады.

Тегтер: