Нигерияда қарулы топтар ұрлап әкеткен тағы 130 мектеп оқушысы босатылды
Нигерияда католиктік интернат-мектепке шабуыл жасаған қарулы топтар ұрлап әкеткен тағы 130 мектеп оқушысы босатылды.
Бұл қараша айының соңында ұрланған 303 баланың соңғы тобы екені хабарланды. Ақпаратты ел президентінің өкілі растады.
Нигерия президентінің кеңесшісі жексенбі, 21 желтоқсан күні X әлеуметтік желісінде мәлімдеме жасап, оған босатылған балалардың суретін де тіркеген.
«Нигер штатынан ұрланған тағы 130 оқушы бостандыққа шықты. Қазір қарулы топтардың қолында бірде-бір бала қалған жоқ», - делінген хабарламада.
Алайда балалардың қалай және қандай жолмен босатылғаны туралы егжей-тегжейлі мәлімет берілген жоқ.
Еске салайық, 22 қарашада Нигерия христиандар қауымдастығы Нигер штатындағы Папири елді мекенінде орналасқан католик интернат-мектебінен 303 оқушы мен 12 мұғалімнің қарулы топтар тарапынан ұрланып кеткенін хабарлаған болатын. Кейінірек олардың 50-і өз бетімен қашып шыққаны белгілі болды.
Ал 7 желтоқсанда жергілікті Channels Television телеарнасы мен AFP агенттігі бір-бірінен тәуелсіз түрде 100 баланың босатылғанын хабарлаған.
Нигерияда қарулы қылмыстық топтар соңғы жылдары елдің солтүстік-батысы мен орталық аймақтарындағы ауылдық жерлерде адамдарды төлемақы талап ету мақсатында жаппай ұрлап келуде. Мұндай шабуылдар салдарынан мыңдаған адам қаза тапқан. Қарулы топтар бірнеше штат аумағын қамтитын қалың орманды өңірлерде жасырынып әрекет етеді.
Ел тарихындағы ең үлкен резонанс тудырған оқиғалардың бірі 2014 жылдың сәуірінде тіркелген. Сол кезде Boko Haram террористік тобы Чибок қаласындағы лицейден 276 қыз оқушыны ұрлап әкеткен. Кейін олардың бір бөлігі қашып құтылған немесе келіссөздер нәтижесінде босатылған.
Алайда Amnesty International ұйымының 2024 жылғы дерегіне сәйкес, сол кезде ұрланған 82 қыз бала әлі күнге дейін табылған жоқ.