Нығматулиндерге тиесілі зауыт жұмысы тоқтады – 528 қызметкердің 442-сі кәсіпорыннан кеткен
Қарағандыдағы Нығматулиндер әулетінің бақылауындағы YDD Corporation ферроқорытпа зауыты жұмысын тоқтатты. Бұған дейін кәсіпорында 528 адам еңбек еткен болса, соның 442-сі жұмыстан кеткен.
Бұл туралы ҚазТаг жазды.
Қазақстан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылғы 23 қазаннан 2026 жылғы 31 наурызға дейін кәсіпорында жұмыс берушінің кінәсінен, экономикалық себептерге байланысты тоқтап тұру режимі енгізілген. Осы кезеңде қызметкерлерге орташа жалақының 50 пайызы төленеді.
Қызметкерлердің қазіргі жағдайы:
-
55 адам – кәсіпорынның ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін жұмысын жалғастыруда;
-
33 адам – «Asia FerroAlloys» ЖШС-не ауыстырылған;
-
134 адам – «EkibastuzFerroAlloys» ЖШС-не жұмысқа орналастырылған;
-
31 адам – жалақының 50%-ын ала отырып, уақытша тоқтап тұруда;
-
275 адам – өз еркімен жұмыстан шығып, барлық өтемақысын алған.
Жұмыстан шыққан 275 адамның:
-
218-і Қарағанды қаласының мансап орталығы арқылы тұрақты жұмысқа орналасқан;
-
37-сі жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, жәрдемақы алып отыр;
-
20-сы – зейнеткерлер, декреттегі адамдар немесе жеке кәсіпкерлер.
Зауыттың тоқтау себебі
Кәсіпорында бұған дейін төрт пештің біреуі ғана жұмыс істеген, қалғандары «суық резервке» қойылған. Өндіріс өте энергияға тәуелді: өнімнің өзіндік құнының 70%-ға жуығы электр энергиясына жұмсалады.
Электр тарифтері күрт өскен:
-
2023 жылы – 16,8 теңге/кВт⋅сағ;
-
2024 жылы – 25 теңге/кВт⋅сағ;
-
2025 жылдың алғашқы сегіз айында – 38,9 теңге/кВт⋅сағ.
Қазіргі таңда кәсіпорын инвестициялық тариф алу үшін өтініш беріп, ол Энергетика министрлігі жанындағы жұмыс тобында қаралып жатыр.
Кәсіпорын туралы
YDD Corporation 2016 жылы іске қосылған. Негізгі қызметі – жоғары сапалы ферросилиций өндіру.
Бұл зауыт бұған дейін де бірқатар қайғылы оқиғалармен байланысты болған. 2024 жылғы 20 шілдеде №1 пеште жалынның кенеттен атқылауы салдарынан сегіз жұмысшы зардап шегіп, олардың төртеуі көз жұмған.
Республикалық арнайы комиссия негізгі кінә жұмыс берушіде екенін анықтаған: кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі талаптары толық сақталмаған. Соған қарамастан, пештің не себептен тұтанғаны нақты анықталмаған.
Бұл зауытта мұндай жағдай алғаш рет емес. 2022 жылы да балқыту пешінен жалын шығып, бір жұмысшы ауыр жарақат алған. Ол кейін мүгедектікке ұшыраған. Бірақ қылмыстық іс «ескіру мерзіміне байланысты» тоқтатылған.
Нығматулиндер әулеті туралы
Кәсіпорынның тең иелері қатарында:
-
бұрынғы Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің егізі Ерлан Нығматулин;
-
кәсіпкер Дінмұхамед Идрисовтың ұлы Жармұхамед Аппаз;
-
Давид Кемертелидзе бар.
Соңғы жылдары Нығматулиндер әулетіне қатысты рейдерлік, қаржы жымқыру және басқа да ауыр айыптаулар жиі айтылып жүр. Атап айтқанда, олардың ағасы Арғын Нығматулинге халықаралық іздеу жарияланған. Жақында оның Португалияда жасырынған болуы мүмкін екені туралы хабар тарады.
Арғын Нығматуллинның жұбайы Найле Бельбаева Мальтада тіркелген Heartwood Limited компаниясы арқылы осы елде құны шамамен 3 млрд теңгеге бағаланатын виллаға иелік етеді. Егер Арғын Нығматуллин расымен Еуропада жасырынса, бұл оны Қазақстанға экстрадициялау процесін едәуір қиындатуы мүмкін.
Нығматуллиндерге тиесілі вилла Португалияның оңтүстігіндегі курортты Картейра қалашығында орналасқан. Ең жақын ірі қала — Лагуш (шамамен бір сағаттық жол), ал астана Лиссабонға дейін үш сағатта жетуге болады. Картейрада 25 мыңға жуық тұрғын бар. Өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап бұл аймақ ауқатты португалдықтардың демалыс орны ретінде дамыған. Мұнда «Көк жалау» мәртебесіне ие жағажайлар, термалды бұлақтар мен гольф алаңдары бар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ІЗДЕУДЕГІ НЫҒМАТУЛИННІҢ БИЗНЕСТЕРІ МЕН РЕЙДЕРЛІК ІСІ
Қалашықтың маңындағы Fonte Santa («Қасиетті бұлақ») ауданында, Loule' Velho көшесінде орналасқан бұл зәулім үй Heartwood Limited компаниясының атына рәсімделген. Компания 2004 жылы Мальтада тіркелген, иесі – Найле Бельбаева. Google Earth деректеріне қарағанда, бұрын бұл жерде классикалық стильдегі, қызыл шатырлы, бағы мен бассейні бар вилла болған.
2017 жылы ескі үй бұзылып, орнына заманауи хай-тек үлгідегі жаңа вилла салынған. Қауіпсіздік мақсатында Нығматуллиндер бұл нысанның Google Street View-тегі көріністерін жапқан. Дегенмен, бұрынғы КСРО елдерінен шыққан ауқатты адамдарға тән ерекшелік — биік қоршау — бұл үйді өзгелерден айқын ерекшелендіріп тұр. Аймақтағы осындай жылжымайтын мүлік орта есеппен 5 млн еуро шамасында бағаланады. Ал бұл нысанның нақты құны (ескі үйді бұзу мен жаңасын салуды қоса есептегенде) белгісіз.
Сарапшылардың пікірінше, өндірістің тоқтауы тек экономикалық себептермен ғана емес, осы даулар мен тергеулердің әсерімен де байланысты болуы мүмкін.
Іс бойынша тексерулер мен тергеулер жалғасып жатыр.