Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:52, 23 Тамыз 2024

Нығматулинге тиесілі «YDD Corporation» зауытындағы апатқа жұмыс беруші кінәлі екені анықталды

в
Фото: metalmininginfo.kz

Парламент Мәжілісінің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің егіз інісі Ерлан Нығматулинге тиесілі «YDD Corporation» ЖШС ферроқорытпа зауытында болған апатқа негізгі кінәлі жұмыс беруші екені анықталды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

2024 жылғы 20 шілдеде Қарағанды қаласында орналасқан «YDD Corporation» ЖШС ферроқорытпа зауытындағы адам шығыны орын алған топтық жазатайым оқиғаны тергеу үшін құрылған арнайы комиссия оқиғаның мән-жайын зерделеп, негізгі кінә жұмыс берушіде екенін анықтады, делінген хабарламада.

Комиссия мүшелері техникалық құжаттаманы, оқиға болған жерді тексеру нәтижелерін, куәгерлердің сауалнамаларын, сараптама ұйымының қорытындысын, нормативтік құжаттар мен басқа да материалдарды зерделегеннен кейін осындай қорытындыға келді.

Кәсіпорында травматикалық факторлардың әсерін болдырмау үшін шұғыл шаралар тиісті дәрежеде қабылданбағаны, қауіпсіз еңбек жағдайлары мен қызметкерлердің ережелерді, нұсқаулықтарды және технологиялық тәртіпті сақтауын бақылау элементтері тиісті дәрежеде жасалмағаны анықталды, деп хабарлады ведомства.

Арнайы комиссияның тергеу нәтижелері және жиналған барлық материалдар болған жазатайым оқиғаға кінәлі деп танылған адамдарды жауапқа тарту үшін құқық қорғау органдарына берілетін болады. Сондай-ақ, комиссия «YDD Corporation» ЖШС басшылығына жазатайым оқиғаның себептерін жою және алдағы уақытта осындай жағдайлардың алдын алу жөнінде шаралар кешенін қабылдауға қаулы етті.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 20 шілдесінде Қарағанды қаласында «YDD Corporation» ферроқорытпа зауытында өндірісте апат болып, нәтижесінде сегіз жұмысшы зардап шекті, олардың төртеуі қаза тапты.