Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 16:20

Нығматулиннің ұлына қатысты халықаралық тергеу тапсырмасы жіберілді

Нығматуллин
Фото: zhasalash.kz

Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовтің айтуынша, экс-мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің ұлы Нұржан Нұрлановқа қатысты қылмыстық іс аясында халықаралық тергеу тапсырмасы жолданған.

«Бізде Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментінде рейдерлік фактісі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Қазіргі уақытта ешкімге күдікті мәртебесі берілген жоқ. Бірқатар мән-жайларды анықтау қажет. Нұрланов әзірге куә ретінде тергелуде. Кейін жауап алынғаннан соң және басқа да дәлелдер табылған жағдайда, құқықтық баға беріледі. Маған белгілісі – ол елден тыс жерде», - деді Елемесов мәжіліс кулуарында.

Нұржан Нұрланов 2019 жылдың ақпанынан 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына дейін «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС бас директоры қызметін атқарған. Бұған дейін – 2018 жылдың қаңтарынан бастап – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма мүшесі болған. Сондай-ақ оның мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда бірнеше «маңызды» лауазымдарда болғаны белгілі.

Нұрлан Нығматулин мәжіліс спикері қызметінен 2022 жылғы 1 ақпанда кеткен. Ол бұл қызметті екі рет атқарған — 2012–2014 және 2016–2022 жылдары. Бұған дейін ол Президент әкімшілігін басқарған, Қарағанды облысының әкімі де болған.

Ерлан Нығматулин – Нұрланның егіз інісі – мәжілісте де, сенатта да депутат болған.

Арғын Нығматулин – олардың үлкен ағасы – Қарағанды облыстық мәслихатының бұрынғы депутаты.

Нығматулиндер әулетіне қатысты рейдерлік басып алу, қылмыстық құрылымдармен байланыс, қылмыстық істерді қолдан жасау сияқты айыптар бұрыннан айтылып келеді. Соған қарамастан, олар бүгінге дейін бостандықта жүр.

1 сәуірде Нұрлановқа қатысты рейдерлік фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, алайда 9 сәуірде ол бұл іс бойынша күдікті ретінде танылмағаны хабарланды. Мәжіліс депутаты бұл жағдайды құқық қорғау органдарының дәрменсіздігімен байланыстырды.

10 сәуірде бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгельдиев Нұрлан Нығматулиннің ұлы мен інісіне қатысты рейдерлік бойынша арыздардың қаралып жатқанын айтты.

20 сәуірде Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы «Тас-Бұлақ» тау-шаңғы қонақ үйі сатылымға қойылғаны белгілі болды. Оның бұрынғы иесі, кәсіпкер Талғат Ақуов бұл нысан Нығматулиндердің рейдерлік жолмен иемденген мүлкі екенін мәлімдеді.