Николас Мадуроның Нью-Йоркте алғашқы сот отырысы өтті
2026 жылғы 5 қаңтар күні Венесуэла президенті Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флорес АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өткен алғашқы сот отырысына қатысты. Сот барысында ерлі-зайыптыға бірқатар ауыр айыптар ресми түрде тағылды.
Атап айтқанда, Мадуро мен Флореске «наркотерроризм», кокаин саудасы, сондай-ақ «АҚШ-қа зиян келтіру ниетімен қару-жарақ пен жарылғыш заттарды сақтау» айыптары тағылған. Айыпталушылардың екеуі де бұл айыптауларды толықтай жоққа шығарды.
Сот отырысында судья айыпталушылардың заңды қорғаушылары бар екеніне көз жеткізіп, дәлелдер алмасу мен сотқа дейінгі өтінішхаттар беру кестесін бекітті. Алдын ала мәліметке сәйкес, негізгі сот процесі 2027 жылы басталуы мүмкін, келесі тыңдау 2026 жылғы 17 наурызға белгіленген.
Сотта сөйлеген сөзінде Николас Мадуро өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын мәлімдеді.
«Мен айыптау қорытындысында айтылған әрекеттердің ешқайсысына кінәлі емеспін. Адал адаммын. Әлі де өз елімнің президентімін», – деді ол.
Ал Силия Флорес өзін Венесуэланың бірінші ханымы ретінде таныстырып, барлық айыптауды мойындамады.
Ерлі-зайыптының адвокаттары қазіргі таңда кепілмен босатуды сұрамайтынын, алайда бұл мәселе бойынша кейінірек ресми өтініш берілетінін хабарлады. Мадуроның қорғаушысы Барри Поллак клиентінің АҚШ аумағына жеткізілуінің заңдылығына қатысты сұрақтар бар екенін атап өтті. Ал Флорестің адвокаты Марк Доннелли оның ұсталу кезінде жарақат алғанын айтып, медициналық тексеру қажет екенін мәлімдеді.
Ресми дерекке сәйкес, Николас Мадуро мен Силия Флорес 3 қаңтар күні кешке АҚШ-тың арнайы күштері тарапынан Венесуэла аумағынан алып шығарылған. АҚШ билігі Венесуэла президентін есірткі контрабандасы мен қару сақтады деп айыптаса, оның жұбайына пара алу, адам ұрлау және кісі өлтіруді ұйымдастыру айыптары тағылған.
Сот процесі аяқталғанға дейін Мадуро мен Флорес Бруклин ауданындағы қауіпсіздігі жоғары изоляторда қамауда отырады.