Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:00

Нипах вирусы Азия елдерін Үндістаннан келетін жолаушыларды тексеруге мәжбүр етті

Нипах вирусы
Фото: EPA

Үндістанның Батыс Бенгалия штатында адам өміріне аса қауіпті Нипах вирусының таралуы тіркелді. Осыған байланысты бірқатар Азия елдері Үндістаннан келетін жолаушыларға санитарлық бақылауды күшейтті.

 Бұл туралы BBC жазды.

Таиланд билігі Батыс Бенгалиядан рейстер қабылдайтын үш әуежайда жолаушыларды тексеруді бастады. Ал Непал тек Катманду әуежайында ғана емес, Үндістанмен шекарадағы құрлық бекеттері арқылы кірген азаматтарды да бақылауға алды.

Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстан билігі де шекаралық өткізу пункттерінде медициналық тексеруді күшейткенін мәлімдеді.

Қаңтар айының басында Батыс Бенгалияда бес медицина қызметкерінен Нипах вирусы анықталған. Олардың бірінің жағдайы ауыр. Вирус жұқтырғандармен байланыста болған шамамен 110 адам карантинге алынған.

Нипах вирусы жануарлардан адамға жұғады. Бұл ауруға қарсы вакцина немесе нақты емнің болмауына байланысты, өлім деңгейі өте жоғары – 40 пайыздан 75 пайызға дейін жетеді.

Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстан бақылауды күшейтті

27 қаңтар күні Қырғызстанның Денсаулық сақтау министрлігі ел аумағында бірде-бір ауру жағдайы тіркелмегенін хабарлады.

"Ешқандай дүрбелеңге негіз жоқ. Елдің денсаулық сақтау жүйесі кез келген ықтимал эпидемиологиялық қатерге жедел жауап беруге дайын, - делінген министрлік хабарламасында.

Сондай-ақ шекарада санитарлық бақылау күшейтілгені айтылды.

Өзбекстан үкіметі де елде Нипах вирусына қатысты жағдай тіркелмегенін мәлімдеді. Билік өкілдерінің айтуынша, «аурудың елге ену ықтималдығы өте төмен», дегенмен шекарадағы бақылау күшейтілген.

Бұған дейін Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі де Үндістан мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен келетін азаматтарға ерекше назар аудара отырып, санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілгенін хабарлаған еді.

Нипах вирусы деген не және оның белгілері қандай?

Нипах вирусы адамға жануарлардан, соның ішінде шошқалар мен жарқанаттардан жұғуы мүмкін. Сонымен қатар вирус адамнан адамға да, ластанған тағам өнімдері арқылы да беріледі.

Ықтимал эпидемия қаупіне байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Нипах вирусын Covid-19 және Зика вирусымен қатар, әлемдегі ең қауіпті аурулардың ондығына енгізген.

Вирустың инкубациялық кезеңі 4 күннен 14 күнге дейін созылады. Ауру кейде мүлде белгісіз өтуі мүмкін.

Алғашқы белгілері: дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, бұлшықет ауыруы, құсу және тамақ ауруы. Кей жағдайларда ұйқышылдық, ойлау қабілетінің төмендеуі, пневмония байқалады. Ауыр жағдайда энцефалит – ми қабынуы дамып, өмірге тікелей қауіп төндіреді.

Қазіргі таңда Нипах вирусын емдейтін бекітілген дәрі немесе вакцина жоқ.

Бұған дейін Нипах вирусы қай елдерде тіркелген?

Нипах вирусының алғашқы ірі таралуы 1998 жылы Малайзиядағы шошқа фермаларында тіркеліп, кейін Сингапурға тараған. Вирус алғаш анықталған ауылдың атауымен аталған.

Алғашқы эпидемия кезінде 100-ден астам адам көз жұмып, аурудың алдын алу үшін бір миллионға жуық шошқа жойылған. Бұл фермерлер мен мал шаруашылығына үлкен экономикалық шығын келтірді.

Соңғы жылдары Нипах вирусынан ең көп зардап шеккен ел – Бангладеш. 2001 жылдан бері бұл елде 100-ден астам адам қайтыс болған.

Үндістанда ауру ошақтары Батыс Бенгалияда 2001 және 2007 жылдары тіркелсе, кейінгі жылдары Керала штаты негізгі таралу аймағына айналды. 2018 жылы онда 19 жағдай анықталып, 17 адам көз жұмған. Ал 2023 жылы тіркелген 6 науқастың екеуі қайтыс болған.

Қазіргі жағдай қандай?

Өткен аптадағы мәлімет бойынша, Батыс Бенгалияда кемінде бес расталған жағдай тіркелген. Барлығы Барасат қаласындағы жекеменшік ауруханамен байланысты. Екі медбике жансақтау бөлімінде жатыр, олардың бірінің жағдайы «өте ауыр» деп бағалануда.

25 қаңтарда Таиланд Батыс Бенгалиядан келетін рейстерді қабылдайтын Бангкок пен Пхукеттегі үш халықаралық әуежайда жолаушыларды тексеруді бастады. Жолаушылардан денсаулық жағдайы туралы арнайы сауалнама толтыру талап етілді.

Сонымен қатар Таиландтың ұлттық парктері мен жабайы табиғатты қорғау басқармасы туристік аймақтарда қосымша бақылау шараларын енгізді.

Ал Тайвань билігі Нипах вирусын «бесінші санаттағы қауіпті аурулар» тізіміне қосуды ұсынып отыр. Бұл санатқа халық денсаулығына елеулі қауіп төндіретін және арнайы бақылауды қажет ететін сирек немесе жаңа инфекциялар кіреді.