Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:31

Нипах вирусының қаупі: Алматыда алдын алу шаралары өтті

Нипах
Фото: ашық дереккөз

Алматы әуежайында Нипах вирусы анықталған жағдайда әрекет ету алгоритмдері бойынша ведомствоаралық оқу-жаттығу өтті. 

 Бұл туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті хабарлады.

Ведомство мәліметінше, Алматы халықаралық әуежайы базасында қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларға ден қоюға арналған кешенді жаттығу ұйымдастырылған. Оқу-жаттығудың мақсаты – шекаралық бақылау пунктіндегі қызметтердің аса қауіпті жұқпалы ауруларды, соның ішінде Нипах вирусын дер кезінде анықтау және оқшаулау дайындығын тексеру.

Іс-шараға санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары, жедел медициналық жәрдем бригадалары, жұқпалы аурулар стационарының қызметкерлері, ҰҚК Шекара қызметі, кеден органдары, полиция департаменті және әуежай өкілдері қатысты.

Сценарий бойынша Нипах вирусына күдік туғызатын жолаушы анықталған. Барлық қызметтер санитариялық-карантиндік бастапқы тексеруден бастап, күдікті науқасты оқшаулау, ауруханаға жатқызу, сондай-ақ індетке қарсы және дезинфекциялық шараларды жүргізуге дейінгі толық іс-қимыл алгоритмін орындады.

Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылдың жоғары деңгейде екені және қызметтердің үйлесімді жұмысы расталды. Қолданыстағы алгоритмдер биологиялық қауіп-қатерлерге жедел әрекет етуге және халық үшін тәуекелдерді барынша азайтуға мүмкіндік беретіні атап өтілді. Сондай-ақ өткен шараларды талдау және өзара іс-қимылды одан әрі күшейту жөнінде ұсыныстар әзірлеу үшін жұмыс кеңесі өткізілді.

Ресми дерекке сәйкес, 2025 жылы санитариялық-карантиндік бақылаудан 7,2 млн жолаушы өткен. Олардың 86-сында эпидемиологиялық қауіп белгілері анықталып, барлығы медицина қызметкерлерінің тексеруінен өткізілген. Аса қауіпті жұқпалы аурулар тіркелмеген.

Тегтер: