Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 14:10

Нысанбаевтың мәжілістегі өтірігі немесе лоббистер билеген министрлік

Нысанбаев
Фото: из открытых источников

Естеріңізде болса, осы қаңтардың басында Сәтбаев қаласындағы қап-қара түске боялған қардың бейнежазбасы қалың елді шошытқан еді. Ауаға тараған қою түтін айналаны түгел қара түске бояп тастаған.

 Бірақ экологияға жауапты органдардың талай жылдан бері жыр боп келген экология мәселесіне әбден еті үйреніп кеткен бе, осыдан кейін де міз бақпады. Биылдан бастап Экологиялық кодекске ене ме деп үміттенген жаңа стандарттар ақыры 6 жылға, 2031 жылға дейін шегерілді. Себебі ол стандарттарды енгізуге кәсіпорындардың шамасы жетпейді екен. Бұл экология министрінің сөзі. Ең ақыры ел таза ауа жұтуға зар болып отырғанда ел мүддесін қорғауға тиіс министрліктің ауаны ластаушылар жағына шығып кеткені бәрімізге жұмбақ күйінде қалды. 

Жауапты органдардың қай уақытта да айтатын бір жауабы бар: концентрация қалыпты деңгейде дегеннен танбайды. Алайда сонау КСРО заманынан бері әбден ескірген экологиялық нормалардың бүгін жарамайтынымен министрліктегілердің шаруасы жоқ.

Жалпы, елімізде Экологиялық кодекс алғаш рет 2007 жылы қабылданған. Одан соң сала өкілдерінің айтуынша, 2018 жылға дейін оған 170-ке жуық түрлі өзгерту мен түзету енгізіліпті. Соның салдарынан мемлекеттің реттеу мен қадағалаудағы рөлі әбден әлсіреп кеткен. Сөйтіп, осы саладағы ушығып, қордаланып жатқан мәселелерді шешу мақсатында эколог мамандар 2018-2020 жылдар аралығында жаңа Экологиялық кодекс жобасын әзірлейді. Оның ескі нұсқасынан айырмашылығы, ең ірі ластаушыларға деген талап күшейтілген.

Осы кодекстің 36-бабына сәйкес, «сапаның экологиялық нормативтері» деген мемлекеттік реттеу инструментін экология министрлігі 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін қабылдау керек болатын. Онда ауаға, жерүсті және жерасты суларына, топыраққа қойылатын әртүрлі экологиялық талаптар көзделген. Бұл жерде физикалық, химиялық және биологиялық талаптар бар. Химиялық заттарға қатысты талаптар ластаушы заттардың шекті концентрациясы ретінде қойылуы керек болған. Сөйтіп, Кеңес Одағынан мұрагерлікке қалған, әбден ескірген талаптар жаңартылу керек еді. Дегенмен министрліктегі әртүрлі осал кадрлық шешімдердің салдарынан, Қаңтар оқиғасынан кейінгі түрлі саяси процестердің салдарынан бұл міндетін Экология министрлігі уақытылы орындай алмады», – дейді Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрағасы Лаура Мәлікова.

Қаңтардан кейін басталған лобби

Осы жерде бір қызық жайтқа назар аудару керек. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін билікте біраз ауыс-түйіс болып, соның ішінде экология министрлігінде де біршама кресло иесін ауыстырды. Арасында Әлия Назарбаеваның адамы дегендер де орнын босатып кеткен-ді. Лаура Мәлікованың сөзінше, сол босап қалған орынтақтың бәріне енді қазіргі ауаны ластаушы компаниялардың ығына жығылатындар отырып алған.

«Ауаны ластаушы компаниялардың лоббистері вице-министр қызметіне дейін жайғасып алды. Солар ауа сапасына қатысты ақпарат жоқ деп мәжіліске өтірік айтты. Мәселен, қазір мәжілісте Экологиялық кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу қарастырылмақ. Оны экология министрлігі ұсынған. Сол ұсыныстардың арасында «соңғы 5 жылда Қазақстанда ауа сапасына қатысты ақпарат жоқ» деп жалған дерек жазылған. Сол себепті, Қоршаған ортаның экологиялық нормативтерін қабылдауды 2024 жылдан 2031 жылға қалдыру бойынша ұсыныстарын жіберген. Бұл дегеніңіз – Сәтбаев, Теміртау, Атырау, Өскемен, Семей, Алматы сияқты қалаларда лас ауамен тыныстап, содан зардап шегіп отырған халыққа жасалған қастандық», – дейді эколог.

Маманның айтуынша, экология министрлігі қалайда сол ластаушылардың қызметін реттеуді, оларға қатысты стандарттарды міндеттеу керек. Себебі бізде Кеңес Одағынан қалған нормативтер өте нашар. ДДСҰ 2005 жылы берген ұсыныстармен салыстырғанда екі есе жоғары. Сол себепті, «Қазгидромет» еліміздегі ауа сапасын Қазақстанда бекітілген стандарттармен қарайды. Сосын сол шекті нормалардан аспаса, жасыл түс көрсетіп, қалыпты саналады. Ал әлемдік ұйым стандарттарымен қарайтын болсақ, ол әлдеқайда жоғары. Нәтижесінде, халық қанша жерден шағым айтқанымен, министрлік бәрібір шекті норма аясында деп ақталып шыға береді.

Бәрінен қызығы, экология министрлігінің мәжіліске жалған ақпарат бергені болып отыр. Өтірік дейтін себебі, «Қазгидромет» ұлттық метеорологиялық орталығы жыл сайын ауа мен судың, топырақтың сапасын, радиациялық жағдайды бақылап отырады. Мысалы, ауа сапасын бақылайтын 170 пост бар. Осы посттардың жұмысын жүргізуге және соған қарап отыратын мамандардың жалақысына мемлекет бюджетінен жылына 2 млрд теңге қаражат бөлінеді.

«Ол ақпарат бізде бар. Біз мәселені зерттеп бастағанда «Қазгидрометтен» барлық мәліметті алдырғанбыз. Бірақ Жомарт Әлиев, Мансұр Ошурбаев сияқты вице-министрлердің өз жұмыстарына салғырт қарауынан, ластаушылардың сойылын соққандығы салдарынан осындай өтірік ақпарат берілген», – дейді Лаура Мәлікова.

Айталық, сөз болып отырған вице-министр Жомарт Әлиев мамандығы бойынша тау-кен саласының инженері, еңбек жолын совхоз механизаторы болып бастаған. Оның үстіне, бір кездері Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығы атқарушы директорының орынбасары қызметін атқарған. Қарапайым сөзбен айтсақ, тау-кен саласындағы өндіруші компаниялар құрған қауымдастықтың белді өкілі енді осы саланы реттейтін министрліктің белді қызметкері болып отыр.

Айта кетерлік бір жайт, «Қазгидрометтің» air.kz мобильді қосымшасында еліміздегі ауа сапасы туралы мәлімет беріліп отырады. Оны экологтар Финляндияның тәжірибесіне сүйеніп дайындаған. Негізі жоба аяқталса да экологтар ақпараттық тұрғыдан әрі қарай да сүйемелдеп келеді. Бірақ ол да Қазақстанның стандартымен есептеледі. Айталық, Өскемендегі бір ғана КазЦинк мекемесі ауаға жылына 26 мың тонна ластаушы зат шығарады. Соның 16 мың тоннасы күкірт оксиді.

Ал ДДСҰ мәліметінше, дүниеден ерте өткен адамдардың 58%-ы ауаның ластығынан көз жұмады екен. Осы ұйымның 2019 жылы келтірген дерегіне қарасақ, Қазақстандағы ең көп тараған ауру түрлерінің ішінде тыныс алу жолдары сырқаты алдыңғы орында болып шыққан. Көптігі сонша, одан кейін екінші орында тұрған асқазан аурулары түрлеріне қарағанда бес есе артық. Ал көмір жағатын өңірлерде қан айналымы аурулары көбейген.

Ербол Тұрымбет

Астана