Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:28, 14 Шілде 2022

№77-бұйрықтың жобасы жемқорлыққа жол бере ме?

None
None

Жақында әлеуметтік желіде Ішкі істер министрлігінің жоғары оқу орындарына талапкерлерді іріктеудің жаңа тәртібі енгізілгені туралы ақпарат тарады.

Онда Қарағанды академиясының басшылығы оқуға үміткерлерді іріктеудің әлі бекітілмеген форматын ұстанатыны жазылған. Қызығы сол, ашық талқылау аяқталғанымен, Әділет министрлігі мақұлдамаған осы жобада оқуға түсу конкурсына қосымша кезеңдерді енгізу ұсынылады. Бірақ дәл осы өзгерістер мен толықтырулар биылғы талапкерлердің бағы мен бабын байлауы әбден мүмкін көрінеді.

Талапкерлердің ата-аналары жаңа ереже академия басшылығына оқуға «лайықтыларды» таңдаудың таптырмас құралы ғана болады деген пікірде. Тіпті конкурстан өтпегендер академиядан өз орындарын «сатып алуға» да мүмкіндік беруі мүмкін. Ата-аналар тарапынан айтылып жатқан мұндай ауыр айыптау Қарағанды академиясының бастығы Ақынқали Дәрменовтің үстінен жасалған бірнеше шағымы негіз болған. Мәселен, 2013 жылы ата-аналардың бірі министрдің блогына өтініш жібереді. Онда оқуға түсу стандарттарын тапсыру кезінде балаға қысым жасалып, талапкер нормативтерден өтпей қалады. Амал жоқ, сол жылы ата-анасы Дәрменов арқылы ақша төлеуге мәжбүр болғаны жазылған. Нәтижесінде олардың баласын ІІМ-нің Қостанай академиясына қабылдаған. Сол жылы тағы бір ата-ана министрдің блогына дәл сол Дәрменовтың нормативтерді тапсыру кезіндегі қысымы мен «келісімге келу» ұсынысымен шыққаны туралы ұқсас шағыммен жүгінгені айтылады. Бұдан басқа, ата-аналар ЖОО-ға түсудің жаңа талаптарына наразы. Оған сәйкес іріктеу кезеңдерінен өту кезеңінде (14 күн) оқуға түсуге үміткерлер конкурс өткізу үшін бөлінген аумақта тұрғаны және тамақтанғаны үшін 77 мың теңге (күніне 5500) мөлшерінде ақша төлеуі тиіс. Осындай өрескел құқықбұзушылықтарды айтқан ата-аналар «талапкерлер биыл тағы да өз білімімен құқық қорғау органдарының қатарына қосылуы екіталай» деген екіұдай күдікпен отыр. Сонда міндеті құқықбұзушылыққа қарсы күреске бағытталған органдардың өз кадрларын даярлауда заңды өздері бұзып, қажетіне қарай қолданатыны рас болғаны ма?

Ішкі істер министрінің 2016 жылғы 26 қаңтардағы №77 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы бұйрық жобасына қатысты осы салада талай жыл қызмет еткен запастағы полиция генерал-майоры, профессор Мирлан Қызылов та министрдің блогына өтініш жібергенін жеткізді. Айтуынша, алдымен мұндай жобаның биылғы ІІМ арнаулы оқу орнына түсуші үміткерлердің, мектеп түлектерінің арасында әлеуметтік келіспеушілік пен әділетсіздікке, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтардың жасалуына апарып соқтырары сөзсіз. Академияға түсуші талапкерлерге қойылатын ережелерге қатысты Мирлан Қызылов талай жылдан бері министрлікке ұсыныс хат жазып келеді екен. Дегенмен министрліктің 2020 жылғы қорытынды есептерді зерделеп, құқықтық актілерді жетілдіру бойынша ұсыныстарды қарастыру туралы уәдесі осы уақытқа дейін іске аспаған. Сырғытпа жауаппен мәселені жылы жауып келе жатқан министрліктің бұл ісін запастағы полиция генерал-майоры да түсінбей дал.

Екіншіден, азаматтардың білім алуға деген құқықтарын реттейтін құқықтық актілерге өзгертулер мен түзетулер жоспарлы түрде уақтылы, ешқандай алаңдаушылық пен дегбірсіздік тудырмайтындай кезеңде жүргізілуі тиіс. ІІМ арнаулы оқу орны Қарағанды академиясына түсу уақыты осы айдың ортасында басталады. Ал министрліктің бұйрығына енгізілуі тиіс жобаның жария талқылау уақыты 4-шілде күні ғана бітті. Сонда мұндағы жаңа талаптар үміткерлер үшін алдын ала дайындалуға ешбір мүмкіндік бермейді. Оның соңы талқыдан өтпеген, бір қайнауы ішінде жатқан мұндай бұйрық талай талапкердің жолын кесері сөзсіз. Осылай деген Мирлан Қызылов: «Ал құқықтық тұрғыдан бекітілмеген және анықталмаған бұйрық жобаны қолданудың заңдылығы қалай? Заңда лауазымды адамның белгіленген тәртіппен, ресми жарияланбаған, қолданысқа енгізілмеген, сондай-ақ әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өтпеген нормативтiк құқықтық актiнi қолдануы – 20 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. Осы құжатқа байланысты әкімшілік құқық бұзушылық орын алып отыр», – дейді. Алайда ресми түрде әлі бекітілмей жатып, облыстардың Полиция департаменттері бастықтарына реестр бойынша ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының 2022 ж. 20 маусым №1-6-20/847 шығыс хатында 17 шілде талапкерлердің келу күні, ал 25-29 маусымда кәсіби іріктеудің жаңа кезеңі «Кәсіби іріктеу» өтетіндігі жазылған. «Негіздемеде бакалавриат бағдарламасы бойынша оқуға кандидаттарды сапалы іріктеу мақсатында қосымша іріктеу кезеңдерін қамтитын жаңа формат енгізіледі: эссе жазу, әңгімелесуден өту, IQ-тест, сондай-ақ жеке тұлғаның психологиялық типін анықтауға тестілеу. «Бұл кандидаттың ой-пікірін логикалық және дәлелді түрде баяндау дағдыларын, зияткерлік қабілеттерін, уәждемесін, көшбасшылық әлеуетін, ойлау мәдениеті мен коммуникативтік дағдыларын меңгеру деңгейін айқындауға мүмкіндік береді» деп отыр Мирлан Қызылов.

Енді осы айтылған негіздемелерге көңіл бөлсек, жеке тұлғаның психологиялық типін анықтауға арналған тестілеудегі кәсіби іріктеу кезеңі онсыз да бар. Мәселен, кәсіби іріктеу Ішкі істер министрінің 2020 жылғы 2 қарашадағы №758 бұйрығында регламенттелінген. Онда құқық қорғау органдарына қызметке және оқуға кандидаттар туралы мәліметтердің шынайылығын полиграфтың көмегімен тексеру және сол мәліметтер бойынша қызметке орналасуға немесе оқуға түсуге кедергі келтіруі мүмкін қосымша ақпараттар алуға мүмкіндік береді. Психодиагностикалық тестілеу жеке тұлғаның психологиялық ерекшеліктері туралы шартты мәліметтер алу мақсатында әдістемелердің міндетті және қосымша түрлерін пайдаланып тестілеудің топтық немесе жеке үрдісін жүргізуге, ал психофизиологиялық зерттеу психологиялық және психофункциялық қасиетін жан-жақты бағалауға бағытталған. Психофункциялық тестілеу – орталық жүйке жүйесінің функционалдық жай-күйінің жеке ерекшеліктерін зерттеуге арналған. Ал 92-тармағында «Кадр қызметі үшін психологиялық сипаттамаларда зияткерлік саланың деңгейі, дербес-жеке тұлғалық ерекшеліктері, эмоциялық-ерік аясы, күйзеліске төзімділігі, өзін-өзі бақылау, көңіл күй, мотивациялық бағыт, ықтимал болжау, ерекше жағдайларда уақытша мінез-құлықтың бұзылуларын тіркеу кезінде куәландырылушыға қатысты бөлініс психологтарына арналған ұсынымдар, түзеуге мүмкіндігі бар түзетулер, ұсынымдық сипаттағы тұжырымдар бейнеленеді. Осының өзі кәсіби іріктеу емес пе?! Осындай зерттеулерден өткен адамның психологиялық типін медициналық куәландыру кезінде де айқындау мүмкіншілігі бар. Бұдан шығатын қорытынды – әскери оқу орындарына үміткерлерді алдын ала медициналық, дене шынықтыру және мандаттық кезеңге дейін жасалатын кәсіби іріктеуден кейін қосымша іріктеу шарттарын қосу ақылға қонымсыз болмай ма?

Бұдан басқа, эссе жазу, әңгімелесуден өту, IQ-тест секілді іріктеуге енгізілетін өзгерістердің өзі түсініксіз. Мирлан Қызыловтың сөзінше, мектеп бітіруші түлектер қорытынды атестаттау алдында эссе жазады. Сондықтан, эссе жазу дағдылары мен машақатын мектеп оқушысы меңгерген. Яғни қайта тексеріп бағалау қажеттігі жоқ. Осы бұйрықтың 15-тармағына сәйкес, оқуға үміткерлер соңғы кәсіби іріктеу конкурсынан өтуі қажет. Бұл бойынша медициналық куәландыру, кәсіби жарамдылығы және дене шынықтыру дайындығы тексеріледі. Ал екіншісінде «медициналық куәландыру, кәсіби жарамдылығын, дене шынықтыру дайындығын тексеру, саясаттану бойынша білімдерін және жазбаша-сөйлеу дағдыларын тексеру» деген негіз беріледі. Яғни білім берудің дәл осы екінші деңгейі магистратурада оқитындарға жүргізіледі. ҰҚО бакалавриат бағдарламасы бойынша оқуға түсу кезеңінде эссе жазу көзделмеген. «Енді эссенің көлемі 500 сөзден аспауы тиіс делінген, ал бөлінетін уақыт көлемі белгіленбеген. Орта мектепті бітірушіге эссе жазуға – 3, магистратурада – 2, доктарантурада – 190 минут берілітіндігін құқықтық актілерден көреміз. Қойылатын талаптарды қатаң сақтау, даулы мәселелерді шешу, тиісті эссе жазу және әңгімелесу өтетін адамдардың құқықтарын қорғау тетіктерінің барлығы ІІМ бұйрықтарымен бекітілуі тиіс. Ал ол тетіктер бұйрық жобасында мүлдем жоқ», – деп отыр Мирлан Қызылов. Сондай-ақ ол «IQ анықтау тестілеуі қысқа индикативті, іріктеу тестінің әдістемесіне негізделген және қызметкердің зияткерлік қабілеттерінің жалпы деңгейін диагностикалауға арналғанын айтады. «Бұл айқындау жоғары білімі бар азаматтарға арналған. Ал бұйрықтың  жобасын ұсынушылар толық көлемді және жан-жақты қолданыстағы құқықтық  актілерді зерделемей жатып, салыстырмалы кестеде негізсіз уәждер келтірген. Бұл жоба дайындаушылардың заңнаманы толық білмейтіндігін байқатады» дейді запастағы полиция генерал-майоры Мирлан Қызылов. Бұдан бөлек, кандидаттарды кәсіби іріктеу бөлігінде «Сұрақтар мемлекеттік және орыс тілдерінде қойылуы мүмкін» деп көрсетіледі. Яғни комиссия мүшелері қазақ тілінде оқуға үміткерге орыс тілінде де сұрақ қою құқығын берген деген сөз. Оқуға үміткерге білім алған тілінде сұрақтар қойылады десе түсінуге болады. Бірақ орыс тілін жетік білмейтін талапкерге орыс тілінде сұрақ қою – адамның құқығын аяққа басумен бірдей.

          Мәселенің мәнісін білу үшін министрлік жанындағы Қоғамдық кеңес мүшелерінің пікірін білгіміз келген. Алайда 2022-2025 жылдар аралығында ішкі істер органдары қызметіне қатысты сұрақтарды талқылауға қатысатын 30 адамның бірқатары бұл мәселеден бейхабар екенін айтса, бірқатары сұрағымызды жауапсыз қалдырды. Ал қоғамдық кеңестегі полиция жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуге байланысты мәселелер жөніндегі комиссияның төрағасы Әнуар Түгелдің айтуынша, конкурстық іріктеу кезеңдерін жүйелеу мақсатында толықтыру енгізілмек. Оған сәйкес іріктеудің жаңа кезеңдерінің енгізілуіне байланысты қабылдау комиссиясының жұмыс режиміне нақтылаушы түзетулер енгізіледі екен. «Бұл кандидаттың ой-пікірін логикалық және дәлелді түрде баяндау дағдыларын, зияткерлік қабілеттерін, уәждемесін, көшбасшылық әлеуетін, ойлау мәдениеті мен коммуникативтік дағдыларын меңгеру деңгейін айқындауға мүмкіндік береді. Жаңа қағидалардың нәтижелі болғанын уақыт көрсетеді. Ал эссені міндетті түрде қазақ тілінде жазу керек», – дейді Қоғамдық кеңес мүшесі.

ІІМ Кадр департаментінің Ведомстволық білім беруді ұйымдастыру басқармасының аға инспекторы Сайран Амангелдіұлы талапкерлерді іріктеудің жаңа ережесі кейінге қалдырылғанын жеткізді. Айтуынша, қоғамдық шу тудырған №77 бұйрық бұрынғы ережемен қалдырылған. Ал іріктеудің жаңа қосымша кезеңдері: эссе жазу, әңгімелесу, IQ-тест және тұлғаның психологиялық типін анықтау пилоттық режимде өтеді және қорытынды нәтижеге әсер етпейтін көрінеді. «Өйткені эссені енгізу болашақ тергеушілер мен криминалистерді таңдау қажеттілігімен байланысты. Олар өз ойларын дұрыс және нақты жеткізе ме, өз ұстанымдарын және аналитикалық ойлау қабілеттерін дәлелдей алуын тексеру үшін керек», – дейді министрлік маманы.

Құқық қорғау саласына талай маманды тәрбиелеп шығарған Мирлан Қызылов бұл уәжбен келіспейді. Оның пайымынша, ІІМ-нің оқу орнына түсу кезеңі «пилоттық режим» алаңы болмауы тиіс. Солай болған күннің өзінде заңнамада «пилоттық жоба» деген термин қолданылатындығын ескерген жөн.

Себебі, «пилоттық жоба» үміткерлер арасында әртүрлі түсінбеушілікке, арты наразылыққа алып келуі ықтимал. Ең маңыздысы – негізділігі мен құқыққа сыйымдылығы туралы көп сұрақтар тудырған бұйрық жобасын дайындаушылар мен ұсынушылардың өздеріне заңды жауапкершілік қарастырыла ма? Бұйрық жобасы бойынша жүргізілген ғылыми, оның ішінде құқықтық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы, лингвистикалық, экономикалық сараптама қорытындыларының нәтижесі қандай? Міне, мәселе осында. Өйткені біздегі ат үстінде дайындалатын асығыс жобаларға жауапкершілік қарастырылмаса, әділетті Қазақстан құру идеясы әдірем қалатын түрі бар.

Тегтер: