Нобель комитеті бейбітшілік сыйлығына бәс тігуді тергей бастады

Нобель институты бейбітшілік сыйлығының лауреаты жарияланбай тұрып, букмекерлік сайттарда Венесуэла оппозициясының өкілі Мария Корина Мачадоға жасалған күдікті ірі ставкаларға байланысты ішкі тергеу бастағанын хабарлады.
Бұл туралы Нобель институтының директоры Кристиан Берг Харпвикен норвегиялық Aftenposten газетіне берген сұхбатында айтты.
Харпвикеннің айтуынша, Нобель комитетінің шешімі жарияланардан бірнеше сағат бұрын Polymarket атты халықаралық букмекерлік платформасында Мачадоның жеңіске жету ықтималдығы 3,75%-дан 72,8%-ға дейін күрт өскен.
«Мұндай жағдай кездейсоқ болуы екіталай. Ең ықтимал нұсқа — ақпараттың цифрлық жолмен сыртқа тарауы», — деді Харпвикен.
Оның сөзінше, сыйлық иегерінің есімін алдын ала бар болғаны бес адам білген. Қазір комитет осы адамдардың және платформамен байланысы бар тұлғалардың шоттарын зерттеп жатыр.
Aftenposten-нің хабарлауынша, жариялауға екі сағат қалғанда Мачадоның атына бірнеше ірі ставка қойылған, олардың бірі 67 мың доллар болған.
Мачадо — 2025 жылғы Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты
Мария Корина Мачадо — Венесуэладағы оппозициялық қозғалыстың жетекшісі, диктатор Николас Мадуроның режиміне қарсы наразылықтардың символына айналған саясаткер.
2024 жылы Мачадо елдегі президент сайлауына түсуге ниет білдіргенімен, билік оның кандидатурасын тіркеуден бас тартқан. Осыдан кейін ол оппозиция атынан түскен Эдмундо Гонсалес Уррутияны қолдап, жасырын түрде үгіт жүргізген.
Комитет мәлімдемесінде:
«Мачадо Венесуэла халқының демократия мен адам құқықтары үшін күресінің символына айналды», — делінген.
Нобель сыйлығына үміткерлер саны
2025 жылы Нобель бейбітшілік сыйлығына 338 кандидатура ұсынылған, оның ішінде
-
244 жеке тұлға,
-
94 ұйым бар.
Бұл кейінгі он жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. 2024 жылы 286 үміткер тіркелсе, ең көп көрсеткіш 2016 жылы болған — 376 кандидат.
Айта кетейік, биылғы Нобель сыйлығы лауреттары белгілі болды. Оларды мына сілтеме арқылы оқи аласыздар.