Нобель қоры Ресей, Беларусь және Иранды салтанатты кешке шақырмайды
Нобель қоры сенбі күні Ресей, Беларусь және Иран өкілдерін биылғы Нобель сыйлығын табыстау рәсіміне қатысуға шақырудан бас тартты.
Беделді марапаттарды басқаратын жеке қор Швеция астанасы Стокгольмде өтетін биылғы Нобель сыйлығын тапсыру рәсіміне үш елге бойкот жариялайтындарын айтты, деп жазады ABC News.
Кейбір шенеуніктер бойкот жариялауының себебі ретінде Ресейдің Украинаға қарсы соғысы мен Ирандағы адам құқықтарының тапталуын атады. Беларусь оппозиционері Светлана Тихановская жұма күні Швеция Нобель қоры мен Норвегиялық Нобель комитетін Беларусь президенті Александр Лукашенконың өкілдерін қандай да бір шараларға қатыстырмауға шақырды.
Украина Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Олег Николенко бұл шешімді «гуманизмнің жеңісі» деп атады.
Швеция премьер-министрі Ульф Кристерссон үш елдің марапаттау рәсіміне қатысуына рұқсат бермейтінін айтты.
Қор Ресей, Беларусь және Иран елшілерін ғылым мен әдебиет саласындағы марапаттар тапсырылатын Стокгольмдегі салтанатты шараға шақырмау туралы шешім қабылдағанын айтты.
Дегенмен, Нобель сыйлығын беретін Норвегиялық Нобель комитеті өзінің әдеттегі тәжірибесін ұстанатынын және барлық елшілерді Норвегияның астанасы Ослодағы Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығы тапсырылатын салтанатқа шақыратынын мәлімдеді.