Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:45, 04 Қаңтар 2022

Ноғаев & Мырзағалиев: Қайсысы кінәлі?

None
None

Газ бағасына Ноғаев екі есе жауапты

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстанның энергетика министрі Мағзум Мырзағалиев «сұйытылған газ бағасының өсу себебіне» қатысты «олқылыққа жол берілгенін» мойындады. Мырзағалиев бұл ведомсвто басшысы болып 2021 жылдың 9 қыркүйегінде тағайындалған. Оның бұл «ашық мойындауының» бір ұшы қазіргі Маңғыстау облысының әкімі Нұрдан Ноғаевқа да тиеді.

Ноғаевтың бұл өңірге келгеніне де көп бола қойған жоқ. Бірақ, оның дәл Мырзағалиев сияқты ақтала қоятын «аргументі» жоқ. Өйткені, ол бұл аймаққа 2021 жылдың 7 қыркүйегінде әкім болып келмей тұрып, қазір жұрт жапай отставкасын талап етіп жатқан Мамин үкіметінің құрамында болған. Онда да дәл осы газ мәселесіне тікелей жауапты Энергетика министрі болып қызмет еткен.

2019 жылдың 16 желтоқсанынан бастап 2021 жылдың 7 қыркүйегіне дейін екі жылға жуық министр болған Ноғаевтың кезінде газ бағасы бірнеше рет қымбаттады. Ноғаев Энергетика министрі болып тағайындала салып, сұйылтылған газ бағасын 50-55 теңгеден 65-70 теңгеге бір-ақ көтерген. Бұл кезде де қала тұрғындары наразылыққа шығып, қала әкіміне талап қойған. Ол кезде министр болып тұрған Нұрлан Ноғаев пен премьер-министр Асқар Маминның арнайы келуін талап еткен. Артынша, Жаңаөзеннің әкімі Мақсат Ибағаров газ бағасы 55 теңгеге түсетінін айтып, уәде берген. Ол уәде сол күйі орындалған жоқ. Ибағаров ол кезде Ноғаевтың дәл Маңғыстауға әкім болып келетінін болжай алмай қалды ма екен, «бағаны энергетика министрлігі бекітетінін» де айтып салған. Ал, арада 9 ай өткенде, Ноғаев министрліктен кетерде сұйылтылған газ бензин құю бекеттерінде 80-85 (85-90) теңгеден сатылып жатты.

«Шаруа шешпейтін әкім»

Жаңаөзендегі жұрт наразылығынан кейін облыс әкімі кәсіпкерлермен сөйлесіп, газ бағасын 85-90 теңгеге түсіретінін айтты. Демек, 85 теңгені Ноғаевтың бағасы деп атауға болады. Бірақ, жұрт о баста бұрынғы баға – 50 теңгені талап етіп жатқаны белгілі, сол себепті де, наразы топ әкімнің бұл шешімін – «шаруа шешпейтін әкімнің» әрекетіне балады.

2 қаңтардан бері Жаңаөзенде сұйылтылған газ бағасының өсуіне байланысты өтіп жатқан наразылыққа «елмен сындарлы диалог» өткізуге барған Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевты мыңдаған адам жиналған жиыннан қуып жіберді.

Әр түрлі ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі арқылы тараған видеоларда Ноғаевтың жиналған жұртпен ортақ тіл табуға тырысқаны байқалады. Дегенмен, ылғи да себеппен емес, салдармен күресіп жүретін шенеуніктерге деген сенімі әбден азайған наразы жұрт «Керегі жоқ, айтпа! Ертегіден жалықтық! Шаруа шешпейтін әкімнің керегі жоқ! Кете беріңіз» оны сөйлейтпей тастады.

«Маңғыстау халқының қамын ойламасаң, бізге ондай басшылардың не қажеті бар? Мен Тоқаев пен Назарбаевты айтпаймын, Тоқаев пен Назарбаев өзін ойлаған! Сен осы елде отырған адамсың ғой, өз халқыңның қамын сен ойламасаң, бізді кім ойлайды? Шетелге көшкендер көшіп жатыр, біз мына жақта өліп жатырмыз», — деді дәл әкімнің қарсы алдында тұрып сөйлеген наразылардың бірі.

Дәл Нұрлан Ноғаев барғанда жиналғандардың газ бағасына қатысты әлеуметтік наразылығы «Ауыл әкімдері ғана емес, қала, облыс әкімдері де сайлану керек» деген саяси талапқа ойысты.

«Халық осылай қиналып отырғанда бізден сайланды дейтін мәжіліс депутаттары қайда жүр? Ешқайсы келіп, хәлімізді сұраған жоқ. Ондай біреудің қуыршағы боп отырған депутат керек емес! Мандатын тапсырып, кетсін. Сосын кеше жергілікті басшылар «газ бағасын шеше алмаймыз» деді. Ең көкейкесті мәселені шеше алмайтын басшының да бізге керегі жоқ!» — деді наразы топ өкілдері.

Ноғаев: «Әкімдер бәріне жауапты»

Наразылық басталған тұста Жаңаөзен қаласының әкімі еңбек демалысында жүрген. Ал, оның міндетін уақытша атқарушы Ғалым Байжанов газ бағасын реттеуге әкімдіктің құзіреті жүрмейтінін айтқан. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бердібек Қартбаев та «Әкімдік газ бағасын реттеуге араласпайды, өйткен бұл бәсеке бар ортаға тиесілі тауар», деп салған. Бірақ, артынша қасына "Қазақ» газ өңдеу зауыты директоры Нақберген Түлепов пен бұл кезде еңбек демалысынан шұғыл оралған Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаровты ертіп келген Ноғаев газ бағасының 85-90 теңгеге дейін төмендейтінін айтты. 

Облыстық, қалалық әкімдіктегілердің 2 қаңтарда басталған наразылық шеруінің бұлай тез арада дамып, ауқымы үлкейіп кетеді деп ойламағаны анық. Іс насырға шауып бара жатқанын көрген соң, «уақытша әкім» мен басқарма басшысының сөзі өтпейтінін түсініп, облыс әкімінің өзі бастап, елмен «сындарлы диалог» жүргізуге шығуға мәжбүр болды. Және ә дегеннен-ақ өз кадрларын «өтірікші» жасап, газ бағасына әкімдікті араластырды. Мұны «бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» деп аталатын «этикамен» байланыстырды. Яғни, әкім облыстағы мұнай бағасын түсіру үшін кәсіпкерлермен келісімге келген. Дегенмен, наразы халық әкімнің бұл «еңбегін» мүлде елемеді.

Нұрлан Ноғаев Батыс Қазақстан облысында әкім болып жүрген кезінде облысты аралап жүріп, әлдебір кемшілікті мердігерлерге жауып құтылғысы келген Бөрлі ауданының әкімі Марат Түсіпқалиевты «әкім өз аумағындағы барлық мәселеге жауапты» деп ұрысқан. Осындай ұстанымдағы облыс әкімі министр кезіндегі «газ бағасының қымбаттауына» өзін кінәлі сезінбейтін шығар. Десе де, өзі басқарып отырған облыстағы мыны жағдайға өзін тікелей жауапты сезіне алар ма екен? «Шал кет!» «Хан емессің, хайуансың!» деген ұрандар айтылып жатқан облыстағы жағдай үшін Ақорданың маңдайынан сипамайтынын жақсы білсе керек. Не де болса, 2014 жылы «От бога (тюрьмы) не зарекайся» деген сөзімен «хит» болған әкім бәріне дайын отырған шығар.

Жаңаөзен қаласында сұйылтылған газ бағасының 98 теңгеден 120 теңгеге бірден өсуіне қарсы наразылық 2 қаңтарда басталды. Қазір бұл наразылық Ақтау қаласында да жалғасып жатыр. Қазақстанның әр түкпірінен «Жаңаөзендіктерді қолдаймыз!» деп, алаңға шығып жатқан белсенді топтар да аз емес. Осыған орай, бірнеше қалада полиция белсенділерді ұстап әкетті. 2 қаңтарда әлеуметтік желі арқылы белсенділер мен танымал тұлғалар арнайы мәлімдеме жасап, «Жаңаөзенмен біргеміз» деп, елде тек газ ғана емес, әлеуметтік тауарлардың бәрінің қымбаттағанына наразылық білдіріп жатыр.

Үкімет арнайы комиссия құрылғанын, жағдайды ушықтырмай шешуге барын салатынын хабарлады. Ал, Жаңаөзен мен Ақтау қаласындағы наразылық шеруіне жиналған мыңдаған адам президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың келуін талап етіп жатыр.

Тегтер: