Ноғаевтың бұрынғы орынбасары Ақтаудың ыстық-суығын реттей алмай жатыр
Маңғыстау облысындағы энергия өндіруші ірі компания саналатын мекеменің жұмысшылары «жыл сайын тариф бағасы өскенімен айлығымыз әлі күнге шайлығымыздан артылмай отыр» дейді.
Ақтау қаласын жылу, ыстық сумен қамтып отырған «МАЭК» ЖШС жұмысшылары еңбекақыға байланысты шағым білдіріп, президент пен облыс әкімінің атына бейнежазба арқылы үндеу жолдады.
Апатты құрылғылар мен тозған киім
Осы мәселені компанияның басшылығына бірнеше рет талап етіп қойған. Бірақ уәде берілгенімен, мәселе күні бүгінге дейін елеусіз қалып келе жатыр. «Айына 160 мың теңге еңбекақыны қанағат етуге мәжбүр» болып жүрген жұмысшылар іштегі жағдайдың қазір тіптен қиындап кеткенін айтады. Себебі қазір «МАЭК» ЖШС өндірісіндегі құрылғылардың 80 пайызының тозығы жеткен. Мұны жұмысшылардан бөлек, былтыр Қасым-Жомарт Тоқаев та өңірге келген сапарында батырып айтып кеткен еді. Алайда жұмысшылардың сондай жағдайда жұмыс істей беруден басқа амалы жоқ.
«Бүгінде мекеменің жағдайы өте төмен. Құрылғылары мен қондырғылары бірнеше жылдан бері ауыстырылмады. Сапалы күрделі жөндеу көрмей, апатты жағдайда тұр. Мекеменің апатты жағдайға жетуі жауапкершілік пен адамгершіліктен жұрдай басшылардың немқұрайды әрекеттерінен болып отыр деп санаймыз. Сонымен бірге жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы өте төмен деңгейде. 80 пайыз тозығы жеткен құрылғылар мен қондырғылармен жұмыс істеуге мәжбүрміз. Әрі жұмыс орны санитарлық талапқа сай емес», – дейді жұмысшылар.
Бұдан бөлек, энергия өндіруші мекеменің жұмысшылары арнайы киімнің де жағдайы мәз емес дейді. Күн сайын өмірі мен денсаулығын қатерге тігіп жүр. Қазір мұнда орташа айлық еңбекақы 160 мың теңге болса, басшылар ай сайын 1,5 миллион теңге алып отыр. Әлеуметтік жағдайы төмен жұмысшылар еңбекақыны көтеруді сұрағанымен, басшылық «ол үшін тариф бағасын көтеру керек» деген желеумен кейінге созып келеді.
МАЭК-тің жауабы: «Көрмей отыр»
Дабыл қаққан жұмысшылардың уәжіне қатысты «МАЭК» ЖШС араға уақыт салып, айтылған жайттарға қатысты жауап берді. Қазір мұнда 3627 адам еңбек етеді. Оның ішінде қызметкерлер саны – 1208 адам болса, өндірістегі жұмысшылар саны 2419 адам екен. Бұл өңірде көп адам жұмыс істейтін компания болып саналады.
«МАЭК» компаниясының баспасөз қызметі берген ақпаратта мұндағы орташа айлық еңбекақы – 314 733 теңге болса, жұмысшылардың орташа жалақысы – 271 000 теңге деп отыр. Әрі кәсіпорын басшылығы қызметкерлерінің еңбек жағдайы, айлық жалақы мөлшерін арттыру күн тәртібінде тұр.
Аталған мекемеде екі кәсіподақ жұмыс істейді. Бірі – 809 адам мүшелігіне енген «МАЭК-ҚазАтомөнеркәсіп» жергілікті кәсіподағы болса, екіншісі – өткен аптаның соңында үндеу жолдаған «Ынтымақ» бастауыш кәсіподақ ұйымы. Бұл кәсіподаққа барлығы 826 адам мүше болған. «Ынтымақтың» мүшелері айтқан уәжге компания келісіп, тіпті сол оқиғалардың шындық екенін де растады. Алайда мәселені шешу жолға қойылды дегенімен әлі күнге басы даудан арылмай келеді. Компанияның баспасөз қызметі бізге берген жауабында тек қана өсім туралы айтыпты. Жалақы да, материалдық көмек те, сыйлықақы да өсіпті.
«MAЭK» ЖШС-ның тозығы жете бастаған жабдықтарының көлемі 80 пайыздан асады. Жыл сайын компания қаражатына тиісті жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Биыл 9 миллиард теңгеден астам ақшаға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. 1 ақпаннан бастап 540 жұмысшының жалақысы 35 пайызға өсті. Бұрын ең төменгі еңбекақы мөлшері бұрын 125 000 теңге шегінде болған еді. Сонымен бірге, қызметкер қайтыс болған жағдайда біржолғы материалдық көмек ретінде 100 АЕК, ал қызметкердің отбасы мүшелері 30 АЕК дейін көтерілді. Қызметкерлер отбасын құрғанда 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы көмек төлеу нормасы енгізілді. Сонымен бірге энергетиктер күніне сыйлықақы мөлшері 50 айлық есептік көрсеткішке дейін өссе, Республика күніне 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сыйлықақы төлеу нормасы енгізілді», – дейді МАЭК баспасөз қызметі.
«Ынтымақ» кәсіподағына мүше жұмысшылардың өздеріне талап қойғанына мекеме басшылығы ренжулі секілді. Себебі олар компаниядағы еңбек жағдайларын жақсарту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарды «көрмей отырған сыңайлы».
Компанияда жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы көңіл бөлінді деп айтылғанымен, олардың үндеу жолдап, биліктен көмек сұрауы бекер емес. Бұған дейін де компанияда еңбек ететін жұмысшылар айлық жалақы көлемін өсіруді сұрап, талап қойғаны әлі ұмытыла қойған жоқ.
Ноғаев Атыраудан алдырған жаңа басшы
Айта кететін бір жайт, «МАЭК» мекемесі сәуір айы басталғалы бері Ақтау қаласына жылу беруді жылдағы уақытынан ерте тоқтатты. Бірнеше күн бойы тұрғындарға ыстық су бермей қойғаны тағы бар. Бұдан бөлек, ала жаздай Ақтаудың көптеген шағын аудандарында бітпейтін жөндеу жұмыстары да еш толастаған емес. Соның салдарынан жұрт күнұзақ сусыз отыруға мәжбүр.
Өткен жылдың соңында қаланың жылу жүйесінде болған апатты жағдайдан кейін бірден «МАЭК» ЖШС басшысы ауысқан. Желтоқсан айында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев бұл мекемеге басшылыққа өзі Атырау өңірін басқарғанда орынбасары болған Жасұлан Сүйіншәлиевті аттай қалап алдырған. Алда Сүйіншәлиев басқаратын МАЭК-ке қойылатын талап тек жұмысшылардан ғана емес, халықтан да күшейе түспек. Оның үстіне компания туралы Қ.Тоқаев хабардар. Былтырғы апаттан кейін қыруар қаржы бөліп, компанияны қайта жаңғырту туралы міндет қойылған.
Бірақ құдайдың құтты күнінде «пәтерге су келмей жатыр» деп шағым айтатын Ақтау тұрғындары алаңсыз отыратын күнге тезірек жетуді тілейді. Ал осының барлығын қамтамасыз ететін мекеменің өндірістегі қара жұмысын атқаратындардың талабынан кейін алда жағдай жақсарады деу қиындау. Ендігі жерде жұмысшылардың үндеу жолдап, президенттен көмек сұрауына қарағанда Ноғаев сенім артқан Сүйіншәлиевті алда талай тегеуріндер күтіп тұрған секілді.