Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:40, 22 Тамыз 2023

Нөсер жауын Қарағанды билігіне сабақ бола ма?

None
None

Қарағанды қаласында өткен аптада бұрын-соңды болмаған дүлей мінезді екпінді жел соғып, нөсерлетіп жаңбыр жауды.

Үйдегі ел дымын ішіне тартумен болса, аулада қалып қойған жұрттың бойын үрей биледі. Сыртта сатыр-гүтір етіп күн күркіреп, найзағай ойнап, ауладағы көліктердің дыбыс белгілері айналаны у-шуға бөледі. Арқадағылар құдды апокалипсис келгендей күй кешті. Алабөтен табиғи апат тұрғындарды  қисапсыз шығынға батырды. Долы жауынның кесірінен асыраушысынан айырылып, қара жамылған отбасылар да бар.

Синоптиктердің айтуынша, жарты сағаттың ішінде кеншілер қаласына бір айлық мөлшердегі жауын жауған. Қарағанды көшелері көл- көсір болды. Жаяу жүргіншілер тобықтан су кешті. Екі жеңіл көлік көше ортасындағы тасқында қайраңдап қалды. Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, қаладағы 8 кәріз жүйелері істен шыққан. Қазыбек би ауданындағы 4 үйдің ауласын, «Дәулет» спорт мектебінің жертөлесін және теміржол вокзалының ғимаратын су басып қалды. Ұйытқыған жел Бөкейхан ауданындағы №4 мектеп-интернаттың шатырын жартылай опырып әкетті. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, қаладағы жеміс-жидек сататын базардың сөрелеріндегі  көкөністер жаңбыр суының бетінде қалқып жүрген көрініс инстаграм парақшасы арқылы оқырманға тарап кетті.

Бәрінен бұрын, нөсер жаңбырдың адам өліміне әкелуі зор кесапат болды. Көгілдір тоған ықшамауданындағы аялдамада тұрған зіңгіттей жігітке найзағай түсіп, опат болды. Кейін әлеуметтік желіден білгеніміздей, марқұмның артында 3 баласы мен әйелі аңырап қалған  екен. Табиғи апаттан бүлінген мүлікті жөндеумен жанталасып жатқан әкімдік өкілдері қайғылы хабарды ести тұра, марқұмның отбасына көңіл айтуға жарамады. Алдымен кісілік парызды орындауды қаперге алмаса керек. Одан бір жеті бұрын Қарқаралы ауданы Балқантау селолық округінде екі жігітке жай түсіп, бірі сол арада жан тапсырды. Екіншісінің денсаулығына зақым кеп, балдақ таянып қалған. Енді қаладағы жағдайға қайта оралайық. Нөсердің кесірінен онсыз да коммуналдық саласы күйреп,  орынбасарлары мән-жайдан хабарсыз Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожухов инстаграм парақшасы арқылы жұртқа су сорылған көшелерді оқтын-оқтын көрсетумен әлек болды. Мұндайда  «Сасқан үйрек артымен жүзеді» демеуші ме еді. 

Ертеңінде журналистерге жеделдетіп сұхбат берген қала әкімінің орынбасары Рүстем Қожақпанов:

Жаңбыр суынан   35 аумақтағы  электр желілері үзіліп, тоқ сөніп қалды. Оның 32-сі екі-үш сағаттың ішінде қалыпқа келтірілді.  Мұз айдыны қатты зардап шекті.  Кеншілер даңғылындағы тоқ желілерінің кабелі жанып кетті. Келесі апатада барлық кәріз жүйелерін тексерістен өткізетін боламыз. Комиссияның жауабынан кейін шешім қабылдаймыз,-деді міз бақпастан.

Айналдырған  жарты сағатта Қарағандының коммуналдық жүйесінің ту -талақайын шығарған жауын кімге болсын оңай соқпады.  Тұтқиылдан төнеген төтенше жағдай шаhардың  жауапты саласындағы шенеуніктердің жұмысына жүрдім -бардым қарайтынын анық аңғартты.

— Коммуналдық шаруашылық бөлімі өрт сөндірушілердің әрекетіне көшкен. Олар оқыс оқиға орын алғанда қимылдайтын әдетке айналдырған. Талап бойынша мәселені алдын ала қадағалап, ерте бастан бақылау жүргізуі тиіс солар емес пе? Керісінше, апаттың туындауын күтіп отырады. Мұндай марғау қимылмен халық әлі талай зардапқа ұшырайтыны анық, – дейді қала тұрғыны Тұрсынжан Арын.

Жаңбыр төпелеп құйған күні облыс орталығындағы «Арман қала», «Жанұя», «Кермет» тұрғын үй кешендеріндегі жаңадан пайдалануға берілген кейбір көпқабатты үйлердің төбесінен жаңбыр суы толассыз құйылып, тұрғындар малмаңдай суға батты. Бұл баспаналардың сыр беруінің себебін облыстағы құрылысшылар қауымдастығының атқарушы директоры Нәйла Қайырбекова былайша түсіндіреді:

— Бұл біздегі құрылыс сапасының төмендеуін айғақтайды. Ал оның орын алуына құрылыс компаниялары, мердігерлер және тұрғындардың өздері тікелей кінәлі. Қарағандыдағы құрылыс компаниялары қитұрқы амалды ұстаған. Тұтынушыларға арналған келісімшарт үміткердің талабынан шықпаса, ешқайсысы  түзетуге бейілдік танытпайды. Әдетте, сатып алушы салушыдан  тек сапаны сұрайтыны мәлім. Ондай ұсыныс көптеген құрылыс компанияларының көңіліне жақпайды. Сондықтан құрылыс салушылар: «Қаласаң ал, болмаса, жолың анау!» деп қарапайым халыққа доқ көрсетеді. Ал үйсіз жұрт еріксіз айтқандарына көніп, тәуекелге бас тігеді. Одан кейін, салымшының құрылыс жұмысын қадағалауға, пайдаланатын құрылыс материалдарының сапасын тексеруге құқы жоқ. Осындай дәрменсіздіктің шырмауына ілінген тұтынушы сапасыз салынған пәтерін кірмей жатып өз есебінен жөндеу жүргізуге мәжбүр, – дейді Н.Камалқызы.

Құрылысты тапсырарда қабылдап алатын қалалық әкімдіктің тұрғын үй құрылыс бөліміндегі жауаптылар құрылыс компанияларының бетін қайтаруға батылдары жетпей отыр. Бәрінің айтатыны «кәсіпкерлерге қысым көрсетуге құқымыз жоқ» деген жаттанды жауап.

Ауа-райы болжамына қарағанда, өңірдегі жауын аптаның ортасында сейіленді. Мұқым қарағандылықтарды әлекке салған нөсер қайта айналып келмесіне кім кепіл? Ал кабинеттерінен шықпайтын коммуналдық шаруашылық бөліміндегі шенеуніктер көшені қашан аралап, бұқараның ортасынан қашан табылар екен? 

Тегтер: