НУ. Сенен дау, бізден күмән тарқамады

Былтыр желтоқсан айында Жоғары аудиторлық палатаның басшысы Әлихан Смайылов Назарбаев университетін тексеру барысында 73 миллиард теңгенің тиімсіз жұмсалғанын, сондай-ақ жарты миллиард теңгелік заңбұзушылық анықталғанын хабарлаған.
Оған НУ басшылары жауап беріп, тексеріс білім ордасының 2017 жылдан 2023 жылға дейінгі аралығында жүргізілгенін, тексеру университеттің академиялық және ғылыми қызметіне қатысы жоғын мәлімдеді. Бұл аралықта университетті Шигео Катсу басқарған еді. Көп өтпей Катсу, керісінше, қазіргі басшылықты айыптай сөйлеп, хат жариялады. Студенттер де жемқорлық туралы есепті талап еткеннен соң қысымға ұшырай бастаған. Бір сөзбен айтқанда, былтыр жыл аяғында басталған НУ айналасындағы дау басылмай тұр.

Шигео Катсу хатында не жазды?
Аудит нәтижелері жарияланғаннан кейін көп ұзамай Назарбаев Университетінің бұрынғы президенті Шигео Катсу хат жариялады. Бұрынғы басшы НУ студенттеріне, оқытушыларына және түлектеріне жолдаған ашық хатында орын алып жатқан жағдайды университет болашағына тікелей қатер деп атады. Шигео Катсу аудит нәтижелерін көруді талап етіп, керісінше, қазіргі басшылық жемқорлыққа барғанын жазды. Катсу өзінің ашық хатында университеттің қаржылық тұрақтылығына қауіп төндірген жоғары лауазымды тұлғаларға ауыр айып тақты. Ол Jusan Group активтерінің заңсыз берілуі, басқару жүйесіндегі жемқорлық, университеттің мемлекеттік бақылауға алынуы, сондай-ақ Аслан Сәрінжіпов пен басқа да шенеуніктердің заңсыз әрекеттерін ашық сынады. Сонымен қатар Шигео Катсу өз хатында НУ, НЗМ және «Жусан» банкін ұзақ мерзімді қаржыландыру мақсатында құрылған NGF (New Generation Foundation) ақшасы тиімсіз, мүмкін тіпті басқа мақсаттарға таратылып жатқанын атап көрсетті. Ол «Аслан Сәрінжіповтің жеке қажеттіліктері мен жақын адамдарының пайдасына 14 миллиард теңгеден астам қаржы аударған» деп шулы мәлімдеме жасады. Шигео Катсу қор жетекшілері НУ-дың қор бақылауынан құтылудың жолдарын әзірлеп жатқанын ашық жазды.
Катсу хатында 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаев Университетіне, Jusan Bank-ке және Назарбаев Зияткерлік мектептеріне қарсы саяси қысым күшейгенін айтады. Катсу Jusan Group-тың 1,6 миллиард долларлық активтері небәрі 75 миллион долларға Ғалымжан Есеновке берілгенін қатаң сынға алады. Оның айтуынша, бұл келісім үкіметтің қатысуымен жүзеге асқан және оған NGF директорлары пара ретінде миллиондаған доллар алған. Катсу бұл процесті «жоғары деңгейдегі қаржылық қылмыс» деп сипаттап, оған халықаралық тергеу жүргізуді талап етеді. NGF активтері заңсыз берілгеніне қарамастан, Қазақстан үкіметі бұл әрекетке көз жұмған. Катсу бұл процесті ұйымдастырған тұлғалар АҚШ, Ұлыбритания және Қазақстан заңдары бойынша жауапкершілікке тартылуы керек деп санайды. Өзін бұл заңсыздықтарға ортақтаспағаны үшін былтыр жұмыстан босатып жіберді дегенді айтады.
Бірақ Катсудың мәлімдемесін жыл басында Саясат Нұрбек жоққа шығарып «бұрынғы президенттің мәлімдемесі шетелде беделі жоқ басылымдарда ғана жарияланды. Мұның өзі күмән тудырады» дегенді айтты.
Студенттерге қандай қысым жасалып жатыр?
Жоғарыда біз жазған айыптаулар отқа май құйғандай әсер етті. Әсіресе студенттер университеттен нақты түсініктемелер талап етті. «Біз университет басшылығынан бұрынғы президент Шигео Катсудың айтқан айыптауларына ресми жауап талап етеміз. Ол ашық хаттың қаржылық мәселелері туралы университеттің алаңдаушылығын білдіріп, қазір тіркелген қызметкерлердің пікірін ескермегені үшін сынға алған. Атап айтқанда, Катсу мырза Қади Дайрова, Аслан Сәрінжіпов және Ғалымжан Есеновті қаржы жинау және сыбайлас жемқорлық схемаларына қатысты бар деп танылды» дейтін мәтінде жазба жариялады.

Осыдан соң университет белсенділері мен студенттеріне қысым күшейген. Белгісіз адамдардан «бастарыңа бәле тілемей тыныш жүріңдер» деген мазмұнда хаттар келе бастаған. Бұдан бөлек, НУ туралы хабар тарататын телеграм-арналардың иелеріне позициясынан бас тартып, арнаны сатуды ұсынған хабарлама келген. Бұған жауап ретінде студенттер парақшаның 1,5 млрд долларға сатылатынын, ақшаны «Жусан» банктегі есепшотқа аудару туралы мәлімдеме жасаған.
Назарбаев Университетінің екінші курс студенті Темірлан Баймаш Instagram желісінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты ашықтықты талап ететін жазба жариялағаннан кейін қысымға ұшырай бастағанын айтты. Темірланнан бөлек басқа да студенттер анонимді адамдар тарапынан қысым мен қудалауға тап болғанын мәлімдеді.
«Нақты кімнің қоқан-лоқы жасап жатқанын білмейміз. Бірақ біз университеттегі сыбайлас жемқорлық туралы жазбаларды жариялағаннан кейін бірден мессенджерлерде және әлеуметтік желілерде қорқытатын хабарламалар түсе бастады. Кейбір қауіптер университет әкімшілігінің қызметкерлеріне қатысты аккаунттардан түсті. Telegram-да біз НУ өкілдерінің атынан хабарламалар алдық, бірақ олардың шынайылығын растау қиын», – дейді Темірлан.
Студенттер жыл басында университет басшылығындағы ашықтық мәселесін көпшілік алдында көтеру үшін бейбіт митинг өткізуге тоғыз рет өтініш білдірген. Алайда олардың барлық әрекетін әкімшілік «мәдени шаралар өткіземіз» деген желеумен қабылдамаған. Өршіген жанжалға жауап ретінде университетте жаңа президент пен вице-президенттердің қатысуымен екі кездесу өткен. Алайда олардың сұрақтарына ешкім нақты жауап бермеген.

НУ бұл айыптауларға не дейді?
Назарбаев Университетінің басшылығы бұл айыптаулардың барлығын бұрынғы басшылыққа жүктеген. Шигео Катсудың мәлімдемелері мемлекеттік орган мен қоғамды жаңылыстыру мақсатында ақпаратты бұрмалап жасалғанын хабарлаған. НУ өкілдері Катсу осындай жолмен қызметі кезінде жіберілген олқылықтарын басқаға жүктеуге тырысып жатыр деп санайды.
Қазір НУ Шигео Катсудың HeartStitch стартапына қатысты соттасатынын мәлімдеді. Университет 2024 жылы NGF-ке қарсы Қазақстанға 50 миллиард теңгені қайтару үшін сотқа шағым түсірген. Бұдан бөлек, америкалық стартапқа салынған 15 миллиард теңгені қайтару үшін университеттің бұрынғы президентіне қарсы сот ісін де дайындап жатыр. НУ өкілдері студенттердің қысымына қатысты ешқандай арыз түскен жоқ деп мәлімдеген.
НУ-дың қаржысы мен компаниялары
2006 жылдары экс-президент Назарбаев елімізде Қазақстан халқына жолдауында халықаралық деңгейдегі университет құру идеясын алғаш рет айтты. 2010 жылғы 28 маусымда Назарбаев Университетінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. 2009 жылдың 25 қыркүйегінде Аслан Сәрінжіпов университеттің президенті болып тағайындалды. 2011 жылдың 16 маусымында Назарбаев Университетінің Жоғарғы Қамқоршылық кеңесінің хаттамасына сәйкес Шигео Катсу университеттің президенті болып сайланды. Университет ТМД елдерінің ішінде үздік бестікке кіреді. Университетке түсу үшін IELTS-тан кем дегенде 6.0 алу қажет. Жылдық оқу ақысы 12 мың долларды құрайды. Былтыр білім ордасына 10 мыңдай жас оқуға өтініш бергенімен, оның тек 2 мыңы ғана өткен.
Жыл сайын мемлекет ақша бөлетін университеттер арасында НУ көш бастап келеді. Forbes Kazakhstan басылымының жазуынша, Назарбаев Университеті былтыр мемлекеттен әрбір бакалавриатты дайындау үшін орта есеппен 6,5 миллион теңге алған. Ал салыстыру үшін айтатын болсақ, Ұлттық жоғары оқу орындарында бір бакалаврды қаржыландырудың орташа көлемі 920 мың теңгені құрайды. Былтыр табыс жағынан да НУ көш бастап, университет 12,13 млрд теңге табыс тапқан. Екінші орында Еуразия ұлттық университеті. Оның бір жылдық кірісі – 3,6 млрд теңге.

Енді НУ-дың қаржы мәселесіне келейік. Статистика мен есепке сүйенсек, экс-президент атындағы оқу орнының қаржысы аз емеске ұқсайды.
«Назарбаев Университеті» дербес білім беру ұйымы Астана қаласының әділет департаментінде 2011 жылғы 15 маусымда тіркелген. Директоры – Ахмад Вакар. Құрылтайшысы бұрын «Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі» мемлекеттік мекемесі болатын. Бірақ 2023 жылы «Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппараты» мемлекеттік мекемесі құрылтайшы болып өзгерді.
Аталған университетте жыл сайын әлемнің 38 елінен 7,5 мыңға жуық студент оқиды. 2024 жылғы қаржысы 433 млрд теңгеге жуық, былтыр 8 млрд теңгеден аса салық төлеген. Университет жыл сайын білім және ғылым министрлігінен келісімшарт алып тұрады. 2017 жылдан бері мемлекеттен алған келісімшарттарының саны 80-нен асады. Оның тең жартысын тікелей бір көз арқылы алған. Мысалы, 2022 жылы алған бір келісімшартының қаржысы 39 млрд теңгеге жуық, ал келер жылы да министрліктен 38 млрд теңгеден аса сомаға келісімшарт жасасқан.
НУ өзінен басқа 13 ЖШС-ның құрылтай мүшесі саналады. Оның ішінде табысты қызмет етіп жатқандар да бар. Атап айтар болсақ, гуманитарлық зерттеумен айналысатын National Laboratory Astana кәсіпорнының былтырғы қаржысы 32 млрд теңгеге жуықтайды. 2024 жылы 600 млн теңгеден аса салық төлеген. University Service Management дейтін тағы бір кәсіпорынның қаржысы да 32,8 млрд теңгеден асады.
Негізінен Назарбаев Университетін сынау былтыр мамыр айынан басталды. Сол кезде мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов НУ-ға бөлінетін ақшаның көп екенін, университет өзін ақтамай жатқанын айтты. Депутат сонымен қатар қаншама қаржы құйылғанына қарамастан, университет әлі де халықаралық университеттер рейтингінде лайықты орын ала алмаған деп бағалады. Бұған жауап ретінде Назарбаев Университетінің ғылыми басқарма директоры Асанбай Жұмабеков университетте 300-ден астам ғылыми-техникалық жобалар жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді.
2024 жылдың маусым айында Катсу Назарбаев Университетінің «шаңырағы ортасына түседі» деп мәлімдеген. Бұдан бөлек, ол университет қызметіне халықаралық бақылаудың әлсірегенін де айтқан. Бұл айыптауды ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоққа шығарып, білім ордасына 43 млрд теңге қаражат бөлінгенін хабарлады.
Тұрсынбек БАШАР