«Нұр Отанның» нұры түспей қалған ауыл
«Біздің ауыл жетімнің күйін кешеді. Тіпті су мен жарықты былай қойғанда, жолының өзі қорқынышты».
Осылай деп басталатын мәтін хат facebook желісіндегі жекеме келіп түсті. Авторы – Алматыдан таяқ тастам жердегі Талғар ауданына қарасты Көктал ауылының тұрғыны Әлия Әбілсейітқызы. Алматының түбінде тұрған ауыл тұрғындары қоғамдық көлікке зар болып отыр десек, біреу сенер, біреу сенбес. Олар қалаға қатынау үшін үш шақырымдық жолмен ертелі-кеш жаяулап жүрудің азабын тартып отыр.
– Көктал ауылына қоныстанғалы алты жылдың жүзі болды. Өздеріңіз көріп тұрғандай, шағын ауыл. Бізді жол мен автобус мәселесі толғантып келеді. Таңғы сағат 6-да үйден шығамын. Даланы ылғи да қалың тұман басып тұрады. Кешкілік кептеліспен үйге жеткенше тағы да қараңғыға қаламын. Құлап-сүрініп, үш шақырым жерді жүріп, түнделетіп үйге әзер жетемін. Әр күнім үрей мен қорқынышпен өтеді. Қамыс-қурай басқан жарықсыз, елсіз иен даламен жалғыз жүрудің қаншалықты қауіпті екенін басынан өткерген адам ғана түсінеді. Қаңғырған ит те көп. Ауыл арасына қатынайтын автобус керектігін айтудан жағымыз талды, – дейді ол.
Әлия Әбілсейітқызы жолдың «жырын» жырлаудан жалықпағанын айтады.Оның ауылдық әкімдіктің есігін тоздырғанына алты жылдан асқан. Ресми жауап іздеп, хат жазбаған мекемесі жоқ. Айқайласып, Талдықорғанға хат жазып жүріп, орталық көшеге асфальт төселгені, әрине, қуантады. Соның өзінде ауылішілік көшелерге тұрғындар 10 мың теңгеден жинап, өз күшімен тас төсеген. Бұл туралы тұрғын:
– Әйтпесе жауын-шашынды күндері батпақтап қалатынбыз. Шағын ауылдың асфальт төселген көшесіне тұрғындар жылдамдықты төмендетуде 11 кедергі жасап тастаған. Өзі тар көше болғандықтан, автобустар жүруге қолайсыз, сол себепті тұрғындар ауыл сыртын айналып өтуді сұраған болатын. Жаңа жолдың қашан бітері белгісіз. Фейсбукке «Нұр Отанның» нұры түспей қалған ауыл» деп те жаздым. Қазір карантин болып, балалар үйден оқыды. Балаларды мектепке тасымалдауға жаңадан екі автобус бөлініп еді, оған әлі отырмады. Одан бұрынғы жылдары Еркін ауылындағы мектепке балаларымыз ескі-құсқы автобустың аузы-мұрнынан шығып тасымалданатын. 250 орындық мектепте Ай-Абылай, Айғаным, Көктал, Еркін ауылдарынан 1000-нан аса бала білім алады. Өзімнің екі балам бар мектеп жасында, 7-ші мен 4-сыныпта. Балаларым түк көрмей, үйден шықпай оқып жатыр. Қосымша курстарға жіберуге автобус жоқ. Ал мектепте қосымша сабақ түгіл, оқушылар күнделікті сабағын әрең сыйып, оқиды. №26 мектептің жағдайы осы. Жарық жекенің қолында, әр ай сайын бір лампочка, бір тоңазытқышқа ғана 4000 теңге төлеймін. Киловатына 28-30 теңгеден, өте қымбат, – дейді екі баланы асырап отырған жалғызбасты ана Әлия Әбілсейітқызы.
Талғар ауданының тұрғындары таза ауызсу мәселесін де көтеріп жүр. Тіпті мемлекет басшысының атына ашық хат жазған.
– Талғар ауданында сумен қамту мәселесінің шешілмей келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Әсіресе жаз айларында су тапшылығы қатты сезіледі. Әкімшілік болса жеке шаруалардың бау-бақты суаруынан су тапшылығы орын алды деп алға тартады. Су қорының басқа бөлігі саны көп монша, сауна, автомойка, кілем жуатын орындарға кетеді. Су көрінгеннің бизнесіне айналды. Тіпті арық жүйесі де дұрыс ойластырылмаған. Бір-бірімен еш байланысы жоқ. Оның үстіне бақшасына су жіберу үшін бетонды кез келген тұрғын тесе алмайды. Оны қойшы, мемлекет мүлкін құртты деп айыппұл төлейсің, – дейді Талғар ауданының тұрғыны Клара Хасанова.
Еске салсақ, 2019 жылдың мамыр айында Талдықорған қаласына келген сапарында президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкімі Амандық Баталовқа соңғы 20 жыл ішінде аймақтың сумен қамтамасыз ету жүйесін ретке келтіру үшін 500 млрд теңгеден аса қаржы бөлінгенін айтқан еді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы қаражаттың қайда жұмсалғанын анықтауды есеп комитетіне тапсырған болатын. Бұл сұрақты Алматы облыстық тексеру комиссиясының басшылығына жолдадық.
– Мұндай тексеру жүргізілмеді. Бәлкім, президент сөзі республикалық есеп комитетіне қатысты айтылған болар. Алдағы уақытта сегіз мекеменің жұмысын тексеру үшін елордадан тексеру комиссиясын тосып отырмыз. Бұл құрылыс, энергетика және сумен қамту саласын да тексереді, – дейді Алматы облыстық тексеру комиссиясы басшысының орынбасары Бақытжан Мұхамеджанов.
Жоғарыда жол мәселесін тілге тиек еткен Көктал, Еркін ауылының тұрғындары мәселелердің мәнісін Қайнар ауылдық округінің әкімі Нұрболат Манапбаевтан білуді жөн көрдік.
– Көктал ауылында бұл проблемалар былтырдан бері көтеріліп келеді. Қаладан 50 шақырымдық елді мекен тұрғындарын тасымалдауды Алматының автопарктері қамтамасыз етеді. Осыған орай, олар ауыл шетіндегі құлағалы тұрған көпір мен жолды жөндеуді тапсырды. Биыл бұл шаруалар жасалады. Алматыға автобустың Көкталға қатынауына өтінім берілді. Екіншіден, бұдан бұрын ауыл тұрғындарын тасымалдауға жеке фирмалар келді, олардың ақшасымен келіспеді. Үшіншіден, жаңа жылдың алдында ғана сол ауылдағы автобусы бар бір кәсіпкер азаматпен Көктал мен ГРЭС-тің арасына қатынауға келіскен едік. Төрт күн тұрды, адам шықпады. Сонымен, ол да қойды, – дейді ауыл әкімі Нұрболат Манапбаев.
Өткен жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 13 млн 214 мың теңге бөлініп, Еркін ауылындағы Гагарин, Жастар және Көктал ауылындағы орталық көшеге асфальт төселген екен. Үнемделген қаражатқа Жаңалық ауылындағы «Нұрай» мөлтекауданының екі көшесіне тас-құм төселген.
2018-20 жылдары Көктал мен «Айғаным», «Ай-Абылай» ықшамаудандарына инвестор тартылып, «Араз-инвест» ЖШС тұрғындарды газбен қамтамасыз ету үшін газ құбырын тарту жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде тұрғындардың 60 пайызы газбен қамтылған. Биыл 100 пайызға аяқтау жұмыстары жалғасуда.