Нұр-Сұлтан қаласында кезекте тұрған біраз адамға баспана кілті табысталды
Қазақстанда баспана түйткілі қашан да өзекті. Әсіресе, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент сияқты мегаполистерде баспанаға мұқтаж азаматтар көп.
Тәуелсіздік алған жылдардан бері осы түйінді шешудің әртүрлі жолдары қарастырылып, көптеген бағдарламалар жасалуда. Нәтижесі де жаман емес. Мәселен, жуырда астана күніне орай Нұр-Сұлтан қаласында кезекте тұрған біраз адамға баспана кілті табысталды.
Баспаналы болғандардың жалпы саны 300-ден асады. Олардың арасында толық емес отбасылар, жетім балалар мен мүгедек бала тәрбиелеп отырған азаматтар, көпбалалы отбасылар, 1 және 2-топ мүгедектері бар. Одан бөлек, бір бөлім пәтерлер жастарға берілді. Жастардың арнайы бағдарлама бойынша баспаналы болғанын атап өтейік.
Пәтер кілтін табыстауға келген қала әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Нұр-Сұлтан қаласында тұрғындар үшін қолжетімді әлеуметтік тұрғын үй құрылысының көлемі артқанын айтып өтті. Оның сөзінше, 2018 жылы 1100 пәтер берілген болса, 2019 жылы 2900 пәтер өз иелеріне табысталыпты. Ал 2020 жылы 7000 пәтер кезекте тұрған азаматтарға үлестірілген. Былтыр 10 000 пәтер салыныпты. Қазіргі беріліп жатқан үйлер сол баспаналар. Н.Нұркенов: «Құрылыс көлемін сақтауымыз қажет. Соны сақтау үшін құрылыс индустриясының бәрі жұмылдырылды. Мәселен жергілікті зауыттар, үй құрылысы комбинаттары сияқты мекемелер тартылуда. Мұның бәрі қала тұрғындарының баспана түйінін шешу үшін жасалып жатқан қарекеттер» — деп атап өтті.
Астаналықтарға берілген баспана Ұлы Дала даңғылының бойында орналасқан. Бір жағында Нұра-Есіл арнасы бар. Кешен тұрған ауданда мектеп, жастарды дамыту орталығы, сауда үйі, емхана сияқты қала тұрғындары үшін қажетті құрылыстар жоспарланған. Мұның бәрі әрине болашақтың ісі. Дегенмен, күн сайын абаттанып жатқан шаһар үшін бұл бірнеше айдың ғана жұмысы.
Су жаңа тұрғын үй кешенінен екі бөлмелі пәтердің кілтін алған Бағдат есімді жас жігіт өз үйінің кілтін қолына алып тұрып, қуанышын жасыра алмады. Ол: «Пәтерлі болған азаматтардың бәрін құттықтаймын! Мен өзім жалға берілетін тұрғын үйге өтінімдерді қабылдау басталғанын қыста естідім. Содан не болса да, бағымды сынап көрейінші деген ой келді. Өйткені, биыл 29 жасқа толдым. Бұл менің бағдарламаға қатыса алатын ең соңғы мүмкіндігім еді. Бұдан қалсам, мұндай бағдарламаға қатыса алмаймын. Содан 31 желтоқсан күні қолыма тұрғын үй қорының сертификаты тиді. Құттықтау хатты келгенде не сенерімді, не сенбесімді білмей қатты қуандым. Жаңа жылға жақсы сыйлық болды. Арада 7 ай өткенде маған пәтер кілті табысталып отыр. Қазақта «Балам дейтін елі болмаса, елім дейтін бала бола ма?» дейтін жақсы сөз бар. Міне, мына беріліп жатқан баспана балам дейтін елдің, ұлым дейтін мемлекеттің жастарға жасап отырған мүмкіндігі. Осыдан кейін қалай отаның үшін, елің үшін жаныңды салып қызмет етпейсің?! Бұл жұмыс істейтін жастарға жасалып отырған өте жақсы мүмкіндік. Осындай мүмкіндік тудырған мемлекетке алғыстан басқа айтарым жоқ!», — деп ағынан жарылды. Астанада жастар үшін және кезекте тұрған қала тұрғындары үшін баспана түйінін шешу осылай жалғаса береді.