Нұр-Сұлтанда баспана мен мектеп мұқтаждығы шешілуде
Өткен жылдың күзінде елімізде халықтың тұруына жайлы орта құруға бағытталған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жоба әзірленген болатын.
Ұлттық жобаның мақсаты ретінде халыққа негізгі қызметтерді теңдей қолжетімді еткізу, тұрғын үй-коммуналдық жағдайын жақсарту, көлік қатынасы мен елдің транзиттік әлеуетін, сондай-ақ халықтың жылжымпаздығын арттыру көзделген.
Күні кеше Нұр-Сұлтанда Астана күні қарсаңында кезекте тұрған 300-ден астам адам мен жұмыс істейтін жастарға пәтер кілттері табысталды. Кезекте тұрғандардың арасында жетім балалар, толық емес отбасылар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы отбасылар, 1 және 2-топтағы мүгедектер, зейнеткерлер бар. Пәтерлердің бір бөлігі жұмыс істейтін жастарға арналған бағдарлама бойынша берілді. Пәтер кілтін тапсыру рәсіміне елорда әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов қатысты.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елордада қолжетімді әлеуметтік тұрғын үй құрылысының көлемі ұлғайтылды. Мысалы 2018 жылы – 1100 пәтер, 2019 жылы – 2900 пәтер, 2020 жылы – 7000 пәтер, 2021 жылы – шамамен 10 000 пәтер салынды. Құрылыс көлемін сақтау керек. Ол үшін құрылыс индустриясының бәрі жұмылдырылған: жергілікті зауыттар да, үй құрылысы комбинаттары да», – деді әкімнің орынбасары Нұрлан Нұркенов.
Тұрғын үй кешені Ұлы Дала даңғылында, Нұра-Есіл арнасының қасында орналасқан және Jetisu бигвилліне кіреді. Мұнда тұрғын үйлерден бөлек мектеп, дамыту орталығы, сауда үйі және т.б. құрылысы жоспарланған.
BI Group компаниясы Aqsu кварталдарын ModeX инновациялық модульдік технологиясы бойынша салады, осының нәтижесінде тиісті жұмыстардың 80%-ы зауыттық жағдайда орындалады. Бұл технологияның арқасында құрылыс алаңында тұрғын үй блоктарын орнату және оларды инженерлік желілерге қосу ғана қалады. Бұл әдіс сапаны сақтай отырып, нысандарды сату уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Автоматтандырылған желілер, өндірістік бақылау және сертификаттау процесінде адами фактор барынша азаяды.
«Жалға берілетін тұрғын үйге өтінімдерді қабылдау басталғанын білген соң, бағымды сынап көргім келді. Себебі мен 29 жасқа енді толатын едім, бағдарламаға қатысатын соңғы мүмкіндігім болатын. Жаңа жыл қарсаңында, яғни 31 желтоқсан күні кешке тұрғын үй қорының сертификаты мен құттықтау хаты келгенде сенер-сенбесімді білмей абдырап қалыппын. Міне аз ғана уақыттан кейін пәтер кілті табысталып отыр. Жұмыс істейтін жастарға осындай мүмкіндік беріп отырғаны үшін мемлекетке ризамын», деп екі бөлмелі пәтер алған қала тұрғыны Бағдат қуанышымен бөлісті.
Айта кету керек, елорда тұрғындарының саны 24 жыл ішінде төрт есеге жуық өсті. Ұлттық статистика бюросы ұсынған деректерге сәйкес, ел астанасы ауысқан сәттен бастап 24 жыл ішінде қала тұрғындарының саны (1998 жылғы) 326 мыңнан (2022 жылы) 1 миллион 262 мыңға дейін төрт есеге жуық өсіпті.
Нұр-Сұлтандағы әйелдер саны әдеттегідей басым. 1998 жылы қалада 174 мың әйел адам мен 152 мың ер адам тұрса, қазір бұл сандар сәйкесінше 657 мың (52%) және 605 мың (48%).
24 жыл бұрын елордада 3400 бала дүниеге келді, 2021 жылы 31 мың бала дүниеге келді. Осылайша, бала туу коэффициенті 11-ден 25,9-ға дейін өсті (мың адамға шаққанда). Ел астанасы ауысқан жылы мұнда 48 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істесе, қазір олардың саны 147-ге дейін өсті. Ал ауруханалар саны үш есеге артты: 15-тен 45-ке дейін.
Биыл, 2022 жылы Нұр-Сұлтанда тағы 20 мыңнан астам оқушы орны ашылады. Тағы 11 мектеп салынады. Сол сияқты 3 жыл ішінде елордада 34 мектеп салынды. Оқу орындарының құрылысы қаланың барлық ауданында жүріп жатыр.
«Халықтың жыл сайынғы өсуін ескере отырып, әлеуметтік нысандарға, оның ішінде оқу орындарына деген сұраныс артып келеді. Жоспарлы түрде оқушыларды тиісті оқу орндарымен қамтамасыз ету және жұмыс істеп тұрған орындарға артылып жатқан артық жүктемені алып тастау үшін жыл сайын кемінде 10 мектеп салу қажет. 3 жыл ішінде 34 мектеп салынып, пайдалануға берілді. Аталған оқу орындары 70 мың оқушы орнын құруға мүмкіндік берді. Оқу орындары қаланың барлық ауданында салынып жатыр. Мысалы соңғы 2 жылдың өзінде халық тығыз қоныстанған Есіл ауданында 12 мектеп, Алматы ауданында – 7, Байқоңыр ауданында – 4, Сарыарқа ауданында 2 мектеп салынды. Биыл қалада тағы 11 мектеп салынады. Аталған оқу орындары қосымша 20 мыңнан астам оқушы орнын ашуға мүмкіндік береді», – дейді елорда әкімі Алтай Көлгінов.
Мысалы №65 мектептің (Сарыарқа ауданы) ерекшелігі – мұнда инклюзивті білім беру бар. Бұл мектепте есту, тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар оқиды. Мұнда барлығы 3 мыңнан астам оқушы білім алып жүр, бұл оқу орнына жүктелген тиісті жүктемеден асып түседі. Мектептің қуатын арттыру үшін жанынан жаңа корпус салынып жатыр. Ол тағы 1200 оқушы орнын (екі ауысымда) құруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ №59 мектеп-лицейінің (Сауран көшесі) аумағында жаңа корпустың құрылысы басталды. Биыл барлығы 20 мыңнан астам оқушы орны ашылады.