Нұра ауданының тұрғыны мемлекеттік гранттың шапағатын көруде
Нұра ауданы Қарой ауылының тұрғыны қазір көбік блоктарын өндірумен айналысуда.
Нұра ауданында тұратын Талғат Жүкенов «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында кәсіпкерліктің негіздеріі бойынша дәріс алды.
Атап айтқанда, «2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы бойынша» мемлекеттік гранттар байқауына қатысқан.
– Осылайша, өз бизнес-жоспарымды жазып қорғадым. Еңбегім ескеріліп, 1 миллион 600 мың теңге көлемінде грант алдым. Бұл қаражатқа қажетті құрал-жабдықтар мен нысандар сатып алдым. Жақында үйімнің жанынан шағын цех аштым. Маған екі ұлым көмектеседі. Өтеусіз гранттар бизнесін бастағысы келетіндер үшін жақсы мүмкіндік деп айтқым келеді,-дейді кәсіпкер.
Цехтың аумағы шамамен 10 шаршы метрді құрайды. Ісін жаңадан бастаған кәсіпкер ең әуелі түсім емес, сапа үшін жұмыс істейтінін айтады. Өндірілетін көбік блоктарының көлемі тапсырысқа байланысты,- дейді ол. Кәсіпкер болашақта өз шеберханасын кеңейтуді мақсат етіп отыр.
Айта кеткен жөн, Нұра ауданы бойынша биыл 10 адам осындай мемлекеттік грантты иеленген. Алдағы уақытта халықтың әлеуметтік осал тобына енетін тағы сегіз кәсіпкерді қаржыландыру жоспарлануда.