Нұралықтар ауылда тұрақтайды
Нұра ауданына қарасты, Көбетей ауылында жылына 10 мың тонна сүт өндіретін сүт-тауар фермасы ашылады.
Жаңа кешен мың бас сауын сиырға арналып тұрғызылған. Кәсіпорын ауыл тұрғындарын қосымша жұмыс орнымен қамтамасыз етіп қана қоймай, жергілікті өнім өндірісін ұлғайтады.
Аталған агроөнеркәсіп кешеннің инвестициялық жобасы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Нұра ауданына барған сапары барысында мәлім болды. Мұндағы мал шаруашылығын дамыту ісімен «Черниговский и К» ЖШС айналысады. Серіктестік бұған дейін тек дәнді дақыл өсіру бағытын ұстаған. Жаңа ферманың құрылысы енді басталды. Мамандардың айтуынша, құрлысшылар іске кірісіп кетті. Қажетті құрылыс материалдары толық жеткілікті.
– Бұл арада бес фермадан тұратын кешен, сондай-ақ жемшөп өндіруге арналған сүрлем алаңы болады. 2024 жылдың күз айында құрлыс аяқталып, нысан іске қосылуы тиіс, – деді «Черниговский и К» ЖШС -нің басқарушы менеджер Арман Нұржанов.
Сүт-тауар фермасында арнайы астық тазартқыш қоймасы қатар орналасады. Бұл араға тамшылатып суару жүйесі тартылады.
Байтуған ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді
Елдімекендегі қараусыз қалған ескі ғимарат жаңа тұрпатқа еніп, ол шағын әрі жылы бірнеше бөлме болып жасақталған. Денсаулық сақтау мекемесіне жақында жаңа жиһаздар мен заманауи медициналық құрал-жарақтар жеткізіледі. Облыстық денсалуық сақтау басқармасындағылар ауылға жас дәрігер мамандар тартылатынын айтып отыр.
Байтуғандағы игі бастама жалғыз мұнымен шектелмейді. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша шағын ауылдың көлік жолдары ретке келтіріліп, асфальт төсеуге әзірлік жүріп жатыр. Биыл жеті көше жаңартылады.
Ермағанбет Бөлекпаев сондай-ақ аудандық мәдениет үйінің модульдік қазандығының жай-күйін көріп, орталық саябақ құрылысымен де танысты. Тұрғындарға арналған қоғамдық демалыс орнында келешекте ойын және спорт алаңдары бой көтереді. Саябақты абаттандыруға кіріскен осы ауылдың тумасы, жас кәсіпкер қоғамдық демалыс орынын абаттандыруды өз мойнына алған.