Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:41

Нұрай Серікбай ісі: қызметтен босатылған полицей ашық мәлімдеме жасады

Айгүл Орынбек пен Әбілғазы
Фото: Instagram @aigulorynbek_kz

Шымкент қаласының бұрынғы полиция қызметкері Әбілғазы Нұрай Серікбайдың қаза болуы бойынша тергеу ісіне қатысты өз пікірін білдірді. Ол әрекеттерін заң шеңберінде жүргізгенін айтты.

Бұл туралы ол заңгер Айгүл Орынбекке берген сұхбатында мәлімдеді.

Әбілғазының айтуынша, Нұрай жоғалған күні ол шақырту бойынша қыз бен оның танысы Шерхан тұрған үйге барған. Сол жерде ол Нұрайдың ағаларын көріп, қарындасының қайда екенін сұраған. Ағалары оның үйде екенін айтқан.

«Адамдарға көбінесе тек бір ғана оқиға нұсқасы көрсетіледі. Ақпарат біржақты таратылады. Мен өз білетінімді жеткізгім келеді. Біз үйге барған кезде Нұрайдың ағаларын көріп, оның қайда екенін сұрадым. Олар үйде екенін айтты. Сол кезде шу болды — адамдар тойға дайындалып жатты. Кейін мен оларды аудандық полиция бөліміне жеткізіп, жеке-жеке сұрадым. Екеуі де  ерікті түрде келгенін растады. Кейін ол осыны видеода да айтты», — деді экс-полицей.

Бұрынғы полицейдің айтуынша, Нұрай мен Шерхан барлық мәліметтерді өз еркімен растаған. Одан кейін ол видеожазбаны көрсеткен, онда Нұрай Шерханмен үш айдай таныс екенін,  Шымкентке өз еркімен келгенін айтады. Видеода қыз 2025 жылғы 4 қазан күні шамамен 21:00-де Алматыдан шыққанын да нақтылаған.

Әбілғазы сол кезде ешбір тараптан ресми арыз түспегенін, сондықтан қылмыстық істі қозғауға негіз болмағанын мәлімдеді. Ол полиция департаментінің баспасөз қызметіне видеоны жариялауды ұсынған, бірақ белгісіз себеппен жарияланбай қалған.

Бұрынғы қызметкер өз қызметінен Нұрай Серікбай ісіне байланысты қоғамдық резонанс нәтижесінде босатылғанын жеткізді. Оның айтуынша, қызметтен шығару күтпеген және ауыр соққы болған. Сонымен қатар, анасы осы жағдайды көтере алмай қайтыс болған.

«Мен әлі күнге дейін түсінбеймін. Мен полиция қызметкері болып сегіз-тоғыз жыл қызмет еттім. Күндіз-түні жұмыс істедім, сержанттан бастап қызмет жолында көтерілдім. Қаңтар оқиғаларында да жұмыс жасадық. Бірақ қоғамдық резонансқа байланысты мені себепсіз қызметтен алды — тіпті қоқыс сияқты шығарып тастады», — деді Әбілғазы.

Еске салайық, 11 қаңтар күні Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбай пышақ жарақатынан қаза тапты. Оның туыстарының айтуынша, күдікті қызды дүкенге шыққан сәтінде торуылдап, бірнеше рет пышақ сұққан. Алған жарақаттары өмірге қауіпті болып, Нұрай оқиға орнында көз жұмған. Қылмыстан кейін күдікті бой тасалаған.

13 қаңтарда полицейлер қала маңынан 28 жастағы күдіктіні ұстады. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жалғасуда.

Нұрайдың туыстары бұған дейін қыздың ұзақ уақыт бойы қудалауға ұшырағанын, қорқыту мен аңду фактілері бойынша полициядан бірнеше рет көмек сұрағанын айтып, ашық мәлімдемелер жасаған.