Нұрай Серікбай ісі: қорғаушы Сержан Нұрпейісов Нұрайдың видосына қатысты мәлімдеме жасады
Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбайдың қаза болуына байланысты қозғалған қылмыстық іс қоғамда үлкен резонанс тудырып отыр.
Осы іске байланысты экс-полицей заңгер Айгүл Орынбекке сұхбат беріп, неге сол кезде Шерхан Аймахан үстінен қылмыстық іс қозғалмағанын айтып берген еді. Нұрайдың видеосы да көпшілікке тарады.
Бұған қатысты жәбірленуші отбасының қорғаушысы, адвокат Сержан Нұрпейісов тергеу барысына қатысты өз ұстанымын мәлімдеді.
Адвокаттың айтуынша, қазіргі таңда іс материалдарында жария етуге болмайтын деректер бар. Бұл тергеудің құпиялылығымен тікелей байланысты.
«Мен Нұрайдың адвокаты ретінде көп нәрсені айта аламын. Алайда тергеудің құпиялығына байланысты барлығын ашық жария ете алмай отырмын. Дегенмен бұл бейнежазбаның қалай пайда болғаны, полиция қызметкерлерінің әрекеттері туралы материалдар жеткілікті. Істі соңына дейін жеткізіп, ақты – ақ, қараны – қара етіп қоғамға көрсетуге тырысамын», – деді Сержан Нұрпейісов.

Экс-полицейдің уәжі
Бұл іске қатысты Шымкент қаласының бұрынғы полиция қызметкері Әбілғазы да өз түсініктемесін берді. Ол заңгер Айгүл Орынбекке берген сұхбатында Нұрай жоғалған күні өзінің әрекеттері заң шеңберінде болғанын айтты.
Әбілғазының сөзінше, ол сол күні шақырту бойынша Нұрай мен оның танысы Шерхан тұрған үйге барған. Онда Нұрай Серікбайдың ағаларын көріп, қарындасының қайда екенін сұраған.
«Біз барған кезде Нұрайдың ағалары оның үйде екенін айтты. Сол сәтте үйде тойға дайындық жүріп жатқан, шу болды. Кейін оларды аудандық полиция бөліміне жеткізіп, жеке-жеке түсініктеме алдым. Екеуі де (Нұрайдың) ерікті түрде келгенін растады», – деді ол.
Бұрынғы полицейдің айтуынша, Нұрай мен Шерхан барлық мәліметті өз еркімен растаған. Сондай-ақ видеожазбада Нұрай Шерханмен шамамен үш ай таныс екенін және Шымкентке өз қалауымен келгенін айтқан. Ол 2025 жылғы 4 қазанда сағат 21:00 шамасында Алматыдан шыққанын да нақтылаған.
Әбілғазы сол уақытта ешбір тараптан ресми арыз түспегенін, сондықтан қылмыстық іс қозғауға негіз болмағанын алға тартты. Оның айтуынша, бұл видеоны полиция департаментінің баспасөз қызметіне жариялауды ұсынғанымен, беймәлім себептермен ол материал ашыққа шықпаған.
Экс-полицейдің сөзінше, Нұрай Серікбай ісіне қатысты қоғамдық резонанс салдарынан ол қызметінен босатылған.
«Мен полицияда сегіз-тоғыз жыл қызмет еттім. Күндіз-түні жұмыс істедім, сержанттан бастап өстім. Қаңтар оқиғалары кезінде де алғы шепте болдық. Бірақ қоғамдық қысыммен мені себепсіз қызметтен алып тастады», – деді ол.
Нұрай Серікбайдың туыстары бұған дейін оның ұзақ уақыт бойы қудалауға, қорқыту мен аңдуға ұшырағанын айтып келген. Олардың сөзінше, бұл жағдайлар бойынша полицияға бірнеше рет көмек сұрап жүгінген.
Еске салайық, 2026 жылғы 11 қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбай пышақ жарақатынан қаза тапты. Туыстарының айтуынша, күдікті қызды дүкенге шыққан сәтінде торуылдап, бірнеше рет пышақтаған. Алған жжарақаттарнан Нұрай оқиға орнында көз жұмған.
13 қаңтар күні полицейлер қала маңынан 28 жастағы күдіктіні ұстады. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасып жатыр.