Нұрай Серікбай ісі: отбасы күдіктінің жазадан құтылуынан қауіптенеді
21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты істе жаңа мән-жайлар белгілі болды. Оның туыстары күдіктінің қазір Талғардағы арнайы психиатриялық мекемеде жатқанын айтып, күдіктінің өзін психикалық ауру етіп көрсетіп, жазадан құтылып кетуі мүмкін екенін алға тартады.
Қаза болған қыздың ағасы Сұлтан Серікбайның айтуынша, іс бойынша бірнеше сараптама жүргізілген – алдымен Шымкентте, кейін Алматыда. Алайда туыстары шабуыл жасаған адам қылмыс жасаған сәтте есі дұрыс болған деп есептейді.
«Бұл процесс қашан аяқталатынын бір Құдай біледі. Естуімше, ондай мекемелерде 10-15 жыл, тіпті одан да көп уақыт емделіп жата береді. Сол кезде сот процесі бірнеше жылдан кейін ғана басталады екен. Не деген сұмдық? Бұл адам жазадан құтылып кетуі мүмкін. Біз істің тезірек аяқталғанын, оның толық жауапкершілік алғанын қалаймыз», - деді редакциямыз тілшісіне берген сұхбатында.
Отбасының мәліметінше, алғашқы сараптама күдіктінің психикалық ауытқуы бар екенін көрсеткен. Жәбірленуші тарап бұл қорытындымен келіспей, Алматыда қайта тексеру жүргізуді талап еткен. Алайда екінші сараптама да осыған ұқсас нәтиже берген.
Нұрайдың туыстары күдікті жауапкершіліктен жалтару үшін психикалық ауруды әдейі қолдан жасап көрсетуі мүмкін деп күдіктенеді. Олар сондай-ақ сараптама жасаған дәрігерлердің әрекетін тексеруді талап етіп жатыр.
«Біз жалған әрекеттің айқын белгілерін көріп отырмыз. Өйткені қылмыс жасаған адам бұған дейін қалыпты өмір сүрген, сырт көзге сау адам болған. Біздің білуімізше, ол қазір Шымкентте емес, Талғардағы психиатриялық орталықта», - деді ағасы.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаровтың айтуынша, тергеу негізгі сараптамалардың қорытындысын күтіп отыр. Олар күдіктінің қылмыс жасаған сәтте өз әрекетіне есеп берген-бермегенін анықтауы тиіс. Іс барысының егжей-тегжейі тергеу мүддесіне байланысты жарияланбай отыр.

Сұлтан Серікбай президент Тоқаевтан көмек сұрады.
«Сондықтан да ҚР президенті Тоқаев мырзаға және Президент Әкімшілігіне үндеу жолдаймыз. Нұрайдың ісін бақылауға алып, тиісті деңгейде жүргізілсе екен дейміз. Біз тек әділдікті талап етеміз!», - деді ағасы.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ҚЫЗ АЛЫП ҚАШУ ҚЫЛМЫС ПА, ДӘСТҮР МЕ?
Айта кетейік, қайғылы оқиға 11 қаңтар күні Шымкентте болған. Тергеу дерегінше, күдікті Нұрайды бірнеше уақыт бойы аңдып, кейін оған пышақпен шабуыл жасаған. Қыз алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Екі күннен кейін Түркістан облысының 28 жастағы тұрғыны Шымкенттен 10 шақырым жерде ұсталған.
Кейін белгілі болғандай, бұл шабуыл кездейсоқ емес. Туыстары күдікті қызды бірнеше ай бойы аңдығанын, сондай-ақ «алып қашу» әрекеті болғанын айтқан.
Резонанс тудырған бұл іске Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударған. 20 қаңтарда Ұлттық құрылтай отырысында ол Шымкент полициясының әрекетіне баға беруді тапсырды. Нәтижесінде қалалық полиция департаментінің басшысы қызметінен босатылып, мәжбүрлі некеге қатысты әрекеттерді елемеген қызметкерлерге қатысты «қызметтік салғырттық» бабы бойынша тергеу басталды.
Қылмыстық іс кейін ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағына — «ерекше қатыгездікпен жасалған адам өлтіру» бабына қайта сараланған. Бұл бап бойынша 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Ішкі істер министрлігі бұған дейін тергеу амалдары жалғасып жатқанын және істің егжей-тегжейі тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайтынын мәлімдеген.