Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:00

Нұрай Серікбайдың қазасы: Мәжілісмен полиция әрекетіне күмән келтірді

Нұрай
Фото: ашық дереккөз

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық істі тергеу барысында полиция тарапынан өрескел заңбұзушылықтар болуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Депутаттың айтуынша, Шымкент полициясы Президенттің Ұлттық құрылтайда берген нақты тапсырмаларын орындамай, керісінше, тергеу процесіне кедергі келтіріп отыр.

«Шымкент полициясы Президенттің Құрылтайда берген тапсырмаларын саботаж жасап отыр. Нұрай Серікбайды өлтіру ісі бойынша процессуалдық видеодәлелдердің бір бөлігі сыртқа тарап кеткен. Бұл – аса ауыр қылмыстық іс бойынша жол беруге болмайтын жағдай», – деді Мұрат Әбенов.

Осыған байланысты Нұрайдың  отбасының адвокаты Сержан Нұрпейісов те пікір білдірді. Ол желіде тараған бейнежазбаларға қатысты нақты түсініктеме бермей, қоғамды тек ресми дереккөздерге сенуге шақырды. Адвокаттың сөзінше, қазір полиция тарапынан тергеу сапалы жүргізіліп жатыр.

Еске салайық, қайғылы оқиға 2026 жылғы 11 қаңтар кешке Шымкент қаласында, Төлеметов пен Өтегенов көшелерінің қиылысындағы жаяу жүргіншілер өткелінде болған. Видеокадрларда Нұрай Серікбайдың күдіктіден қашуға тырысқаны, кейін қарсылық көрсеткені, алайда ер адамның оны ұрып-соғып, пышақпен бірнеше рет жарақаттағаны анық көрінеді. Қылмыстан кейін күдікті оқиға орнынан қашып кеткен.

Полиция бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғап, 28 жастағы жігітті  күдікті ретінде таныды. Ол Шымкенттен шамамен 10 шақырым қашықтықта, ашық аумақта ұсталды. Нұрайдың туыстарының айтуынша, күдікті Нұрайды ұзақ уақыт бойы аңдыған (сталкинг жасаған). 15 қаңтарда оның қамауға алынғаны белгілі болды.

Істің қоғамда үлкен резонанс тудыруына байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев V Ұлттық құрылтайда бұл қылмысқа жеке тоқталып, Шымкент қалалық полиция департаментінде тексеру жүргізілетінін мәлімдеді. Сол күні Шымкент ПД бастығы Нұрлан Алмасбеков, оның бірінші орынбасары және бірнеше лауазымды қызметкер қызметінен босатылды.

Ал Ішкі істер министрлігі аталған қылмыстық істің тергеуі министрліктің тікелей бақылауында екенін хабарлаған болатын.