Нұрайдың туыстары видеоны таратқан экс-полицейлерді айыптады
Қайғылы жағдайда қаза тапқан Нұрай Серікбайдың туыстары оның қатысуымен түсірілген видеоматериалдың әлеуметтік желіде таралуына байланысты шағым түсірді.
Отбасының айтуынша, аталған видеоны Шымкент қаласының бұрынғы полиция қызметкерлері жариялаған болуы мүмкін. Туыстары мұны тергеу құпиясын бұзу және қоғамдық пікірге қысым жасау деп бағалап отыр.
Әлеуметтік желілерде тараған видеода Нұрай Серікбай өзін күштеп алып қашу болмағанын, сол күні күдіктінің көлігіне өз еркімен отырғанын айтады. Сондай-ақ бейнежазбада оның ер адамға ешқандай шағымы жоқ екені де айтылады.
Аталған видеоны жариялаған экс-полицейлер кейбір БАҚ-қа берген сұхбаттарында өздерінің жұмыстан босатылуын әділетсіз деп атаған.
Отбасы адвокатының пікірі
Жәбірленуші отбасының адвокаты Сержан Нұрпейісов бұл дерек бойынша тергеу құпиясын бұзу фактісімен ресми шағым түсірілгенін мәлімдеді.
«Біз тергеу құпиясының бұзылуына байланысты арыз бердік. Енді бұл әрекетке құқықтық баға берілуі тиіс», – деді адвокат.
Оның айтуынша, қайғылы оқиғадан кейін бірқатар жоғары лауазымды полиция қызметкерлері қызметінен босатылған. Ашық дереккөздерге сүйенсек, Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы, оның бірінші орынбасары, тергеу басқармасының басшысы, Қаратау аудандық полиция басқармасының басшылығы мен тергеуші қызметінен алынған. Аталған тұлғаларға қатысты қылмыстық істер қозғалғанымен, олардың нақты баптары әзірге жария етілмеген.
Адвокаттың айтуынша, қазіргі таңда күдіктіге Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі («Адам өлтіру») және 125-1-бабы («Некеге тұруға мәжбүрлеу») бойынша айып тағылған.
Алайда жәбірленуші тарап бұл саралаумен келіспейді.
«Біз істі 99-баптың 2-бөлігінің 5-тармағына – ерекше қатыгездікпен жасалған адам өлтіру ретінде қайта саралауды талап етіп отырмыз. Сонымен қатар сталкинг бабының да қосылуын сұраймыз», – деді Сержан Нұрпейісов.
Отбасының ұстанымы
Марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай жарияланған видеода қарындасының қатты күйзеліске түскені анық көрінетінін айтады.
«Нұрайды мұндай жағдайда көру біз үшін өте ауыр болды. Оның көзіндегі қорқыныш анық байқалады. Мұндай материалды жариялау – кәсіби әрі адамгершілікке сай емес әрекет. Тергеу деректері құпия болуы тиіс. Оның үстіне экс-полицейдің сұхбат беруі тергеуге қалай көмектеседі – біз түсінбей отырмыз», – деді ол.
Айта кетейік, қайғылы оқиға 11 қаңтарда болған. Бейнебақылау камераларына түскен кадрларда ер адамның Нұрайды қуып жетіп, оның қарсылық көрсетуіне қарамастан бірнеше рет пышақтағаны көрінеді. Күдікті оқиға орнынан қашып кеткен. Ол 13 қаңтарда қала маңынан, шамамен 10 шақырым жерде ұсталды.
Кейінірек бұл қылмыстың алдын ала жоспарланғаны белгілі болды. Нұрайдың туыстарының айтуынша, оған дейін бірнеше ай бойы қудалау фактілері болған және алып қашу әрекеті тіркелген. Алайда отбасының полицияға жасаған өтініштері дер кезінде қабылданбаған.
Оқиғаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударып, 20 қаңтарда Ұлттық құрылтай отырысында полиция әрекетіне баға беруді тапсырған. Сол күні Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы қызметінен босатылды. Ал күштеп некеге тұрғызу фактісін тіркемеген қызметкерлерге қатысты салғырттық бойынша қылмыстық іс қозғалды.