Нұрбақыт Теңізбаев: Спорттың өркендеуі – халық саулығының кепілі
Былтыр президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен үш облыс құрылды: Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары құрылды.
Еліміздегі іргелі облыстардың бірі саналатын Алматы облысының орталығы Қонаев қаласына көшірілді. Дербес бөлініп шыққан өңірдің әр саласын қарышты дамыту басшылық тізгінін қолға алған азаматтардың еншісіндегі шаруа. Алматы облысы спорт саласын қалай өрістетіп жатқанын білікті балуан, Бейжің жазғы олимпиадасының күміс жүлдегері, жастар арасында әлем чемпионы Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаевтан сұрап, сұхбат алдық.
–Нұрбақыт Молдахметұлы, алғашқы сауалды өткен жылдың қорытындысына қатысты қойсақ. Алматы облысының спортшылары үшін былтырғы жыл қалай өтті?
–2022 жылы спорт саласы ғана емес, еліміз үшін тарихи оқиғаларға толы болды. Президентіміздің жарлығымен Алматы облысы бөлініп, Жетісу облысынан сырт Алматы облысы қайтадан құрылды. Мен өзіміздің өңірге қатысты айтып отырмын. Алматы облысының орталығы бұрынғы Қапшағай, қазіргі Қонаев қаласына көшірілді. Жаңа құрылған облыс болғандықтан, барлық салада да қарқынды жұмыстарды жүзеге асыру міндеті тұрды. Енді спорт саласына қатысты айтайын. Бір облыс екіге бөлінген соң сөз жоқ спортшылар да, білікті бапкерлер де екіге бөлініп, тармақталатыны белгілі. Мұның барлығы да спорттағы жетістігімізге, нәтижеге айтарлықтай әсерін тигізді. Бұл жерде мынаған баса мән беру керек. Бұрынғы Алматы облысының орталығы, қазіргі Жетісу облысының әкімшілік орталығы саналатын Талдықорған қаласындағы спорттық инфрақұрылым Қонаев қаласында жоқ. Біз былтырғы жылдың маусым айының басында көшіп келіп, іске кірістік. Жетісу облысында бөлініп қалған федерациялар, спорттық ұйымдар, мекемелерді жаңадан құрылған облысымызда ашып, іске кірістік.
–Былтырғы жылды қорытындылап, спортшыларға, бапкерлерге «Хантәңірі» сыйлығын бердіңіздер. Бұл облыс спортшыларының елішілік, халықаралық, әлемдік жарыстардағы жеткен жетістігін саралап, саңлақтардың дәрежесін көтеруден туған ой ғой.
–Әрине, барыс жылында біздің Алматы облысының 150-ден астам спортшысы өздерінің баптаған бапкерлерінің тәлімі мен төккен терінің нәтижесінде түрлі деңгейдегі жарыстардан олжа салып оралды. Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиевтің тікелей қолдауымен қаржылай сый беріп, марапаттадық. Мұндағы мақсатымыз – спортшылардың жалындаған жігерін маздатып, талабын шыңдап, сенімін қайрай түсу. Жоғарыда айтқан 150-ден астам спортшымыздан сырт бапкерлер, спорттық мекемелер де марапатталды.
Жетістікті санамалар болсақ, былтыр жастар арасында бес бірдей спортшымыз олимпиадалық һәм олимпиадалық емес спорт түрлерінен әлем чемпионы атағын иеленді. 23 жасқа дейінгі жастар арасында грек-рим күресінен өткен әлем чемпионатында Сұлтан Олжас деген балуанымыз қола жүлдемен оралды. Стенд атудан әлем біріншілігінде Іле ауданының тумасы Әсем Орынбай медальға қол жеткізді. Жас талантты қызымыз стенд атудан ұлттық құраманың мүшелігіне қабылданып, оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жүр. Әсем қызымыз үшін былтырғы жыл жемісті болды. Азия чемпионатында да қола жүлдегер атанды, әлем кубогында жеңіске жетті. Келешекте жазғы Олимпиада ойындарында еліміздің намысын қорғайтын талантты споршылардың қатарын осындай жастарымыз толықтырады деп сеніммен айта аламын. Ересектер арасында өткен Азия чемпионат, әлем кубогы сынды жарыстарда Алматы облысының оннан астам спортшысы жүлделі болды.
–Диірменнің тасындай зыр айналған уақыт жылдам өтіп жатыр. Париж жазғы олимпиадасына да бір жылдан астам уақыт қалды. Алматы облысының спортшыларын Олимпиада додасынан көре аламыз ғой бұйыртса.
–Үмітсіз шайтан, Мағжан ақын сенген «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» жастарымызға сенім артып, келешегінен үлкен үміт күтеміз. Осы жылы олимпиадалық спорт түрлеріне өтетін маңызды додалардың көпшілігі лицензиялық аламан болып саналады. Міне, осындай айтулы бәсекелерде Алматы облысының он екі спортшысы түрлі спорт түрінен Олимпиада жолдамасын иеленеді деп үміттеніп отырмыз.
–Бұқаралық спортты дамыту, ауыл-ауылда спорттық кешендердің қазығын қағып, іргесін кеңейту жайы қалай?
–Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамытып, ауыл спортын көтеру жөнінде үкіметке тапсырма беріп, үлкен міндет жүктеген болатын. Бұл мәселені үнемі жолдауында да қамтып айтып келеді. Балалар мен жасөспірімдердің спорт үйірмелеріне қатысуы тегін, қолжетімді болуын қамтамасыз етуді үнемі айтып жүр. Осыған орай біз халықтың салауатты өмір салтын ұстанып, спортты серік етуге үндейтін шараларды ұйымдастырдық. Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен, тікелей ұйытқы болуымен бұқаралық спортты дамытып, өркен жаюына серпін беретін түрлі іс-шараларды өткіздік. Алматы облысына тоғыз аудан, бір қала қарайды десек, осы өңірде 260-қа тарта әдіскер нұсқаушы жұмыс істеп, ел спортының дамуына үлесін қосып жатыр. 10 спорт бөлімімен қатар, облысымызда бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталықтары да бар. Облыстық, аудандық, ауылдық деңгейдегі іс-шараларды қамтып айтқанда былтырғы жылы облысымызда 4 мыңға жуық спорттық іс-шара ұйымдастырылыпты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша статистикалық зерттеу жүргізгенде Алматы облысы халқының 35,5 пайызы спорттық іс-шараларға қатысып, бұқараның салауатты өмірге икемделуіне үлесін қосқаны айқындалды.
Сонымен қатар спорты дамыту дирекциясы құрылды. Олимпиадалық және сурдлимпиадалық ойындарға спортшыларымыз осы дирекцияның қолдауымен аттанып, жұмыс жүйеленді. Мұндай орталық ұлттық спорт түрлерінен де құрылып, жұмысын қарқынды жүргізіп жатыр. Қонаев қаласында құрылған спорттық орталыққа олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт, ойын түрлері сынды спортқа қатысты екі мыңнан астам спортшы тіркелді. Бұған кімдер тіркелді? Жасөспірімдер, жастар, ересектер және қыздар, әйелдер арасында құрама сапына алынған облыстың таңдаулы спортшылары тіркеліп отыр. Бұдан бөлек, облысымызда жоғары спорт шеберлігі мектебі бар. Ол жерде де ел үмітін ақтайтын талантты спортшыларымыз тіркеліп, жаттығуын жалғастырып жатыр. Биылғы жылы жаңадан тағы төрт мекеме құрылып, Алматы облысының аудандарында, оған қарайтын ауылдардағы спорттық бөлім, үйірмелерге штат беріліп, бапкерлер жіберіліп, жұмыс жүйеге түсті.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың үкіметке жүктеген тапсырмасында айтылғандай, бұқаралық спортты дамыту, балалар мен жасөспірімдер спортын көтеру елдің осы саладағы бәсекеге төтеп беру иммунитетін қалыптастыратын бірден-бір жол. Жаңа айттым, былтырғы жылы біздің облысымызда түрлі деңгейдегі 4000-ға тарта спорттық сайыс, ойын-сауықтыру іс-шаралары өтті. Биыл да бұл межеден түспейміз деп санаймын. Бүгінгі күнде біздің облысымызда күн сайын 100-ге тарта спорттық іс-шара ұйымдастырылады. Мұның ішінде облыстық деңгейдегі шаруа бөлек жүзеге асырылады. Біз осындай електен өткізіп, іріктелген спортшыларды дирекцияға табыстаймыз. Ол жерде ұлттық құрама сапына қабылдануға мүмкіндік жасалады.
–Биылғы жылы Олимпиадалық спорт түрлерінен ірі додалар өтеді. Мысалы, күрес түрлерінен күзде әлем чемпионаты, жазғы Азия ойындары және бар. Осындай айтулы аламандарда Алматы облысының да спортшыларынан үлкен үміт күтетініміз анық.
–Дұрыс айтасыз, күрес түрлерінен де келер жылы өтетін Париж жазғы Олимпиадасына лицензия тарататын әлем чемпионатының маңызы жоғары. Одан кейін төрт жылда бір мәрте ұйымдастырылатын жазғы Азия ойындарына қатысуға үмітті спортшыларымызды оқу-жаттығу жиындарына жіберіп, тәжірибе алмасып, талабын шыңдасын деп түрлі халықаралық жарыстарға қосып, әзірліктен өткізіп келеміз. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев спортта жоғары жетістікке жетіп, Қазақстан чемпионатында олжа салған, Азия, әлем біріншіліктерінде медаль иеленген спортшыларға стипендия тағайындап, жалақы төлеп, қаржылай қолдау көрсетуде аянып жатқан жоқ. Спорт мектептері мен мекемелері құрал-жабдықпен толықтай қамтамасыз етілген. Мүмкіндігі шектеулі спортшыларымызды сайыстарға, жаттығу залына таситын инва такси көліктер, мектептердегі балаларға микроавтобус алып, транспортқа деген қажеттілік шешілген.
–Ауыл, аймақ, шалғайдағы елді мекендерде ел спортын көтеру үшін спорттық орталық, кешен салынуы тиіс. Сонда ғана бұл саланың тамырына қан жүгіріп өркендейді.
–Облыста тоғыз спорттық сауықтыру кешені ашылып толыққанды жұмыс істейді. Мұндай кешен аудан орталықтарында салынды. Заманауи үлгіде салынған кешенде түрлі дәрежедегі халықаралық турнирлерді өткізуге де болады. Барлық үдеден шығады. Міне, осындай спорттық сауықтыру кешені Қаскелең, Талғар, Есік қалаларында, Кеген, Райымбек, Жамбыл, Балқаш, Іле аудандарының орталығында да бар. Бүгінгі күнде Шелек ауылында және Шонжы ауылында осындай спорттық сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Одан бөлек, халық саны тығыз орналасқан іргелі ауылдарда, әсіресе шекаралық аймақтағы елді мекендерде шағын төрт спорт кешенінің де құрылысы қарқынды атқарылуда. Осы жылы да шағын спорт кешені алты ауылда салынатыны айтылды.
–Спорт мектебін бітірген жасөспірімдердің оқуын жалғастыруға мектеп-интернат колледж керек. Алматы облысы бөлінгенге дейін екі бірдей спорт колледжі болды. Екеуі де Жетісу облысына тиесілі. Демек, уақыт сұранысына сай колледж ашу қажеттігі туындайды деген сөз.
–Облыс бөлінгенге дейін екі мектеп-интернат колледж Талдықорған қаласында және Лепсі ауылында болды. Алматы облысына да спорттағы дарынды балалардың шоғырландыратын осындай білім ошағы керек деген мәселе де талқыланып, құжаттамалық жұмыстары жүзеге асырылуда. Бұл шаруа да оңынан шешіледі деп сенім артып отырмыз. Басқа да спорттық базалар, ұлттық спортқа қатысты инфрақұрылымдарды салу, жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Биылғы жылы да біздің өңірде халықаралық дәрежеде спорттық сайыстар өтеді. Стенд атудан әлем кубогы, мото спорттан әлем чемпионаты, бірнеше спорт түрінен Азия чемпионаты, ұлттық спорттан да байрақты бәсекелер өтеді. Қорыта айтқанда, биылғы жылы да артылған сенім, жүктелген міндет, атқарылар шаруа орасан.